• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Президент 01 Маусым, 2024

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз озық технологиялар көшінің басында болуымыз керек

162 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесіп, осы салаға қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.

– Бүгін сіздермен Ғылым ордасында жиналып отырмыз. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы, – деп сөз бастаған Президент біраз жылдан бері жөн­деу көрмеген ғимараттың қайта жаңарғанына қуанышын білдірді.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді. Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымы еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тари­хында жазылған біртуар тұл­ғала­рымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ, – деп ой сабақтады.

Жиында ғылым саласына қа­тысты мәселелер жан-жақты тал­қы­ланды.

Мемлекет басшысы шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынын, бізге инженерлер, өнертапқыштар қажет екенін жеткізді.

– Мамандарымыз әлемдік бә­секеге төтеп бере алатындай бі­лімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен ин­новация оның басты тірегі болуға тиіс.Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе ме­нің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Пар­ламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұл­дады. Бұл – өте маңызды әрі көп­тен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ға­лымдарға әлеуметтік қолдау көр­сету мәселесі де өте маңызды. Сон­дықтан Заңда ғы­лыми қа­уымдастық мүддесі барынша ес­керілетін болады, – деді ол.

Қазір мемлекет тарапынан отандық ғылым үлкен қолдауға ие. Мәселен, жыл санап ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайған. Білікті мамандар даярлауға арнал­ған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейген. Бүгінде елімізде әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Алдағы таңда тағы бірнешеуі ашылмақ. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер қатары артты. Сондай-ақ технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылды. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді. Осыны баяндай келіп Қ.Тоқаев шетелге сапарға шыққанда ғалымдармен жиі кездесіп, оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақыратынын айтты.

– Өткен аптада сингапурлық ғалымдармен және ондағы жоғары оқу орындарының ректорларымен арнайы жүздестім. Енді Сингапурда ғылыми кадрларымызды оқытатын болдық. Жалпы, Сингапур сияқ­ты экономикасы озық елдерден көп нәрсе үйренуге болады. Пост­­индустриалды дәуірде әлемге ашық болу және инновацияға ұм­тылу кез келген елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды фактор саналады. Сондықтан үздік халықаралық тәжірибені мұқият зерттейміз және одан үлгі аламыз. Озық технологиялар мен идеяларды енгіземіз, – деді.

Сонымен қатар Президент теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен теңқұқықты және өзара тиімді қатынас орнату керек екенін атап өтті.

– Біз серіктестікке баса мән береміз. Арамызды ажыратып, сенімге сызат түсіретін қабырға тұрғызу үшін емес, ынтымақтастық пен өзара түсіністікке бастайтын көпір салу мақсатында жүйелі жұмыс істейміз. Алайда қазіргі уа­қытта жанжалдар мен соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда мұндай сындарлы саясат жүргізу өте ауыр. Ол үшін табандылық пен сабырлық керек. Дипломатия мен диалог жолын ұстана отырып, біз үйлесімді әрі әділетті халықаралық құрылым құруды жақтаймыз. Біз ел ішінде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ қандай да бір саяси жағдайдың ығына жығылмай немесе бөтен пікірлерге ермей, ұлттық мүддемізді көздейтін теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырмыз. Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді қарқынды дамыту – басты міндет. Мен әрдайым осы негізгі қағидатқа баса мән беремін. Бес жыл ішінде біз саясат пен экономикадан бастап, мәдениет пен білім беру ісіне дейінгі барлық маңызды салалар бойынша ауқымды әрі институционалды өзгерістерді жүзеге асыра алдық. Ең бастысы, біз халықтың бойындағы шынайы өзгерістерге деген сенімді ояттық. Біз өз бағытымыздан қайтпаймыз. Қолға алған реформалардың бәрін жоспарлы түрде іске асыра береміз, – деп ойын түйіндеді.

Еліміздің стратегиялық бағдары мемлекеттілігімізді нығайтуға және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Сондықтан еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсініп, реформалардан шет қалмағаны абзал. Пре­зидент кездесуде жас ұрпақ жаң­ғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан рефор­малардың игілігін толық сезінуі қажет екенін баяндады.

– Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші.

