«Тарихы үнсіз қалғанда, таңбалы тасы сөйлеп кететін Ұлы даламыздың өткенін білмесең, болашағын көзге елестетемін деу бекер», дейді Алаш мұрасын зерттеуші, геральдист Айдын Рысбекұлы. Қазақ геральдикасы дегенде қазақ даласында көптеп кездесетін таңбалы тастар ең бірінші ойға оралатыны сөзсіз. Біздің әңгімеміз де осы тақырыптан басталды.
– Мысыр пирамидаларын, Қытай қорғанын, Үндістан Тәж-Махалын, Түркия тау-тастағы үңгірлерін мыңдаған жыл бойы сақтап келеді. Біз таңбалы тастарымызды да осындай әлемдік деңгейдегі тарихи жәдігер деп санаймыз. Бірақ неге әлі күнге оларды әлемге таныта алмай келеміз?
– Өзіңіз айтып отырған жұрттар тарихи мекендері мен орындарына «өз халқымның тарихы» деп емес, «адамзаттың тарихы» деп қарайды. Әр тасын алақанда аялап, әрбір үңгірін қастерлейді, сол тарихқа ие екеніне мақтанады. Иә, қазақ жері – таңбалы тастар мекені. Академик Қаныш Сәтбаев: «Таңбалы тас – қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің іргетасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы», деген ой айтады. Қазақ рухы мен тарихы таңбалы тастарға бәдізделе жазылып, бедерлене бейнеленгені бүкіл әлемге аян. Байырғы дәуірлердің аманатын арқалаған киелі сөздер, жұмбағын жасырған құпия таңбалар, тылсым сырын ішіне бүккен бейнелер – бәрі таңбалы тастарда сақтаулы. Таңбалы тас – Ұлы даланың куәлігі! Көшпелi рулардың ұжымдасып, бiрiге бастағаны, ел болып ұйысып, бас құрағаны туралы бiрлiгіне айғақ, тұтастығына белгi.
Таңбалы тас – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел болайық деп ант берiп, ауыз бiрiктiрген киелі орны. Ондағы таңбалар мен бейнелер галереясын ата-бабаларымыз ерте қола, орта қола, кеш қола, өтпелі дәуір (сақ), темір дәуірі (сақ, үйсін), орта ғасыр (түрік), жаңа заман (жоңғар, қазақ) сияқты әртүрлі тарихи дәуірлерде жасаған. Олар адамзат тарихының рухани мәдениетін білдіретін деректер жиынтығы.
– Таңбалы тастарды еліміздің қай аймақтарынан көп кездестіруге болады?
– Олар ұланғайыр даламыздың барлық жерінде бар. Атап айтқанда, Тәңіртау (Тянь-шань), Алатау, Ұлытау (Ертағы), Кішітау (Кертағы), Алтай, Сайыртау (Қотыр тасты тау), Маңырақ, Сауыр (Жауырын), Маңғыстау, Қаратау, Баянауыл, Шыңғыстау (Найманкүре), Бетпақдала, Арқат, Семейтау, Тарбағатай, Қалбатау, Көкшетау, Ешкіөлмес, Қыземшек, Қызылтау, Ерейментау, Баянжүрек, Кұлжабасын, Сауысқандық, Қызылшың, Лабасы, Шаған, Тектұрмас, Қарашоқы, Шөлдіадыр, Суықтөбе, Матай, Ақбауыр, Қойбағар, Майдантал, Мойнақ, Таңбалы, Таңбалыжар, Теректі Әулие, сонымен қатар Алакөл, Аягөз, Каспий (Хазар), Балқаш, Жетіарал, Қарғыба, Боғас, Құлбабас, Зайсан, Базар, Арпаөзен, Қасқабұлақ, Тасбұлақ, Қарақол, Жетісу, Іле, Еділ, Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Шу, Талас, Ертіс, Қапш(т)ағай, Оба, Өтүкен (Ханғай), Қадырхан (Хянган), Орхон-Енесай (Орхун-Енисей), Селенгі (Сэлэнгэ), Сібірдегі Аңғар, Елана (Лена), Байқал (Байкал), Қарақол, Шідерті, Өлеңті, Түндік, Есіл, Нұра, Торғай, Шу, Сырдария, Жаңадария бойынан мың-мыңдап кездестіруге болады.
