• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Сұхбат 06 Маусым, 2024

Айдын РЫСБЕКҰЛЫ: Таңбалы тас – Ұлы даланың куәлігі

375 рет
көрсетілді

«Тарихы үнсіз қалғанда, таң­балы тасы сөйлеп кететін Ұлы даламыздың өткенін біл­ме­сең, болашағын көзге елес­тетемін деу бекер», дейді Алаш мұрасын зерттеуші, геральдист Ай­дын Рысбекұлы. Қазақ геральдикасы дегенде қазақ даласында көптеп кездесетін таңбалы тастар ең бірінші ойға оралатыны сөзсіз. Біздің әңгімеміз де осы тақырыптан басталды.

– Мысыр пирамидаларын, Қытай қорғанын, Үндістан Тәж-Махалын, Түркия тау-тастағы үңгір­лерін мыңдаған жыл бойы сақтап келеді. Біз таңбалы таста­рымызды да осындай әлемдік деңгейдегі тарихи жәдігер деп санаймыз. Бірақ неге әлі күнге оларды әлемге таныта алмай келеміз?

– Өзіңіз айтып отырған жұрттар тарихи мекендері мен орындарына «өз халқымның тарихы» деп емес, «адамзаттың тарихы» деп қа­рай­ды. Әр тасын алақанда аялап, әрбір үңгірін қастерлейді, сол тарих­қа ие екеніне мақтанады. Иә, қазақ жері – таңбалы тастар мекені. Ака­демик Қаныш Сәтбаев: «Таңбалы тас – қазақ халқының ең алғашқы мем­лекетінің іргетасын қалап жат­қандағы жазып қалдырған Дала Консти­туциясы», деген ой айтады. Қазақ рухы мен тарихы таңбалы тас­тарға бәдізделе жазылып, бедерлене бейнеленгені бүкіл әлемге аян. Байырғы дәуірлердің аманатын арқалаған киелі сөздер, жұмбағын жасырған құпия таңбалар, тылсым сырын ішіне бүккен бейнелер – бәрі таңбалы тастарда сақтаулы. Таңбалы тас – Ұлы даланың куәлігі! Көш­пелi рулардың ұжымдасып, бiрiге бастағаны, ел болып ұйысып, бас құрағаны туралы бiрлiгіне айғақ, тұтастығына белгi.

Таңбалы тас – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел болайық деп ант берiп, ауыз бiрiктiрген киелі орны. Ондағы таңбалар мен бейнелер галереясын ата-бабаларымыз ерте қола, орта қола, кеш қола, өтпелі дәуір (сақ), темір дәуірі (сақ, үйсін), орта ғасыр (түрік), жаңа заман (жоңғар, қазақ) сияқты әр­түрлі тарихи дәуірлерде жасаған. Олар адамзат тарихының рухани мәдениетін білдіретін деректер жиынтығы.

– Таңбалы тастарды еліміз­дің қай аймақтарынан көп кез­дестіруге болады?

– Олар ұланғайыр даламыздың барлық жерінде бар. Атап айт­қанда, Тәңіртау (Тянь-шань), Ала­тау, Ұлытау (Ертағы), Кішітау (Кер­тағы), Алтай, Сайыртау (Қо­тыр тасты тау), Маңырақ, Сауыр (Жауырын), Маңғыстау, Қара­тау, Баянауыл, Шыңғыстау (Най­манкүре), Бетпақдала, Арқат, Се­мейтау, Тарбағатай, Қалбатау, Көк­шетау, Ешкіөлмес, Қыземшек, Қызыл­тау, Ерейментау, Баянжүрек, Кұл­жабасын, Сауысқандық, Қы­зылшың, Лабасы, Шаған, Тек­тұр­мас, Қарашоқы, Шөлдіадыр, Су­ық­тө­бе, Матай, Ақбауыр, Қой­бағар, Май­дантал, Мойнақ, Таңбалы, Таң­балыжар, Теректі Әулие, сонымен қатар Алакөл, Аягөз, Каспий (Хазар), Балқаш, Жетіарал, Қарғыба, Боғас, Құлбабас, Зайсан, Базар, Арпаөзен, Қасқабұлақ, Тасбұлақ, Қарақол, Жетісу, Іле, Еділ, Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Шу, Талас, Ертіс, Қапш(т)ағай, Оба, Өтүкен (Ханғай), Қадырхан (Хянган), Орхон-Енесай (Орхун-Енисей), Селенгі (Сэлэнгэ), Сібірдегі Аңғар, Елана (Лена), Байқал (Байкал), Қарақол, Шідерті, Өлеңті, Түндік, Есіл, Нұра, Торғай, Шу, Сырдария, Жаңадария бойынан мың-мыңдап кездестіруге болады.

Таңбалар дамудың келесі бір кезеңінде бітік (руна) әліпбиіне айналды. Бітік әліпбиі ру таңбаларынан пайда болған. Бумын қаған, Илтеріш қаған, Білге қаған, Татпар қаған, Тоныкөк, Күлтегін ұстындарындағы (қабіртас) жазба деректер бітік әліп­биімен жазылған. Оны қазақтың байырғы жазуы деуге негіз бар. Ол бізді түп тарихымызға жетелейді. Алғашқы руларымыз да алған таң­баларына қарай, шөміш таңбалы шөмекей, шанышқы (найза) таңбалы шанышқылы, ашамай таңбалы ашамайлы керей, ошақ таңбалы ошақты, сақал таңбалы қарасақал, кесек таңбалы қаракесек, шекара таңбалы шекті, т.б. деп аталған. Бұйыртса, бітік әліпбиін қайтадан тірілтіп, маңдайын жарқыратар күнге де жетерміз.