Халқымыз қашанда жаңа­шылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығар­машылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен. Бү­гінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азамат­тардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәде­ни әралуандылығы ұлттық біре­гейлігіміз бен қазақтың «жұмсақ күші» дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бірауыз сөзбен қазақтың «жұмсақ күші», яғни «soft power» деуге болады, – деді Мемлекет басшысы.

Заманында Шоқан, Абай, Әли­хан, Ахмет, Қаныш сияқты арыс­тарымыз зиялылығымен талайды таңғалдырған. Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлға­ларымыз арқылы қалыптасты. Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп, қандай ортаға да жылдам бейімделеді. Мемлекет басшысы халқымыздың осындай асыл қасиеттеріне де тоқталды.

– Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, ал­ғырлық пен жасампаздық – қа­ны­мызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пай­далана білуіміз керек. Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім «Жас көңіл­де жарық бар», деп айтқан. Жас­тарымыз жасампаз және жаңашыл болуы керек.Жастық шақ – уа­қытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы. Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазуға кіріс­кен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан. Жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн. Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады, – деп ой қорытты.

Сондай-ақ Қ. Тоқаев жаһандық полюстер мен мемлекеттер арасында күшейе түскен бәсекелестік – жаңа дәуірге қадам басқанымыздың айқын дәлелі екенін мысалға кел­тірді.

– Бұрын елдің әл-ауқаты аума­ғының көлеміне және халқының санына байланысты болса, қазір технология мен адам капиталының сапасы алдыңғы қатарға шықты. Мысалы, ХІХ ғасырдың басында Жер шары халқының үштен біріне жуығы Қытайға тиесілі болған. Бұл елдің әлемдік эконо­микадағы үлесі де осы шамада еді. Алайда ХХІ ғасырдың басына қарай жағдай түбегейлі өзгерді. Дүниежүзі халқының 5 пайызы ғана тұратын АҚШ әлемдік ІЖӨ-нің 20 пайызын иеленді. Бүгінде экономикалық бәсеке геосаяси күрестің кезекті кезеңіне ұласты. Осы орайда инновацияның маңызы арта түседі. Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет. Әйтпесе, сағым қуып жүре береміз. Қолда бар ре­сурс­тың бәрін және бәсекелестік жолындағы артықшылығымызды толықтай пайдалану маңызды. Жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмай­ды.Табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғы­лыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұ­мылдыру керек. Бұл ретте ғалым­дарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс, – деп сөз сабақтады.

Экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет екені анық. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы бағытта, ең алдымен, қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға назар аудару керек деді. Осы орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқармақ.

– Білімге негізделген экономика жоғары технологиялық бизнес туралы пікірімізді түбегейлі өзгертті. Бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көп­тігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналады. Ал ол жастардың, өзгерістерден қорықпайтын табанды әрі батыл адамдардың, соның ішінде ға­лымдардың қолынан келеді. Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бас­тайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін. Өз мүмкіндігімізді мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициямызды нықтай түсу қажет. Қаржы технологиясы мен электронды үкімет салаларын дамытуда айтарлықтай ілгеріледік. Алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет.Қазір әлем экономикасындағы озық технологиялардың үлесі артып келеді. Сарапшылар оның көлемі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді деп болжап отыр. Біз осы көштің басында болуымыз керек. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы орнықты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ еліміздің тех­нологиялық тәуелсіздігін сақтауға ықпалын тигізеді, – деді.

Қазір осы саланың инфра­құрылымын дамыту үшін нақты шаралар қолға алынған. Супер­компьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның игілігін мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те көреді. Қ.Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

– Сондықтан білікті маман­дардың қатарын көбейту керек. Жоғары оқу орындары бұл жұ­мыспен мықтап айналысуы қажет. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің білім беру үдерісінде практикаға басымдық беріледі және студенттердің жаңа­шылдыққа ұмтылып, стартаптар әзірлеуіне жағдай жасалған. Еліміз­дің оқу орындары осындай әдістен үлгі алуы керек деп ойлаймын.

