• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2024

Қуаныштың көз жасы

240 рет
көрсетілді

Жаңбыр сеуіп өткеннен кейінгі жарқыраған ашық күннің астында үйлерін су басып, дүние-мүліктерінен де айырылып, қамкөңіл болып жүрген жандарға кеше облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұрын «Солнечный-2» болып, енді «Бірлік» атанған шағын ауданның орталық алаңында жаңа үйлердің кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.

Бала-шағасымен бірге жаңа үйдің кілтін алуға келген отбасылардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанады. Оларды құттықтауға қала­­лық ардагерлер кеңесінің мүше­лері, волонтерлер, басқа да мемлекеттік, қоғамдық ұйым­дар­дан келген жандардың нөпірі қалың. Әрине, қаладағы журна­лист атаулы да бұл шарадан те­гіс қалмаған сияқты. Жиналған ха­лық­тың бәрінің де жүздері жады­раң­қы, қуанышты көңілдері тасып тұр.

Жиналысты ашқан сөзінде облыс әкімі Ғ.Нұрмұхам­бе­­тов құрылысты қаржылан­дыр­­ған «Қазақстан халқына» қоры­ның басқарма төрағасы Болат Жәмішевке, оның осы шараға қатысып отырған өкілі Ләззат Шыңғысбаеваға, «Kaspi.kz» корпорациясының басшысы Вячеслав Кимге, «Kazakhmys» корпорациясы директорлар­ кеңесінің төрағасы Эдуард Огайға, «Kazminerals management» кәсіпорнының басшысы Эльдар Мамедовке, «ОАЭК» компаниясының акцио­нері Сергей Канға, жұ­мысты тоқтаусыз жүргізген барлық құрылыс компаниялары мен олардың жұмысшыларына және қоныстанушыларға үй жиһазы мен тұрмыстық техниканы тегін бермекші болып отырған «ЗИКСТО» зауы­тының құрылтайшысы Сергей Павлингерге алғыс айтты. «Халқы­мыздың басына қиын сәт­тер туғанда сіздер ерен еңбек етіп, табиғат апатына ұшыраған мыңдаған адамның жүрегіне ертеңге деген сенім мен қуаныш отын жақтыңыздар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстанға келген сапарында «Бірде-бір отбасы қолдаусыз қалмайды, бәріңіз де үй аласыздар» деп тұр­­­ғын­­дарымызды сендірген еді. Міне, енді, Президенттің айтқан сөзі іске асып, алғашқы 53 отбасы жаңа үйлерінің кілтін алып, қуанып отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын!», деді әкім.

Сонымен бірге ол осы ауданға барлығы 700-ден артық үй салынатынын, балабақша, мектеп, дәрігерлік бекет те ашылатынын айтты. Жаңа ауданның атын жаңаша атауға ел газеті «Егемен» бірінші болып, бірден көңіл аударған еді. Біздің де тілегіміз қабыл болып, жаңа аудан «Бірлік» атанғанын жоғарыда айттық. Салтанатты шарада сөз сөйлеген «Қазақстан халқына» қорының өкілі Ләззат Шыңғысбаева 100 үй­дің құрылысына бірден қаражат бөлгендерін айта келіп, оны қайда саласыздар дегенде жергілікті билік осы жерді көрсеткендерін еске алды. «Онда бұл жер бос жатқан дала еді. Абы­­рой болғанда, коммуналдық жүйе­лер тартылған екен. Басқа тір­лік­тен еш хабар болмаған. Содан бергі 1,5 жарым айдың ішін­де ғана мынадай кент бой көте­­ріпті. Үйлер қандай сәнді, тама­ша. Қалай қуанбассың? Біз бірге бол­­сақ алмайтын қамалымыз жоқ екен­ ғой», деп жалынды сөздер айт­ты.

Жаңа қонысқа түскендерге 700 млн теңге қаражат бөліп, отбасылық техника мен жи­һаз­дар сыйлаған «ЗИКСТО» зауыты­ның бас директоры Константин Игумнов халықтың басына түс­кен қиындықты бөлісуге өзде­рінің асыққандарын айтты. «Әр адамның қасіреті барша азаматтың қайғысы болу керек. «Біз біргеміз» деген ұранды бәріміз де жүрегімізге түюіміз қажет», деді ол өзінің сөзінде.