Таңбалар дамудың келесі бір кезеңінде бітік (руна) әліпбиіне айналды. Бітік әліпбиі ру таңбаларынан пайда болған. Бумын қаған, Илтеріш қаған, Білге қаған, Татпар қаған, Тоныкөк, Күлтегін ұстындарындағы (қабіртас) жазба деректер бітік әліпбиімен жазылған. Оны қазақтың байырғы жазуы деуге негіз бар. Ол бізді түп тарихымызға жетелейді. Алғашқы руларымыз да алған таңбаларына қарай, шөміш таңбалы шөмекей, шанышқы (найза) таңбалы шанышқылы, ашамай таңбалы ашамайлы керей, ошақ таңбалы ошақты, сақал таңбалы қарасақал, кесек таңбалы қаракесек, шекара таңбалы шекті, т.б. деп аталған. Бұйыртса, бітік әліпбиін қайтадан тірілтіп, маңдайын жарқыратар күнге де жетерміз.
– Тастағы таңба мен рәміздің айырмашылығы неде?
– Таңбалар елдік сипатты білдіреді. Қазақтың ортақ тарихын жазуға әр рудың таңбасын зерттеу керек. Таңбалар рудың шығу тегін ұмытпас үшін қолданылған. Бір ру, бір тайпа ел белгілі бір таңбаны бекерден-бекер мыңдаған жыл бойы жалғастырмайтыны анық. Әрбір таңбада рәміздік құпия сыр бар. Таңбаларды білу арқылы қазақ халқын ғана емес, күллі түрік халықтарының тарихын біле аламыз.
Таңба – тас бетіне шекіп сызылған жазу болса, рәміз – тас бетіне қашап салынған бейне. Таңба әріпке бірден айналса, рәміз оған көнбейді. Таңбаны сызып қалдыра береді, ал рәмізді кез келген жерге салып, аяқасты етуге жол берілмейді. Таңба – әрбір елді танып, түстеп беретін белгі (код) болса, рәміз – кие (тотем). Кие – елдің шығу тегі, желеп-жебеп жүретін ата-баба рухы. Рух – ол Ие! Қазақ «Ел иесіз, Ие киесіз болмайды» дейді. Ата-бабаларымыз жауға шапқанда, сапарға аттанғанда, табиғат апатына ұшырағанда, елдік іске кіріскенде, т.б. жағдайларда Иесіне жүгініп, күш-қуат сұраған.
Көне түріктерде қаһарлы қағандары мен хандарын, айбарлы бектері мен билерін, жаужүрек батырлары мен атан жілік балуандарын Бұқа, Бура, Бурабай, Бурахан, Көкжал, Бөрі, Бөлтірік, Бөрібай, Қаптағай, Қабан, Қабанбай, Жолбарыс, Арыстан, Қабылан, Тарғын, Құсбек, Самұрық, Сұңқар, Қаршыға, Байбарыс, Барысхан, Барысбай, Алан, Барақ, Байбарақ, Төбет, т.б. деп атайтын дәстүр болған. Бұрын ауырып қалған адамға «ем болсын» деп емес, «иең болсын» деп тілек тілеген. Иесі бар, рухы биік адам ауырмайды деп сенген. Адам неге ауырады? Ерте кездегі түсінік бойынша, адам иесін жоғалтқанда, рухы төмен түсіп кеткенде, ауру келеді деп санаған. Қазақ бодан болмай тұрғанда, иесімен, рухпен өмір сүретін еді, иесі, рухы бар болатын. Ие, рух қазаққа ата текпен келген. Тектілік ұғымы содан шыққан. Қазақтың «жеті атадан бері» деп сөйлейтіні сол. Отаршылдық қазақтың рухын сындырды, иесінен айырды. «Иесі мен рухы болмаған елдің киесі де болмайды», дейді көне бабатаным. Ендігі басты мақсатымыз – қазаққа иесі мен рухын қайтару болмақ.