Машиналық үйретуді дамыту маңызды. Бұл сараптама жасау және мұқият пысықталған шаралар қабылдау үшін озық тәсілдерді игеруге ықпал етеді. Бірақ аталған технологияны кең көлемде енгізумен қатар мұқият зерделеуді және жауапкершілікті қажет ететін жаңа сын-қатерлер де пайда болады. Ең алдымен, жасанды интеллектіні дамыту, қолдану ісінде ашықтық пен этикаға сай болу мәселелеріне баса мән берген жөн. Ал деректердің тарап кетуі – өз алдына бөлек қауіп. Цифрландыру дәуірінде мәліметтер саф «алтынға» айналады. Сондықтан оларды толыққанды қорғау мә­селесінің маңызы зор. Бүгіннен бастап киберқауіпсіздік саласында маман даярлап, озық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет.Жалпы, қазір көз алдымызда әлемдік экономикада технологиялық тұрғыдан айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Ғаламдық деңгейде энер­гияның жаңартылатын және ба­ламалы түрлерін көбірек пай­да­лануға негізделген қуат көзіне көшу қарқын алды, – деді.

Сонымен қатар Президент Қазақстан 2060 жылға қарай көмір­тегі бейтараптығына қол жеткізуге ниетті екенін тілге тиек етті. Алайда ол үшін біз экономиканы терең трансформациялауымыз керек.

– Бұл күрделі үдеріс зор сын-қа­термен қатар жүреді. Таяу бо­ла­шақ­та еліміз электр энергиясының тапшылығын айтарлықтай сезінуі мүмкін. Аталған мәселе жағдайды ушықтыра түседі. Кейбір болжамдар бойынша нақты шешімдер қабылданбаса, 2030 жылға қарай энергия қуатының тапшылығы алты гигаватқа жетеді. Бұл эконо­микамыздың даму қарқынын едәуір бәсеңдетіп, тұрғын үй-ком­муналдық саласын дағдарысқа әкеп соқтырады. Ол халқымыздың тұрмысына кері әсер етеді. Про­блеманы шешудің бір жолы атом энергетикасы болуы мүмкін. Энергетикалық сектор өкілдері осы амалды бірауыздан қолдайды. Қазақстан табиғи уран өндіру кө­лемі бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның ком­поненттерін өз елімізде өндіреміз. Бұл – бәсекелестіктегі біздің бас­ты артықшылығымыз. Оны пайдалана білуіміз қажет. Аталған мәселені қоғамда және кәсіби ортада кең ауқымда әрі жан-жақты талқылау керек. Бірақ популизм мен дау-дамайға жол беруге болмайды. Ғылыми қоғамдастық бұған қомақты үлес қосып, объективті және прагматикалық қағидаттарға негізделген салмақты пікір айтады деп ойлаймын. Ядролық энергетиканы құруға қатысты соңғы шешімді халық жалпыұлттық референдум арқылы қабылдайды, – деп ой қорытты.

Жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамыту жағдайында экономиканы әртараптандыруға баса мән беру керек. «Жасыл» сутегі өндірісінде әлеуетіміз мол. Қазірдің өзінде бұл салада серпінді жобаларды жүзеге асыру көзделген. Осыны айта келіп Президент мұнай химия­сында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажет екенін айтты.

– «Жасыл» экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек және сирек кездесетін металдарға сұранысты арттырады. Мысалы, сарап­шылардың бағалауынша, кө­мір­тегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық барлау жұ­мыс­тарының ауқымын кеңейтіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжі­ри­бені енгізу қажет.Машина жасау бағытының болашағы зор. Елі­мізде көлік құрастыратын бір­қатар кәсіпорын жұмыс істейді. Жергілікті өндірістің үлесін және технологияның импортын арттыру керек, – деді ол.

Сондай-ақ отандық медицина, фармацевтика, биотехнология саласындағы ғалымдарымыздың әлеуеті өте жоғары. Бүгінде елімізде сұранысқа ие препараттардың баламасын, вакциналарды және басқа да медициналық өнімдерді өндіруге қабілетті ірі кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр. Сондықтан Мемлекет басшысы халықты отандық медициналық бұйымдармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін кезең-кезеңімен көтеру маңызын сөз етті.

«Біз осы салада халықаралық деңгейдегі жетекші компаниялармен қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Отандық денсаулық сақтау саласының дамуы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығынан көрінеді. Қазақстанда бұл меже 75 жастан асты. Бірақ осы көрсеткіш бойынша әлемдегі жетекші елдерден ондаған жылға артта қалып қойдық. Бұл – біз ұмтылатын мақсаттың бірі», деді ол.

