«Қазақстанның қаржы секторы: Стратегиялық сын-қатерлерге – 25 жыл» атты қаржыгерлер форумында саланы дамытудың өзекті мәселелері мен мүмкіндіктері талқыланды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қаржы секторында бірқатар маңызды заңнамалық бастама жүзеге асырылып жатқанын, олардың мақсаты кедергілерді жою, заңнаманы ырықтандыру және бәсекелестікті арттыру екенін атап өтті. Қолайлы нормативтік-құқықтық ортаны құруға, ұлттық және қаржылық инфрақұрылымды дамытуға және қаржылық технологияларды қолдауға ерекше назар аударылатыны, қаржы нарығында жасанды интеллектінің дамуын реттеу мен ынталандырудың оңтайлы стратегиясын әзірлеп жатқанымыз да бас банкирдің назарынан тыс қалмады.
Спикерлер мемлекет пен қаржы секторы арасындағы байланысқа, қалтарыста қалған проблемаларға назар аударды. Олардың айтуынша, қаржы ұйымдарының операциялық қызметіне мемлекеттің шамадан тыс араласуы және пропорционалды емес салық жүктемесі болашақта еліміздің шетелдік капитал үшін инвестициялық тартымдылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Биыл мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Осының аясында тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту, бизнесті ашу және жүргізу рәсімдерін ырықтандыру, жаңа банктер ашу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша шараларды жүзеге асыру жоспарланған еді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін жаңа банктер ашу мүмкіндіктерін кеңейту және халық пен кәсіпкерлік субъектілері үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыру бағытындағы шаралар қабылдауға тиіс. Форумға қатысқан Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова жаңа Жарлықтан екі бағытты бөліп көрсетуге болады дейді. Біріншісі – жеке кәсіпкерліктің еркіндігі қағидатын толық жүзеге асыру және мемлекеттің нарықтық қатынастарға заңсыз араласуына жол бермеу. Екіншісі – квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін жасанды түрде жасалған артықшылықтарды жою.
Бахмутова айтып өткендей, бұл құжат «мемлекеттік органдар мен қаржылық реттеуші органдардың кірістерін қаржы секторы мен оның қатысушыларына қатысты белгіленген басымдықтарға сәйкестендіру қажет пе?» деген мәселеге нүкте қоймаса, саны бар, сапасы жоқ көп Жарлықтың бірі болып қалуы да әбден мүмкін.
Кәсіпкер Елдар Әбдіразақовтың айтуынша, экономикадағы өзгерістердің шығар-шықпас жаны бар.
«Бұл бағыт – біздің көзқарасымызға қайшы. Бірақ соған қарамастан Үкімет те, Ұлттық банк те экономиканы циклдік түрде қолдауды жалғастырып келеді. Мұндай жағдайда экономиканы да, банктерді де әртараптандыруға мүмкіндік аз. Халықтың 3 пайызы ғана пайдалы қазба секторында жұмыс істейді. Біздегі жұмыссыздық мәселесі жабық тақырып болғандықтан, орта тап өкілдерін қалыптастыра алмай отырмыз. Бұл кәсіби мамандар армиясын қалыптастыруымызға кедергі болады. Менің ойымша, біздің нарық инфантильді көзқарастың құрсауында жатыр. Экономикалық белсенді топ емес, сәбилерге дейін өз ойын ашық айта алмайды, қалауының не екенін де білдіре алмайды. Бұл мәселелерді реттемей жатып, кәсіпқой менеджментті жетілдіру туралы әңгіме айту ерте. Жұмысшылар немесе экономикалық белсенді сегмент емес, оларды басқарып отырған басшылардың кәсіби біліктілігіне назар аудару керек», дейді Е.Әбдіразахов.
«Қазақстан Даму банкі» АҚ тәуелсіз директоры Әнуар Сәйденовтің айтуынша, қаржы секторы халық пен бизнеске қаржы құралдары мен қызметтеріне кеңірек қолжетімділікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарастырылып, бизнес пен банк арасына сына қағып тасталған.
«Нарық өлшемі бойынша банктерді бизнесті қолдауға міндеттеу – теріс көзқарас. Себебі банк те бизнестің бір түрі. Банк бизнесі – өзінің операциялық ерекшеліктеріне қарамастан, басқалар сияқты кәсіпкерліктің бір түрі. Айырмашылығы басқа адамдардың ақшасымен жұмыс істейді. Нормативтік тұрғыдан алғанда, режімдерді ырықтандырудың нұсқаулар кәсіпкерлерге де, банктерге де қатысты болуы керек. Банк секторы қиын кезеңдер мен дағдарыстарды бастан өткерді, толыққанды айығып шықты деуге әлі ерте. Біздің банк жүйесіне реттеудің ең заманауи әдіс-тәсілі енгізіліп жатыр. Бұл олқылық, теңгерімсіздік банктік бизнестің бизнес ретінде реттелуіне әкеліп соғады. Көптеген талаптар бұл теңгерімді бұзады», дейді сарапшы.
Баяндамашының айтуынша, отандық банк жүйесі ТМД елдері мен әлемдегі ең озық жүйелердің бірі ретінде танылды.
«Банктер қосымша капиталдандыру талаптарына жауап бере алатын еркін өтімділікке ие болуы керек. Корпоративтік басқару қағидаттарының бұзылуы 2008-2009 жылдардағы проблемаларға әкеліп соқты», дейді спикер.
«Halyk bank» басшысы Үміт Шаяхметованың айтуынша, шетелдік банктер қаржы нарығындағы жағдайға әсер ете алмайды. Ішкі нарықтағы 21 банктің 12-сінде шетелдіктердің үлес бар. Ол сондай-ақ қаржы институттарының қызметіне қатысты менталитет пен диалогті қайта қарайтын кез келгенін де ескертіп өтті. Баяндамашы назар аударған тағы бір мәселе – банктердің несиесі.
«Арзан мөлшерлемені нарық заңы қалыптастыра алады, ал нақты секторда сенімді қарыз алушыларды табу қиын. Жаңғырту, кеңейту, салу және жаңарту жобаларына өтінімдер азайып барады. Несиенің көбі сауданы қаржыландыруға немесе айналым капиталына жұмсалады. Дегенмен ауыл шаруашылығы, агробизнес және инфрақұрылымдық жобалар сияқты қосымша көңіл бөлуді және қаржыландыруды қажет ететін салалар бар. Елдегі инвестициялық ахуал мәз емес. Инвесторлар мен бизнесмендер салық заңнамасының және монополияға қарсы реттеудің тұрақтылығына сенбейді. Бірнеше апта бұрын Өзбекстанда форумда болдым. Маған бірнеше шетелдік инвестор келіп, Үкіметпен жұмыс істеу, Қазақстанның монополияға қарсы және салық заңдарын түсіну қиындап бара жатқанын айтты», дейді сарапшы.
АЛМАТЫ