– Сіз бір сұхбатыңызда «Қазақ геральдикасы киіз үйден басталады» депсіз. Осы ойды сабақтай түссек.
– «Түбіміз – түрік, түлігіміз – жылқы, керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш», деп киіз үй алғаш жасалғанда, күллі түрік жұрты киіз үйден енші алды, кейбірі алған еншілерін руының аты мен таңбасы етті. Киіз үйдің сүйегі – ру атауы, бауы – ұлыс атауы болды. Алаш баласы ру сұрасқанда: «Сүйегің қай ел?» дейді. Киіз үйдің бауларына сәйкес, «тоқсан екі баулы қыпшақ, алпыс екі баулы қоңыр, он екі баулы абақ керей, он екі баулы байұлы, он баулы ноғай, тоғыз баулы торғауыт, сегіз баулы найман, жеті баулы беріш, жеті баулы жеті ру, алты баулы әлім», деп атайды. Таңбаға киіз үйдің шаңырағын – ашамайлы керей, жәнтелі уақ, қият, кете, телеу, төртқара; бақанды – бағаналы найман, жалайыр, тарақты, табын; уықты – абақ керей, уақ; ергенекті – ергенекті найман, ергенекті уақ; туырлықты – дулат; алашаны – алаша; басқұрын – башқұрт; үзігін – алшын; ошағын – ошақты; көсеуін – әлім; қасын – хакас; сағасын – сақа; керегесін – кердері; босағасын – қоңырат; қаңқасын – қаңлы; ішін – үйсін; моржасын – қыпшақ алды.
Шаңыраққа қара – бұл түгел сөздің төркіні. «Босаға – әйел, кереге – бала, уық – ел, шаңырақ – ер», деп санайтын қазақ дүниетанымындағы шаңырақ – отағасы (ер адам), отбасы (отанасы, балалары), ұрпақ, үй ұғымын білдіреді. Бабаларымыз «Пәленшенiң ұрпағы пәлен шаңыраққа жетiптi», деп бiр ауылдың, не бiр рудың өсiмiн біліп отырған...
Күлдіреуіштер тақ сандармен (3, 5, 7, 9) жасалады. Шаңырақтың үлкен-кішілігіне қарай күлдіреуіш саны артып, не кеміп отырады. Мәселен, үш саны − жас отау үшін (жас отау − жас отбасы), бес саны − қара халық үшін, жеті саны − қаракөктің тұқымы үшін, тоғыз саны − хан тұқымы үшін қасиетті сан болып есептеледі. Үш қанатты қара үй мен төрт қанатты қоңыр үйдің (қоңыр қойдың жүнінен басылған қоңыр үй жас отауға тігіледі) шаңырағы − үш күлдіреуіштен, бес қанатты боз үй мен алты қанатты ақ үйдің шаңырағы − бес күлдіреуіштен, сегіз қанатты ақ ала орда мен он екі қанатты ақ орданың және он сегіз қанатты ақ шаңқанның шаңырағы − жеті күлдіреуіштен (ақ шаңқан – ақ қойдың жүнінен басылған сүттей аппақ үй), хан-сұлтанның 24 қанатты алтын үзігі мен 30 қанатты алтын ордасының шаңырағы − тоғыз күлдіреуіштен тұрады.
Сондай-ақ қазақтың киіз үйіне келген қонақ алаша, басқұр, текемет, сырмақ оюына қарап-ақ, отағасының қай рудың адамы екенін білген. Мәселен, жалайырдың «тарақ», керейдің «ашамай», қоңыраттың «босаға», дулаттың «бүтін ай», найманның «бақан», қаңлының «көсеу», т.б. таңбасы. Қазақтың оюлары сақ, ғұн замандарынан бері әбден қалыптасып, жүйеге түскен. Оюларды өзгерту салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, наным-сеніміңді, ырым-тыйымыңды өзгерткенмен бірдей.