Үй алғандардың арасынан отбасы мүшелерімен, соның ішінде кішкентай немересімен келіп, кілт алған Бірлік Баекин сөз алды. Микрофонға барғаны сол еді, екі көзіне жас үйіріліп, тамағы да бітеліп қалғандай, сөйлей алмай қалды. Біз оның көңіл күйінің неден соншалық бұзылғанын сұраған едік: «Енді қайтейін, үйімізді су басып, өмір-бойы тірнектеп жинаған дү­ние-мүліктеріміз суда қалғанда, бұл дүниеде жетімсіреп, сорлы болып қалғандай қайғырдық. Қайда барарымызды білме­дік. Көзімізден жасымыз да шы­­ғып кеткен күндер болды. Сол уақытта Президентіміз біздің қасымыздан табылып, «ешқайсыңыз да қолдаусыз қал­майсыздар, бәрі­ңізге де үй береміз» деп үміт отын жағып кетті. Дегенмен ол үй қашан бітеді, қай уақытта кіреміз деп алаңдап жүрген едік. Міне, енді, бүгін соның кілтін алып, төбеміз көкке жеткендей болып тұрмыз. Сол қуаныштан ғой көзіме жас келгені. Бізді қиын жағдайда тастамаған Пре­зидентімізге, оның тапсырма­сын бұлжытпай орындаған әкім­дікке айтар алғысым шексіз», деді ол.

Бірлік Баекиннің өзі ТЖД ардагері, қазір зейнеттегі азамат. Әйелі облыстық әдістемелік орталықта жұмыс істейтін көрінеді. Бес баласы бар, кішісі 3-сыныпта оқиды. 2007 жылы өз күшімен, несие ала жүріп Ойқала шағын ауданында үй тұрғызып алған екен. Соның бәрі суда қалыпты. «Жиһаздардан да жоба қалмады, ештеңе алып та үлгере алмаған едік», деді ол.

Үй алғандардың бірі – Юрий Тучиннің отбасы. Өзі «Зерттеу» мекемесінде жүргізуші, ал келін­шегі сауда саласында қызмет істейді. Екі баласы бар оның отбасы осы күнге дейін пәтер жалдап келіпті. «Біздің үйіміз «Тері зауыты шағын ауданында еді. Үйге кірген тасқын су бәрін бүлдіріп кетті. Комиссия оны қалпына келтіру мүмкін емес деп шешті. Біз бәрібір, соңғы кезде сол дымқыл үйде тұрып келген едік, енді, міне, жарық, жаңа, жарқыраған баспанаға келіп отырмыз. Президентке, әкімдікке айтар алғысымыз шексіз», деді ол.

Қуаныштан көзіне жас алған кілт алушылардың бірі – Светлана Расщепкина болды. «Біздің бұрынғы үйіміз нашар, ескі еді. Енді су жаңа үйге қоныстанғалы тұрмыз, қуанышымызда шек жоқ», деді ол көзінің жасын сүр­тіп тұрып. Кілт алған Сабыржан Жұсы­­повтың әйелі Күлбар­шын да көзін­дегі қуаныш жасын ірікпеді. «Үш баламыз бар. Өзім перинаталды орталықта қызмет істеймін. Үйіміз суда қалған соң қайда барарымызды білмей, жүдеп-жадап қа­лып едік. Енді, міне, жаңа үй алып тұрмыз. Қуанышымызда шек­ жоқ, Президентке рахмет!», деді ол.

Жаңа үйлердің іші қыздың жинаған жүгіндей. Еденге ламинат төселген, қабырғаларға тұсқағаздар жапсырылған. Асүй­дегі пеш отынмен де, газбен де жұмыс істей алады. Санузел де жарқырап тұр. Ауладағы бақшалық орын 10 сотық, ол екі метрге жуық дуалмен қоршалған. «Енді тезірек жаңа топырақ әкеліп, көң сеуіп көкөністер отырғызуымыз керек» деп Юрий Тучиннің әйелі ертеңгі күннің де қамын ойлап жатыр...

«Бірлік» шағын ауданында болашақта, болжам бойынша 3 мыңдай адам тұратын көрінеді. Облыс әкімі бұл жердің мини-қалашыққа айналдырылатынын, жаңа жайлы мектептің құ­рылысы да ұзамай бастала­тынын айтты. Осы жерде, күндіз-түні құрылыстың басында ­болып, ұйымдастырушылық қабілеті және жігерлі күш-қайратымен жұмысты бір күн де тоқтатпай жүргізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің еңбегін де айта кетуіміз керек. Оны халық та аузынан тастамай айтып жүр. Айналдырған 5 аптаның ішінде осынша үй тұрғызу жігерлі басшының ар­қа­­сы екенін де білген дұрыс. Сәуір айында бүкіл Қызылжар қаласының өзі сусыз қалғанда «Пестрое» көлінен 2 күннің ішінде 900 метрлік құбыр тартқызған да осы Марат Тасмағанбетов еді.

Апаттың әлегі істі ерен қай­ратпен ұйымдастыра алатын нағыз іскер жандарды да танытып отыр. Сөйтіп, 6 маусым Солтүстік Қазақстан облысының тарихында халықты қуанышқа кенелткен бір күн ретінде тіркелетін болды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы