• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Маусым, 2024

Батыс Қазақстанда мемлекеттік рәміздер күні өтіп жатыр

81 рет
көрсетілді

Мемлекеттік рәміздер күні Батыс Қазақстан облысының да бүкіл ауданында, облыс орталығында кеңінен аталып өтіп жатыр. Бұл күні көшеде, қоғамдық орындарда көк туды желбіреткен адамдар мен көліктер көп кездеседі, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Мемлекеттік рәміздер күніне орай өңірдегі ең шалғай жатқан Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылында «Менің туым – менің мақтанышым» авто-вело шеруі ұйымдастырылды.

Шеруге қатысқан аудан тұрғындары орталық көшелерде көк туды көкке желбіретіп, көпшілікті бірлікке, ынтымаққа шақырды. Акцияға 20-дан астам көлік пен велосипедшілер тобы қатысты.

Ал Орал қаласында мемлекеттік мекемелерде, сауда үйлерінде «Менің туым – менің мақтанышым!» челленджі ұйымдастырылып, қала тұрғындарына жалаушалар таратылды.

Қаратөбе ауданындағы орталық саябақта рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышым» атты салтанатты шара өткізілді.

Алаңға жиналған мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, белсенді жастар алдында тутұғырдағы мемлекеттік ту жоғары көтеріліп, жанды дауыста мемлекеттік гимн орындалды.

«Мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі. Еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықты жалғайтын жарқын бейне ол – Мемлекеттік рәміздер. Ұлттың басты құндылығы ұлттық нышандармен тығыз байланысты. Атап өтер болсақ, Әнұран, Елтаңба, Ту бұл барлығы мемлекеттік рәміздерді айқындаушы күш. Баршаңызды Рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!», деді Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Орынбасарұлы жиналғандар алдында.

Салтанатты жиында көктемгі су тасқыны кезінде құтқару жұмысына белсенді атсалысқан бірқатар жастарға алғыс хат табысталды.

Дәл осы күні Бөрлі аудандық мәдениет үйінде де «Рәміздерге құрмет - елге құрмет» атты салтанатты жиын өтті. Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов бөрліліктерді мерейлі мерекемен құттықтап, ел ісінде еңбегі сіңген бірқатар азаматқа құрмет көрсетті. Марапатталған азаматтар қатарында кәсіпкерлер, білім мекемелерінің басшылары, құқық қорғау саласының мамандары, қоғамдық бірлестік өкілдері және жастар болды. Баршасына қиын кезеңде елдің қызметінде тартынып қалмай, уақытпен санаспай еңбек жасағаны үшін аудан әкімінің алғыс хаты берілді.

Ең үлкен шаралар әрине, Орал қаласында өтті. Облыс орталығындағы ең үлкен алаңда Мемлекеттік Ту жоғары көтеріліп, салтанатты жиын үстінде жас сарбаз ұландары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Барлық білім беру ұйымдарында мерекеге арналған шаралар ұйымдастырылған.