Қазақстан агроөнеркәсіп ке­шенін дамытуда мол әлеуетке ие әрі аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алады. Президент өкінішке қарай, бұл – алға қойылған мұрат қана екенін айтты. Ол үшін көп жұмыс істеу керек.

– Ауыл шаруашылығындағы бар­лық мүмкіндікті іске асыру мақ­сатында еңбек өнімділігін едәуір арттыру қажет. Сондықтан аграр­лық ғылымды дамытудың, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізудің мәні зор. Ғалымдарымыз малдың тұқымын асылдандырумен айналысып, климатымызға бейімделген, мол өнім беретін әрі қуаңшылыққа төзімді өсімдік сұрыптарын шы­ғарып жатыр. Бұл жұмысты барынша күшейту қажет.Еліміздің орасан зор көлік-логистикалық әле­уетін тиімді пайдалану керек. Транскаспий халықаралық көлік бағыты әлемдік саудада мол мүмкіндіктерге жол ашады. 2027 жылға қарай осы дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Еліміздің Еуразиядағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін нығайту үшін автокөлік, әуе және теміржол тасымалын дамытқан жөн, – деді.

Жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың Аты­раудағы отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырғанын айтып өтті. Бұл кемінде 12 мың ша­қырым автожолды қамтиды екен.

– Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күре тамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды. Тағы да қайталап айтамын – сапалы жолдармен. Ашығын айтсақ, жолдардың сапасы сын көтермейді әрі бұл мәселе жиі көтеріледі. Жол сапасының нашарлығына қатысты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы, саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұм­салуы керек. Бұл қазір басым міндет. Мәселен, Қызылорда – Жезқазған автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмысы бірқатар аймақтың, оның ішінде, жаңадан құрылған Ұлытау облысының дамуына тың серпін беруі керек еді. Бірақ жөндеу жұмыстары өте нашар жүргізілген. Халық ондаған жылдан бері жолдың  жақсарғанын күтіп отыр.

Бір жағынан, еліміздегі авто­көлік жолдарының жай-күйіне объективті мониторинг жүр­гізі­луге тиіс. Нақты ахуалды ай­қын көрсететін тың тәсілдерді ой­ластырған жөн. Жол құрылысы және реконструкция жұмыстары кезінде барлық қажетті құзыретке ие, нарықтағы беделі мінсіз, жауапты отандық және шетелдік ком­паниялардың әлеуетін барын­ша пайдалану керек. Бұл іске ашықтан-ашық демпингпен айналысатын жалған компанияларды тартудың қажеті жоқ. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес, – деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Автомагистральдарды пайдалану ісіне бақылауды күшейту қажет екенін жеткізді.

– Жол жабындысын бұзатын бірнеше тонналық жүк көліктеріне айып­пұл салу керек.Қаржы құ­йып қана қоймай, ғылымның да жетістіктері қолданылатын жоба болғандықтан жоғары сапалы көлік магистралі кез келген дамыған елдің жарқын келбеті саналады. Сондықтан жол саласындағы қазақ­стандық компаниялар ғы­лыми тәсілді қолдануға және ин­новацияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктерді толық пайдалануы қажет.Жалпы, білімге негізделген экономика құру үшін ғылыми мекемелер мен бизнестің өзара тығыз байланысын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыс барысында ғылыми идеяларды коммерциялық табысты өнімге айналдыратын инновациялық кластерлер, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар ашылады. Мұндай құрылымдар тиісті жобаларға идеядан бастап оны нарықта жүзеге асыруға дейінгі барлық кезеңде қолдау көрсетуі керек, – деп сөзін бір түйіндеп өтті.

Сондай-ақ Президент елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақ­сарту үшін озық технологияларды көбірек пайдалану қажет екеніне де тоқталды.

