Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия атқарған сан салалы жұмыстың қатарында осыған дейін әлі де болса, зерттелмей келе жатқан мәселенің бірі – үркіншілік немесе босқыншылық жөнінде комиссияның республикалық жұмыс тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Раушан Қайсақызы АЙДАРБАЕВАНЫ әңгімеге тартқан едік.
– Раушан Қайсақызы, алдымен үркіншілік яки босқыншылық мәселесіне түсініктеме беріп, бұл тақырыптың зерттелмеген қандай бағыттары бар екеніне тоқтала кетсеңіз.
– Ең алдымен, Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия үш жыл ішінде өте маңызды, ауқымды істерді атқарғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде елімізден 1920-1930 жылдары еріксіз, мәжбүрлі түрде шетелдерге кеткендердің, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған босқындар тағдырын, тарихын зерттеу жұмыстары да тыңғылықты жүргізілді.
Большевиктік-сталиндік идеология мен насихатқа негізделген кеңестік тарих ғылымы, сондай-ақ посткеңестік кезеңдегі жергілікті ғалымдардың қазақ жерінде орын алған жаппай босқыншылықтың шынайы себептерін бүркемелеп, тұрғылықты жерін тастап, республикамыздан тыс жерге кетуге мәжбүр болған адамдарды «откочевник» – «ауа көшушілер», «қоныс аударушылар» деп атап келді.
Бұл мәселеге көзқарас Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін ғана түбегейлі өзгерді. Комиссия қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе, сонымен қатар стратегиялық және тактикалық жоспарларды әзірлеу мақсатында құқық қорғаушы ғалым С. Қасымовтың басшылығымен әдістеме жөніндегі кіші комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссияның ұйымдастырушылары мен жаңа әдіснама авторлары жаппай қуғын-сүргінді зерттеу аясында мәжбүрлі босқындар бойынша жұмыс тобын жасақтады. Үш жыл үздіксіз жұмыс істеген маман-ғалымдар бұған дейін жабық болып келген мұрағат материалдарымен таныса отырып, сондай-ақ бұрын зерттелмеген өңірлік, аудандық мұрағаттар негізінде ХХ ғасырдың бірінші жартысында орын алған босқыншылық қазақ халқының басындағы аса ірі трагедия болды деген қорытындыға келді.
Халқымыздың басынан өткен осы қасіреттің әлі де болса толық ашылмаған жақтары бар. Біз Отанымыздан тыс жерлерге мәжбүрлі түрде қашудың саяси себептерін, аштықтан, суықтан, аурудан қырылған адам санын, әсіресе, балалар мен қарттар арасындағы шығынды әлі толық зерттеп біткен жоқпыз. Мәжбүрлі босқыншылықтың ұлтымызға тигізген материалдық және моральдық зияны сынды толғақты мәселелердің де әлі күнге дейін басы ашық.
Жалпы, үркіншілік немесе босқыншылық дегеніміз – қалыптасқан саяси-әлеуметтік, экономикалық және табиғи-климаттық ауыр ахуалдарға, апаттарға байланысты адамдардың атақоныстарынан, тұрғылықты мекендерінен амалсыз босып, басқа жаққа мәжбүрлі көшуі. Босқыншылықтың азапты ахуалын қазақ халқы ХХ ғасырда екі рет бастан өткерді. Үлкен босқыншылық 1916-1921 жылдары болды. Ұлт-азаттық қозғалыстың аяусыз басып-жаншылуы, 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы мен 1921 жылғы аштық кезінде қазақтар босқыншылыққа ұшырап, аса қасіретті кезеңді бастан кешті.
Ал аса ауқымды, жан түршіктірер алапат босқыншылық қазақ жерінде 1928-1934 жылдары көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларының малын жаппай тәркілеу, зорлап отырықшыландыру, күшпен ұжымдастыру және халық көтерілістерін қару қолдану арқылы жаныштау барысында орын алды. Соның салдарынан қазақ даласында жаппай аштық басталып, халықтың бір бөлігі жан сауғалап, өзін, отбасы мүшелерін, туған-туысқандарын өлімнен, қудалаудан сақтау үшін шекара асып, босып кетуге мәжбүр болды. Оларға ресми билік «откочевники», «укочевники», кеңес өкіметіне қарсы «бандформирования» деген жалған атау беріп, сол арқылы қазақ халқының басындағы үлкен қасіретті жасырып қалуға тырысты. Бұл Ф.Голощекин айтқандай, «көшіп үйренген қазақтардың дәстүрлі көшуі» емес еді. Қыстың көзі қырауда мал-жанынан айрылған, жұпыны жеңіл киінген қазақтардың солтүстікке қарай босуының өзі мәжбүрліктен болғандығын дәлелдейді.
