• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2024

Құлсарыда 100 үйдің қадасы қағылды

384 рет
көрсетілді

Құлсары қаласындағы тасқын судан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қарқын алғалы отыр. Қазір зардап шеккен тұрғындар үшін 100 жаңа үйдің қадасы қағылды.

«Болашақ» шағын ауданындағы осы құрылысқа «Қазақстан халқына» қоры демеушілік жасайды. Қор баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, еліміздің 6 ай­ма­ғында да осындай жа­ңа үй құрылысы жүріп жатыр.

«Қазір 6 облыстағы 21 елді мекенде 649 тұрғын үйдің құрылысы бас­талды. Мәсе­лен, Солтүстік Қазақстан облысында – 200, Батыс Қазақстанда – 114, Ақтөбеде – 80, Қостанайда – 88, Ақмола облысында 87 үйді салу қолға алынды. Бұл өңірлердегі құ­ры­­лысы жү­ріп жатқан бір үйдің орташа құны – 27,4 млн теңге. Ал Атырау об­лы­­сы­­ның Құл­сары қаласында 80 тұр­ғын үй­­дің құ­­ры­­лысын жүргізуге 2 млрд 640 млн тең­ге бөлінді. Мұнда 1 үйді салу­ға жұм­са­ла­тын қаржы 31 млн 975 мың тең­гені құрай­ды», деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

Типтік үлгідегі жаңа үйлердің әрқай­сы­сы­­ның ауданы – 100 шаршы метр. Құл­­са­­ры­­да жаңа тұрғын үйлермен бірге екі мың орын­дық Binom мектебін, 300 орын­дық ба­ла­бақша нысанын салу жоспар­лан­ған. Сондай-ақ шағын аллеялар салынады.

«Тұрғын үйлердің авторлық дизайнын «Etalon project group» ЖШС дайындады. Бұл серіктестік дизай­н­ның сақталуына бақылау жүргі­зеді. Ал техникалық қадағалау «ZAF-Строй­сер­вис» ЖШС-ға жүктеліп отыр», деп мәлім етті қордың баспасөз қызметі.

Атырау облыстық құрылыс бас­қар­масының бас маманы Ернар Қадыр­байдың айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры тұрғын үйлерді салуға жергілікті мердігерлер­ді ұсыныпты. Соған сәй­кес «Орлан», «Армандастар-Атырау» және «Каз­комсервис» ЖШС-ға сенім артылып отыр. Бұл компаниялардың әрқай­сысында 50-ге жуық маман жұмыс істейді.

«Sergek Group» компаниялар тобының бас директоры Әсет Ахметовтің айтуына қарағанда, Құлсарыда су тасқынынан зар­дап шеккендерге арнап салынып жат­қан тұрғын үй құрылысының барысын Sergek жүйесі арқылы бақылауға бола­ды. Қазір Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақ­стан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Атырау облысындағы құрылыс алаң­­да­ры­на 55 бейнекамера орнатылған. Каме­ра­­лардың онлайн трансляциясын gov.kz сай­тында тәулік бойы қарауға болады.

«Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерде тұрғын үйді қалпына келтіру жұ­мыс­тарын бақылау және үйлестіру үшін ахуалдық орталық құрды. Бұл орталықта залалды өтеу тура­лы барлық өтініш, әр ауыл мен ­аудан орталығындағы, қалалардағы құрылыс барысы бақылауға алынды. Онлайн бейнемониторинг құрылыс пен жөндеу жұмыстарын жедел тәртіппен бақылауға, мерзімнен кешіккен қалған жағдайда тезірек әрекет етуге мүмкіндік береді. Біз үшін ашық жұмыс форматы маңызды болып отыр. Өйткені біз тұрғындардың баспананы қалпына келтіруге байланысты жұмыстардан хабардар болғанын қалаймыз», дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Жәннат Дүбірова.

Ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қо­ры­на қарайтын компаниялар Құл­са­ры қа­ласына 7 миллиард теңге бөл­ді. Бұл қар­жы Құлсары қаласының инфра­құ­ры­лымын қалпына келтіру мақ­са­тында бір­ыңғай қайырымдылық опе­ра­торы «Samruk-Kazyna Trust» арқы­лы «Аты­рау» әлеуметтік дамыту кор­по­ра­тивтік қо­рына аударылды. Бұл игі іс «Қаз­Мұ­най­Газ» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асы­­рылады.

«Жалпы, осыған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобы еліміздегі су тасқынының зардабын жоюға 15 млрд теңге бөлген болатын. Сонымен бірге портфельдік компаниялар өңірлерде тұрғындарды тасымалдауға арнайы техника бө­ліп, гуманитарлық көмек көрсетті. Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қорына еншілес кәсіпорындардың серіктестерінен  көмек ретінде қаржы аудару жалғасып жатыр. Оның ішінде мұнай-газ секторындағы румындық «Rompetrol», атом өнеркәсібі сала­сындағы «Cameco», «CGN» және «Marubeni» жапондық компаниялары бар», деп ақпарат таратты «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың дерегіне сүйенсек, Құлсары қаласында көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу басталды. Мұндағы 100-ге жуық үй 30 жыл бұрын пайдалануға берілген. Алайда содан бері үйлердің сыртқы келбетіне жаңғырту жүргізілмей келген.

«Бұл жұмыстарды 4 кәсіпорын атқарады. Қазір мердігерлер 1 және 3-шағын аудандағы көпқабатты 13 үйді жөндеуге кірісті. Мердігерлерге 100-ге жуық адам жұмысқа тартылды», деді Жұмабек Қаражанов.

 

Атырау облысы