– Біздің қалаларымыз, тіпті ауыл­дарымыз да смарт стандартына сай болуы керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер басымдық беруге тиіс бағыттардың бірі. Бірақ осы жұмыспен облыс басшыларының ешқайсысы білек сыбанып айналыспайды. Сондықтан нәтиже жоқ.Алматы облысында салынып жатқан Alatau City «ақылды қа­ланың» жарқын үлгісіне айналуы қажет. Бұл қала сингапурлық «Surbana Jurong» консалтингтік компаниясының қатысуымен салынып жатыр. Шаһар өмір сүруге, бизнес жүргізуге ыңғайлы әрі жетекші халықаралық іскерлік хабқа айналуы керек. Аталған жоба Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін береді.Отан­дық ғылымның тағы бір маңызды міндеті – табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау әрі оның алдын алу. Кейінгі жылдары еліміз су тасқыны, сейс­микалық қауіп, энергетикалық ақау, құрғақшылық және эпидемия сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келді, – деді.

Жуырда болған алапат тасқын салдарынан ондаған мың отбасы зардап шекті. Көптеген адам дүние-мүлкінен айырылды. Экономикаға орасан зор зиян келді. Апат салдарын жоюға Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық күш-құрал­ы жұмылдырылды және басқа да күштік құрылымдардың жеке құрамы қатысты. Су тасқыны ке­зінде 120 мыңға жуық адам, оның ішінде 45 мың бала құтқарылып, эвакуацияланды. Осы жағдайға арнайы тоқталған Қ. Тоқаев батылдық пен қызметтік міндеттеріне адал­дықтың нағыз үлгісін көрсеткен төтенше жағдайлар және құтқару қызметінің барлық қызметіне ал­ғысын айтты.

– Құтқарушыларымыздың үйлесімді әрі шұғыл іс-әрекеті мем­лекетіміз үшін адам өмірі ең жоғары құндылық екенін нақты көрсетті. Біз бұл қиын сынақтан азамат­тарымыздың бірлігі мен ын­тымағының, бір-біріне жана­шырлығының арқасында сүрінбей өттік. Халқымыздың бірлігінің айқын дәлеліне айналған ерік­тілердің ерен еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен су басқан өңірлерге барып, бөгендер салды. Халықты эвакуациялауға атсалысып, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек жеткізді. Біздің еріктілер күн сайын жоғары азаматтық жауапкершіліктің, жанашырлық пен көмек көрсетудің және дүниені жақсартуға деген шынайы ұмтылыстың үлгісін көрсетіп келеді.

Сонымен қатар ахуалды дер кезінде болжай алғанда, табиғат апатының салдары айтарлықтай ауыр болмас еді. Менің тапсырмам бойынша Алматы әкімдігі Сейсмология институтының ғима­ратын жөндеуге қаржы бөлді. Қырық жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген ғимаратта ғалым­дар адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп жатыр, – деді ол.

Қазір су шаруашылығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету – өткір мәселенің бірі. Мемлекет басшысы бұған дейін Тараздағы Қазақ гидромелиоративтік-құрылыс инс­титутын қалпына келтіруді тап­сырған еді. Осы мәселеге тоқ­талды.

 – Бізге су шаруашылығының, гидромелиоративтік және эколо­гиялық тұрақтылықтың қазіргі мәселелерін шешуге қабілетті мамандар даярлайтын, осы саладағы ғылыми базаны нығайтатын жоғары оқу орны қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырамын. Жалпы, табиғат апаттарын бақылау, бағалау және болжау, сондай-ақ табиғи ресурс­тарды сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеулерді күшейту керек. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі онжылдықтарда табиғат апаттарының саны айтарлықтай өскен. БҰҰ болжамы бойынша алдағы онжылдықтың басында әлемде жылына 560-қа жуық та­биғат апаты болады. Осы орайда ғалымдар ауа райы құбылуының төрттен үш бөлігін климаттың өзгеруімен байланыстырады. Мұның бәрі экономиканың дамуы­на, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына орасан зор кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан қазір әлемдік қауымдастық климаттың өзгеруімен күреске баса назар ауда­рып отыр. Бұл іске Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу туралы бастамасы айтарлықтай үлес қоса алады. Уа­қыт өткен сайын сезіліп келе жатқан су тапшылығы проблемасы біздің өңіріміз үшін өте өзекті болып отыр. Су – негізгі тіршілік көзі. Оған экономикалық даму, ауыл шаруашылығы және адамдардың тұрмыс сапасы тікелей байланысты. Сондықтан су ресурстарын үнемдеу, ұтымды пайдалану және саланы басқару тиімділігін арттыруға қатысты жүйелі ғылыми жұмыстарды қолға алу керек, – деп ой түйді.