Босқын мәртебесі туралы конвенция 1951 жылдың 28 шілдесінде қабылданғаны белгілі. Оның негізіне 1920-1930 жылдары Женевада қол қойылған орыс және армян, сонымен қатар Германиядан келген босқындар туралы келісімдер мен хаттамалар алынған. Осыған сүйене отырып, қазіргі Конвенцияға негізделген босқындардың мәртебесі мен құқықтары туралы халықаралық актілер қазақ халқы үшін қасіретті кезеңде қабылданып қойғанын білуге болады, бірақ олар біздің босқындарға қолданылмады. Бұл кеңес өкіметінің қазақ жеріндегі жаппай саяси қуғын-сүргін, кейбір жерде болған жұт, аштық салдарынан туындаған жаппай босқыншылық фактілері туралы ақпараттың таралуын болдырмау жөніндегі саясатына негізделді. Қазақ босқындарының мәртебесі туралы мәселе ұзақ уақыт билік назарынан тыс қалды. Тек Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үрдісі барысында босқындар санаты алғаш рет зерттеу нысанына айналып, оларға толық саяси баға беру мүмкіншілігі туды. Босқындар да большевиктік-cталиндік биліктің жаппай саяси қуғын-сүргінінің құрбандарының санаттарына күмәнсіз кіріп отыр.
– Мәжбүрлі үркіншіліктің себептеріне кеңірек тоқталып өтсеңіз. Босқыншылық еліміздің қай аймақтарын қамтыды?
– Жалпы, үркіншілік аумағы өте кең болғанын айрықша атап кеткен жөн. Босқыншылыққа ұшырамаған аймақ жоқ, оның себептері барлығына ортақ. 1928 жылдың 9 тамызында қабылданған Бүкілресейлік коммунистік (большевиктік) (БРК(б)П) Орталық Комитетінің (ОК) «Шаруашылықтарды тәркілеу және аса ірі мал өсірушілерді жер аудару туралы», 1928 жылғы 27 тамыздағы Қазақстан Өлкелік атқару комитеті мен Халық комиссарлар комитетінің «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреттерінің аса ауыр зардабы болды. Бұл шаралар қазақтың дәстүрлі шаруашылығына қатты соққы болып тиді.
Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу деген сылтаумен олардың мал-мүлкі талан-таражға түсті. Сондай-ақ өз күндерін өздері көріп отырған, қазақ шаруаларының ең еңбекқор тобы – орташа шаруалар да қудалауға ұшырап, тіршілік құралдарынан ажыратылды. Күштеп жасалған ет, астық, мал дайындау науқандары, салық салу саласында орын алған өрескел бұрмалаушылық халықтың жағдайын күрт нашарлатты. Содан кейінгі ұжымдастыру мен отырықшыландыру шаралары орасан зор қасіретке алып келді, ел ішін жаппай аштық жайлады. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында адам құқықтары аяққа тапталды: олар тіршілік ету құралдарынан ажыратылды; меншіктерінен, дауыс беру және азаматтық құқтарынан күштеп айырылды; еркінен тыс туған жерінен жер аударылды; жазалау органдары адамдарының қолдарымен негізсіз соттау әрекеттері жиі орын ала бастады. 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексінің 58, 82, 84, 59-3-баптары бойынша жауапқа тарту күрт өсті.
Мұқтаждық қуған адамдар тобы бір ғана мақсатпен – тірі қалу үшін тұрғылықты мекендерін тастап қалаларды, кенттерді, теміржол стансаларын жағалап кетті. Босқындар арасында індет аурулары тарап, аштықтан әлсіреген адамдар көптеп қазаға ұшырады. Ал шекаралық аймақ тұрғындары көршілес, сондай-ақ шет мемлекеттер (Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Иран, Түркия) аумағына шұбыра көшті. Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (ОГПУ) толық емес мәліметтері бойынша, тек 1930 жылдан 1932 жылдың маусымына дейінгі аралықта елімізден жаппай қуғын-сүргінге, аштыққа байланысты тұрақты, тұрғылықты жерін тастап 281 231 шаруашылық босып кеткен, бұл шамамен 1 124 924 – 1 406 155 адамды құрайды.
Қазақтардың іргелес өңірлерге көшіп барып қоныстануына нақты дәлел болатын деректер 1926 және 1939 жылғы санақтарда келтірілген. Осы екі аралықта қазақтың өз жерінде саны азайып, ал керісінше РСФСР-дағы қазақтар саны 2,3 есе, Өзбекстанда – 1,7 есе, Түрікменстанда – 6 есе, Тәжікстанда – 7 есе, Қырғызстанда 10 есе өскен.