– Сонда оюдың рәміздік сипаты қандай?
– Ою және өрнек деген – екеуі екі бөлек ұғым. Ою – ойлаудың, өрнек – сәндеудің көрінісі. Бірақ қазіргі күні «ою» мен «өрнек» сөзі бірге айтылып, латынша «орнамент» (ornamentum – әсемдеу, сәндеу) дегенді білдіретін болды. Оюлар ғылымға неолит, қола дәуірінен бері белгілі. Алғашқы оюлар қоғам таптық құрылысқа бөліне бастағанда тасқа бедерленіп, кейіннен киізге, текеметке, кілемге өрнектелген. Адамдар жазу қолданылмаған кезде табиғаттың құбылыстары мен тылсым сырларын, қоршаған орта көріністерін, өз тыныс-тіршіліктерін, рухани, мәдени, т.б. құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа оюларды өрнектеу арқылы түсіндіре отырып, ұтымды жеткізе білген. Бүгінгі Ресейдің Камчатка (Қамшы ат) түбегінде Этельмен (Ителмен) деген халық бар, түр келбеті, қол өнері қазаққа өте ұқсас. Сол ителмен елінің әйелдері өз тарихын алжапқышқа әріпсіз оюмен өрнектеп, кейінгі буынға аманат етіп қалдырып отырады екен. Оны «Бүдүлүхчеге» (шежіре) дейді. Бүдүлүхчегеден қызы анасының, тіпті әжесінің қай уақытта қайда көшкенін, өмірлерінде қандай оқиға болғанын біле алған. Мүмкін, біздің арғы әжелеріміздің оюлап сырған сырмақтарында қазақтың төл тарихы жасырынып жатқан шығар. Алайда қазіргі оюлар өңделіп, түпкі мақсатынан айырылған.
– Қазіргі қазақ геральдикасының жай-күйі туралы не айтар едіңіз?
– Қазақ геральдикасы тақырыбы әлі толық зерттелмегендіктен, геральдика туралы мәліметтер мен зерттеу әдістері еуропалық және ресейлік ғалымдардың еңбектерінен алынып келеді. Дегенмен ауыз толтырып айтарлық нәтижелеріміз де жоқ емес. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық заңына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі – геральдика саласының дамуына, мемлекеттік рәміздердің пайдалануы мен насихатталуына, әскери рәміздер мен әскери белгілердің бекітілуіне, өңірлік рәміздерді, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың нормативтік құқықтық деңгейде бекітілуіне жауапты орган саналады.
2011 жылы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия құрылды. Комиссия мемлекеттік рәміздер, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ Мемлекеттік ту, Елтаңба, Гимнді орналастыру, ауыстыру ережелерінің бұзылмауын, орнатылған мемлекеттік рәміздердің техникалық және басқа да талаптарға сай келуін қадағалайды. Комиссияға облыстардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік рәміздерді пайдалану стандарттарын сақтауы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері ұсынылады. Облыс әкімдерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі баяндамалары, сонымен қатар орын алған кемшіліктерді жою шаралары туралы есептері тыңдалады.
2021 жылы сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің Геральдикалық зерттеулер орталығы «Қазақ геральдикасы» кітап-альбомын жарыққа шығарса, 2022 жылы Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қолдауымен «Қазақ геральдикасы» фото-альбомын көпшілікке ұсынды. Бұл екі жинақ та геральдика тарихын көне дәуірлерден тартып, орта ғасырлық кезеңдерден өткізіп, кешегі хандық, патшалық, ресейлік, алаш, кеңес кезеңіне ұластырып, бүгінгі қазақ геральдикасына жалғастыра білуімен құнды.
– Әңгімеңізге рахмет.