Сондай-ақ Президент 2026 жылы БҰҰ аясында елімізде Аймақтық климаттық саммит өтетінін атап өтті. Саммит кли­маттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық қо­ғамдастықтың күш-жігерін бірік­тіруге елеулі үлес қосатынына сенімді екенін айтты. Сонымен бірге қоғамда экологиялық мә­дениет қа­лып­тастыру және қор­шаған ор­таға қамқорлықпен қарау сияқ­ты құндылықтарды наси­хаттау маңызды. Қазіргі жағ­дайда эко­логиялық ойлау қабілеті бар­лық білім беру және ғылыми бағ­дарламаның негізі болуы керек. Табиғат ресурстарына жауапкершілікпен қарау және қор­­шаған ортаға қамқорлық таныту қоғамдық сананың құрамдас бөлігіне айналуы қажет.

– Биыл елімізде «Таза Қазақ­стан» акциясы басталды. Бұл – жай науқан емес, бұл –халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба. Ауқымды экологиялық бастамаға, әсіресе жастар белсене атсалысты. Бұл да – жақсы үрдіс. Аз уақыт ішінде 2,5 миллионнан астам ағаш егілді, 200-ден астам өзен-көлдің жағасы тазартылды. Осы бастама тұрақты жалғасып, жақсы дәстүрге айналуы қажет. Бұл акция тал егіп, қоқыс жинаумен шектелмеуге тиіс. Атқарылатын басқа да шаруа көп. Ең бастысы, барлығы шын ниетпен жасалуы керек. «Таза Қазақстан» акциясы аймақтарда қалай жүріп жатқанын мен мұқият қадағалап отырамын. Мұны, ең алдымен, әкімдерден талап етемін. Бәрін әкімге жүктеп, қарап отыруға да болмайды. Жаз маусымы басталды, енді ішкі туризм жандана түседі. Демалуға шыққан әр азамат табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Тазалықтың басты кепілі – айналаны ластамау. Бұл – баршаға ортақ міндет, – деді ол.

Келелі жиында елімізде қо­қыс өңдейтін кәсіпорындар салу мәселесі де көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев онсыз қалаларымыз таза болмайтынын айтты.

– Жалпы, «Таза Қазақстан» деген сөзді кең ауқымда түсінген жөн деп санаймын. Тазалық ең әуелі адамның сана-сезімінен басталуға тиіс. Пейілі таза адамның ісі берекелі болады.Біз қазір ұлт сапасын жақсартуға баса мән беріп отырмыз. Мен Атырауда өткен Құрылтайда жаңа құндылықтар қалып­тастыру мәселесіне тоқ­талдым. Қазір мемлекет пен қо­ғамның арасында осыған қатысты ортақ ұстаным бар. Бұл құн­ды­лықтар оқу орындарының тәрбие жұмысына арқау болуы керек. Өкінішке қарай, қоғамда озбырлық пен қатыгездік тыйыл­май тұр. Мұндай жағымсыз үрдіс, әсіресе жастар арасында белең алуда.Біз мәселенің түп-тамыры тереңде жатқанын ашық айтуы­мыз керек. Әлеуметтік желі балалардың мінез-құлқына кері әсер етіп жатқаны сөзсіз. Бір­ақ бәрін әлеуметтік желіге жаба салуға болмайды. Білім беру жүйе­сінде кемшіліктер көп. От­басы тәрбиесінде де олқылық бар. Әрбір ата-ана баласына дұрыс тә­лім-тәрбие беруі қажет. Үл­кен­дер өзінің күнделікті іс-әре­кетімен балаларға үлгі болуы керек. Еліміздегі балалардың бәрі қор­шаған әлеммен үйлесімді, ата-анасы мен жақындарының сүйіс­­пеншілігіне және мейіріміне бө­леніп өсуі маңызды. Ол үшін, ең алдымен, отбасындағы зорлық-зом­былық сынды қараңғылықтың, мо­ральдық деградацияның өршуін түп-тамырымен жою қажет, – деді ол.