Мемлекеттік комиссияның осы мәселемен айналысқан жұмыс тобының мүшелері отандық, шетелдік архивтердің бұрын беймәлім болған құжаттарымен таныса келе, Қазақстаннан тыс жерге босып кеткен халықтың саны шамамен 1 млн 800 мың – 2 млн адам аралығында деген тұжырым жасап отыр. Шындығында, бұл мәліметтерді толық деп айта алмаймыз, босқындар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.
– Елімізден тыс аймаққа кеткен босқындардың жағдайы туралы мәліметтер бар ма? Жаңа жерлерде олардың әлеуметтік бейімделу үрдісі қалай жүрді?
– Архив деректері көршілес аймақтарға ауып барған қазақ босқындарының аянышты жағдайынан мол мәлімет береді. Мысалы, Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қорған, Түмен, Омбы, Новосібір, Челябі және Алтай өлкесі аумағына қашқан қазақтардың шығу аумағы Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан облыстары болды. Әрине, оларды ешкім құшақ жайып қарсы алмағаны белгілі. Архив деректерінде «1930 жылдың көктемінде, қар көбесі сөгілген кезде жол бойынан аштықтан әлсіреп құлап, аязда үсіп өлген қазақтардың мәйіттері көптеп табылып жатыр» деген мәліметтер жиі кездеседі. Қыстан аман шыққан босқындардың да жағдайы өте қиын болды. Босқындардың басым көпшілігінің орыс тілін білмеуі олардың жұмысқа орналасуына кедергі жасады. Сонымен қатар жұмыс күшінің жетіспеуіне қарамастан, «қазақтарды жұмысқа алмау» туралы бұйрықтар жиі кездеседі. Жұмысқа орналасқан күннің өзінде де жалақы мен азық-түлік пайктері жеке өнімділікке байланысты болды, ал аштықтан әлсіреген босқындардың өндіріс нормасын орындауға күштері келмеді.
«Көшпелі халықтарды социализм рельстеріне көшіру» саясатының нәтижесінде көптеген адам зардап шекті. Бірақ солардың ішіндегі ең қорғансызы балалар болды, аштық пен жаппай босқыншылық салдарынан жетімдер мен тастанды балалардың саны күрт өсті. Мысалы, 1932 жылы наурыз-сәуір айларында Орта Еділге барған Бүкілодақтық орталық атқару комитеті (БОАК) жанындағы Балалар комиссияның бригадасы Орта Еділ өлкесінің 11 ауданында 50 мың босқын қазақтың бар екенін, олардың 30 пайызы балалар екенін анықтаған. Балалардың санитарлық-тұрмыстық жағдайы жантүршіктірерлік аса ауыр болды: олар ылғалды, қараңғы қираған жеркепелерде өмір сүрді, басым бөлігінің киерге киімі жоқ, жалаңаш, аштықтан ісініп кеткен. Комиссия балалар арасында өлім-жітімнің аса жоғары екенін және оның 85 пайызы аштықтан болғанын дәлелдеген.
Босқындардың тағы бір басты бағыты Қытайдың Шыңжаң өлкесі болды. ОГПУ-дың Құпия-саяси бөлімінің «Қазақстаннан Қытайға көші-қон туралы» 1931 жылдың қазанындағы арнайы анықтамасында шекаралық белдеудегі халықтың босқыншылыққа ұшырауының басты себептері аталған: түрлі шаруашылық науқаны кезінде орын алған асыра сілтеушілік, тұрғындарды өнеркәсіп тауарларымен қамтамасыз етуде жіберілген олқылықтар, кеңестік билікке қарсы топтардың белсенділігінің артуы.
Шығыс Қазақстан облысының Қытаймен шектесетін Зайсан, Тарбағатай, Катонқарағай, Күршім, Үржар, Мақаншы аудандарынан босқындардың саны 1930 жылға қарай өсіп, шекара маңындағы елді мекендер қаңырап, бос қала бастады. Бір ғана Зайсан ауданынан 1930 жылы Қытайға шамамен 1 238 отбасы көшіп кетті, бұл аудандағы халықтың үштен бір бөлігі еді. Жалпы елдің шекаралық аумақтарынан 1930-1932 жылдары Қытайға кем дегенде 200 мыңға жуық босқын өтіп кеткен.
