• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Маусым, 2024

Жылыжай жайы сөз болды

167 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Ресейдің «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті Александр Рудаковпен кездесті. Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынты­мақтастық мәселелерін талқылады. Күн тәртібіндегі мәселе – аграрлық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру.

Осыдан 13 жыл бұрын құрылған «ЭКО-культура» тұрақты дамып келе жатқан, жабық топырақта эколо­гиялық таза көкөніс өсіретін ірі агроөнеркәсіптік холдингтің бірі. Бір жылда өндірген өнім көлемі 300 мың тоннадан асып жығылады. Аталған холдингтің елге келуі экономика үшін маңызды жобаларды іске асыруға ықпал етеді.

Қазіргі күнде холдинг Түркістан облысы Келес ауданында жылыжай кешенін салып жатыр. Бүгінде 51 га жер учаскесінде жылыжай ашудың бірінші кезеңі жүзеге асырылғалы тұр. Ол жерде жылына 28 мың тоннадан астам қызанақ өсіріледі. Келелі кездесуге қатысушылар 500 га жерді қамтитын жылыжай кешені аумағын кеңейту жобасын талқылады. Бұл жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді. Өндірілетін өнім ішкі нарыққа жеткізіледі. Сондай-ақ логистикалық және тарату орталықтарының келісілген арналары арқылы шетелге экспортталады.

Жобаның бірінші кезегін келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар. А.Рудаковтың айтуынша, бұл әлемдегі ең ірі жылы­жайлардың бірі болады. Мұнда 7 мың адамға жұмыс орнын ашу көзделген.

«ЭКО-культура» холдингі жер­гілікті тұрғындар үшін бәсекеге қабілетті еңбек жағдайын тудырып, әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде өңірдің дамуына елеулі үлес қосады. Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығы туралы айтты.

«Азық-түлік қауіпсіздігі, тұр­ғындарды сапалы әрі арзан өнім­дермен қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының негізгі басымдығы. Өсіп келе жатқан демографиялық көрсеткіштерді ескере отырып, бүкіл әлемде азық-түлікке деген қажеттілік тұрақты түрде артып келеді. Бізде ішкі нарықты қамтамасыз етіп, өнімді экспорттауға толық мүмкіндік бар. Бүгінде біз ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ете отырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді және экспорт көлемін одан әрі арттыруды мақсат етіп отырмыз. Аталған бағытта біз инвесторларды тартуға мүдделіміз және ауқымды жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз», деді О.Бектенов.