• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Маусым, 2024

Тасқында туған Тасқынбек

674 рет
көрсетілді

Атырау облысында 7 сәуірден бері табиғи сипаттағы төтенше жағдай сақталып отыр. Содан бері 1846 сәбидің өмірге келгені тіркелген. Нәрестелердің арасында 961 ұл, 885 қыз бар.

Өңір жұртшылығын әбігерге салған тасқын су сәбилердің есіміне әсер еткені байқалады. Азаматтық хал актілерді тір­кеу басқар­масының басшысы Алмагүл Төремұратованың айтуын­ша, Атырау қаласында тұ­ра­тын бір отбасы дүниеге келген тұңғыш ұлын Тасқын-би есімімен атауды жөн көріп отыр. Ал Индер ауданындағы сәбидің біріне Тасқынбек есімі қойылған. Бұл – отбасындағы сегізінші бала.

Бір қызығы, екі ұл да бір күн­де өмірге келген. Нәрестелердің туған күні – 29 сәуір.

Статистикалық мәліметке қа­ра­ғанда, кейінгі кезде Аты­рау қа­ла­сында ата-аналар ұлы­на Мұхам­мад есімін көп таң­дайтыны байқалып отыр. Жыл ба­сы­нан бері 32 сәбиге дәл осы есім қойылған. Ал 19 балаға Хам­­за, 15 ұлға Айсұлтан есі­мі­­мен туу туралы куәлік бері­ліп­­ті. Қыз­дардың арасында танымал­ды­лығы тұрғысынан Айша есімі алдыңғы орында тұр. Осы есім 33 бұрымдыға қойылған. Бұдан соң 31 Медина, 29 Асылым, 27 Сафия есімі тіркелген.

Ал Жылыой аудандық орта­лық ауруханасының директоры Асулан Абдрахмановтың дере­гі­не қарағанда, 5 сәуірден мамыр­ға дейін жүкті аналар 42 сәби­ді дүниеге әкелген. Оның 20-сы ұл, 22-сі қыз. Құлсарыны тасқын басқан кезде іңгәлаған егіз ұл – жас отбасының төртінші және бесін­ші баласы. Сәбилердің бойы – 52 см. Екеуінің салмағы бірдей емес. Біреуінің салмағы – 3500, екін­шісі – 3350 грамм.

Өмірге сәби әкелген ана­ның бірі – Құлсары қаласының тұр­ғы­ны Жұлдыз Жандосқызы ­6 сә­­­­уірге қараған түнде босан­ған. Бірақ бірнеше сағаттан ке­йін Маң­­ғыстау облысының Бей­неу ауда­нындағы ауруханаға эва­куа­ция­ланған.

«Түн ортасында ұлымды бо­сан­­­ған кезде Құлсары қала­сына тас­қын су кіріп, жұрт әбігерге түсіп жатқан еді. Бұл – тұңғыш сәбиім. Содан болар, ұлым үшін алаң­дадым», дейді Жұлдыз Жан­досқызы. Жас ананың айтуын­ша, ата-енесі немересіне Бекзат ­есі­мін берген. Алайда сәбидің бүр­кеншік есімі де бар.

«Біз оны Тасқынбай деп ерке­летеміз. Өйткені ол су тас­қыны кезінде өмірге келді. Туыс­тарымыз да осылай әзіл­дегенді ұнатады», дейді Жұлдыз Жандосқызы.

 

Атырау облысы