Босқындардың бір бөлігі шекара асу кезінде жергілікті құпия полиция (ОГПУ) тарапынан адам сенгісіз жауыздықтың құрбаны болды. Катонқарағай, Тарбағатай, Зайсан аудандарында әскерилер тарапынан босқындарды жаппай қыру әрекеттері жиі орын алды. Шекаралық аймақта ашық террор басталды. ГПУ-дің Шекара күзеті және әскері басқармасының 1931 жылдың 28 ақпанындағы баяндамасында «1930 жылы Қазақстан шекарасында босқындармен қақтығыс кезінде 734 адам өлтірілді, 38 адам жарақат алды, ал шекарашылар тарапынан шығын – 24 адам, 15 жараланды» деген мәліметтер келтірілген. Кеңес әскерлері босқындарды Қытай жерінде де қудалап барып, қырып отырғаны туралы мәліметтер бар.
– Қазіргі күні босқын санатындағы құрбандарды толық құқықтық, саяси ақтау үшін заң жобаларын әзірлеу қажет деп санайсыз ба?
– Әрине. 1993 жылғы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қуғын-сүргіннен зардап шеккендер санатына босқындарды жатқызбайды. Сондай-ақ 2009 жылдың 9 желтоқсанында қабылданған «Босқындар туралы» заң да тек республика аумағына пана іздеп келген шетел азаматтарының құқықтық мәртебесін, мемлекеттік қолдау шараларын айқындап берумен шектеліп, босқындардың құқықтық мәртебесі реттелмеген. Еліміз кеңес өкіметінің адамгершілікке қарсы қылмыстық саясатының жазықсыз құрбаны болған қазақ босқындары мен олардың ұрпақтарының тағдырына, олардың құқтарын қалпына келтіру мәселесіне әлі де болса немқұрайды қарап келеді. Осы олқылықтың орны толтырылуы керек. Мемлекеттік комиссияның заңгер ғалымдары мен сарапшылары «Қазақстаннан кеткен мәжбүрлі босқындар туралы» заң жобасын жасады. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін нәтижесінде босқындар мен олардың ұрпақтары жоғалтқан барлық ажырамас құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіру қажет.
– Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының қызметі барысында қиындықтар, әлі де шешімін таппаған мәселелер бар ма?
– Мемлекеттік комиссияның Жобалық кеңсесінің басшылығымен қыруар жұмыс жүзеге асырылды. Жобалық кеңсенің басында С. Қасымов сияқты өз ісіне адал, қуғын-сүргін проблемаларын ұзақ уақыт, жан-жақты зерттеген маман, алға қойған мақсатқа жете білетін, беделді басшының болуы да шешуші рөл атқарды.
Дегенмен, кейбір басы ашық мәселелердің бар екендігін мойындауымыз керек. Жұмыс тобы мүшелеріне архивтердің құпия қорларында жұмыс істеуге рұқсат етілгенімен, табылған құжаттарды құпиясыздандыру үрдісі баяу жүріп жатыр. Сонымен қатар әлі де болса зерттеушілер үшін кейбір қолжетімсіз құжаттар мен қорлар бар. Тағы бір мәселе – архив материалдарын орталықтандыру мақсатында облыстардағы қуғын-сүргінге байланысты материалдардың басым бөлігін Алматы қаласындағы Президент архивіне алып кетуі өңірлердегі ғалымдардың жұмысына кедергі болды. Соның салдарынан қазіргі таңда аумақтық ғалымдар мен зеттеушілер, қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың ұрпақтары ата-бабаларының тағдырына қатысты құжаттарымен танысудан жасанды түрде қол үзіп отыр.
Облыстық және аудандық архивтерде сақталған 1920-1930 жылдарға қатысты құжаттардың бір бөлігі төте жазумен жазылған, бұл құжаттардың жағдайы аса мүшкіл. Архивтерде араб әліпбиімен таныс бірде-бір маман кездеспеді, мазмұны түсініксіз болғандықтан архив мамандары тарапынан немқұрайдылық басым. Аталған құжаттардың жағдайы аса мүшкіл, жойылып кету қаупі бар. Олар негізінен қазақ халқының тарихына тікелей қатысы бар екендігін ескерсек, төл тарихымызға қатысты маңызды мәліметтерден айрылып қалуымыз мүмкін. Жергілікті архивтерде қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар, араб графикасымен жазылған, нағыз құнды ақпараттар мен мәліметтер түгенделіп, ғылыми маңызы бар құжаттар Президент архивінің қарамағына өтуге тиіс. Мамандандырылған ғылыми мекемелер тарапынан осы мәселеге жіті көңіл аударылуы қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жомарт ОСПАН,
«Egemen Qazaqstan»