Сонымен қатар Президент қоғамда тұрмыстық зорлық-зом­былық мәселесі кеңінен талқы­ланып жатқанын сөз етті. Бұл агрес­сия мен қатыгездіктің кез келген түріне төзбейтінін көрсетіп келе жатқан біздің қоғамның құн­дылықтар жүйесіндегі оң өзгеріс­терді көрсетеді.

– Мен Президент қызметіне кіріскен алғашқы күндерден бас­тап әйелдер мен балалардың құ­­қықтарын қорғауға баса мән бе­ремін. Біз бұл бағытта заңнамалық және институционалдық шараларды дәйекті түрде қабылдап келеміз.2022 жылдың қыркүйек айындағы Жолдауымда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді тапсырдым. Әрине, жұртшылықтың бәрі бірдей емес, дегенмен құқық қорғау органдарының өкілдері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық әрекет деп тануды жақтағанын мойындауымыз керек. Сол кезде бұл бағыттағы негізгі нормалар мен бастамалардың жұмыс істеп тұр­ғаны және кейбір мемлекеттік органдардың, сондай-ақ қоғамның кон­сервативті бөлігі бұл заңға

қарсы болады деген пікір айтылды. Бірақ мен мұндай тағылық әрекетпен құқықтық, әсіресе заң­намалық тұрғыда күресті күшейту керек екенін қадап айттым. Өз­деріңізге мәлім, биыл сәуір айында тұр­мыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшей­тетін, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ететін Заңға қол қойдым. Екі аптадан кейін бұл толық­тырулар күшіне енеді.Жаңа нормалар біздің қоғамды жаңғыртуға, отбасы институтын нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін. Өйткені әйелдер мен балалардың құқықтарын жан-жақты қорғау дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтауға мүлдем қайшы келмейді, керісінше оларды күшейтуге ықпал етеді.Ана – ұлтты тәрбиелейді. Әйелді құрметтей білетін қоғам шын мәнінде өркениетті, мәдениетті қоғам болмақ. Әрине, бір Заңмен барлық мәселе шешілмейтіні анық. Ең бастысы, өзгерісті әркім өзінен бастауы керек. Әр үйде отбасы құндылықтары орнығуы қажет. Ұлттың жаңа сапасын қалып­тас­тыру осындай қарапайым дүниеден басталады, – деп парасатты ой түйіндеді.

Сондай-ақ Президент еңбек адамының мәртебесін көтеру туралы үнемі айтады. Елімізде осы бағытта өткен бес жыл ішінде біраз шаруа атқарылған. Тиісті заңдарға өзгерістер енгізіліп, жалақы кө­терілді. Басқа да әлеуметтік қол­­дау шаралары қолға алынды. Мем­лекеттік марапаттар да на­ғыз ең­бек адамына тапсырылып жатыр. Осындай нақты жұ­мыстың нәти­жесінде түрлі маман­дық иелерінің беделі арта түсті. Мемлекет басшысы осы тарапта ой қорыта келіп:

«Мамандықтың жаманы жоқ. Еліміз үшін барлық кәсіп иелері қажет. Өз ісінің хас шебері атанған адам міндетті түрде табысқа жетеді. Түптеп келгенде, бұл – қоғамда ең­бекқорлық пен кәсіби біліктілікті жаппай дәріптеу деген сөз. Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін қоғамда осы құндылықтар орнығуы қажет», деді.

Қазір мемлекет тарапынан ға­лымдарға барынша қолдау көрсе­тіліп жатыр. Мәселен, алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерт­теуіне бөлінетін грант саны тағы да көбей­мек. Бюджеттен 18 миллиар­д теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым баспана алған. Биыл Мем­лекет басшысының тапсырмасы­мен оларға тағы 200 пәтер беріледі. Отандық ғылымды, жалпы ға­лым­дарды қолдау алдағы уақытта да жалғасады.

Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан Прези­денті жанындағы Ұлт­тық ғылым академиясының пре­зиденті Ақылбек Күрішбаев, Ұлт­тық ғы­лым академиясы жа­нын­дағы Жас ғалымдар кеңесі төр­аға­сының орынбасары Шахислам Лайсханов сөз алды.