– Тастағы таңба мен рәміздің айырмашылығы неде?

– Таңбалар елдік сипатты біл­діреді. Қазақтың ортақ тарихын жазуға әр рудың таңбасын зерттеу керек. Таңбалар рудың шығу тегін ұмытпас үшін қолданылған. Бір ру, бір тайпа ел белгілі бір таңбаны бекерден-бекер мыңдаған жыл бойы жалғастырмайтыны анық. Әрбір таң­бада рәміздік құпия сыр бар. Таңба­ларды білу арқылы қазақ халқын ғана емес, күллі түрік халықтарының тарихын біле аламыз.

Таңба – тас бетіне шекіп сызылған жазу болса, рәміз – тас бетіне қашап салынған бейне. Таңба әріпке бірден айналса, рәміз оған көнбейді. Таңбаны сызып қалдыра береді, ал рәмізді кез келген жерге салып, аяқасты етуге жол берілмейді. Таңба – әрбір елді танып, түстеп беретін белгі (код) болса, рәміз – кие (тотем). Кие – елдің шығу тегі, желеп-жебеп жүретін ата-баба рухы. Рух – ол Ие! Қазақ «Ел иесіз, Ие киесіз болмайды» дейді. Ата-бабаларымыз жауға шапқанда, сапарға аттанғанда, табиғат апатына ұшырағанда, елдік іске кіріскенде, т.б. жағдайларда Иесіне жүгініп, күш-қуат сұраған.

Көне түріктерде қаһарлы қа­ғандары мен хандарын, айбарлы бектері мен билерін, жаужүрек батырлары мен атан жілік балуан­дарын Бұқа, Бура, Бурабай, Бурахан, Көкжал, Бөрі, Бөлтірік, Бөрібай, Қаптағай, Қабан, Қабанбай, Жол­барыс, Арыстан, Қабылан, Тарғын, Құсбек, Самұрық, Сұңқар, Қаршыға, Байбарыс, Барысхан, Барысбай, Алан, Барақ, Байбарақ, Төбет, т.б. деп атайтын дәстүр болған. Бұрын ауырып қалған адамға «ем болсын» деп емес, «иең болсын» деп тілек тілеген. Иесі бар, рухы биік адам ауырмайды деп сенген. Адам неге ауырады? Ерте кездегі түсінік бойынша, адам иесін жоғалтқанда, рухы төмен түсіп кеткенде, ауру келеді деп санаған. Қазақ бодан болмай тұрғанда, иесімен, рухпен өмір сүретін еді, иесі, рухы бар болатын. Ие, рух қазаққа ата текпен келген. Тектілік ұғымы содан шыққан. Қа­зақтың «жеті атадан бері» деп сөйлейтіні сол. Отаршылдық қазақ­тың рухын сындырды, иесінен айырды. «Иесі мен рухы болмаған елдің киесі де болмайды», дейді көне бабатаным. Ендігі басты мақсатымыз – қазаққа иесі мен рухын қайтару болмақ.

– Сіз бір сұхбатыңызда «Қазақ геральдикасы киіз үйден басталады» депсіз. Осы ойды сабақтай түссек.

– «Түбіміз – түрік, түлігіміз – жылқы, керегеміз – ағаш, ұранымыз – алаш», деп киіз үй алғаш жасал­ғанда, күллі түрік жұрты киіз үйден енші алды, кейбірі алған еншілерін руының аты мен таңбасы етті. Киіз үйдің сүйегі – ру атауы, бауы – ұлыс атауы болды. Алаш баласы ру сұ­расқанда: «Сүйегің қай ел?» дейді. Киіз үйдің бауларына сәйкес, «тоқ­сан екі баулы қыпшақ, алпыс екі баулы қоңыр, он екі баулы абақ керей, он екі баулы байұлы, он бау­лы ноғай, тоғыз баулы торғауыт, сегіз баулы найман, жеті баулы беріш, жеті баулы жеті ру, алты баулы әлім», деп атайды. Таңбаға киіз үйдің шаңырағын – ашамайлы керей, жәнтелі уақ, қият, кете, телеу, төртқара; бақанды – бағаналы найман, жалайыр, тарақты, табын; уықты – абақ керей, уақ; ергенекті – ергенекті найман, ергенекті уақ; туырлықты – дулат; алашаны – алаша; басқұрын – башқұрт; үзігін – алшын; ошағын – ошақты; көсеуін – әлім; қасын – хакас; сағасын – сақа; керегесін – кердері; босағасын – қоңырат; қаңқасын – қаңлы; ішін – үйсін; моржасын – қыпшақ алды.

Шаңыраққа қара – бұл түгел сөз­дің төркіні. «Босаға – әйел, кереге – бала, уық – ел, шаңырақ – ер», деп санайтын қазақ дүниетанымындағы шаңырақ – отағасы (ер адам), отбасы (отанасы, балалары), ұрпақ, үй ұғымын білдіреді. Бабаларымыз «Пәлен­шенiң ұрпағы пәлен шаңы­раққа жетiптi», деп бiр ауылдың, не бiр рудың өсiмiн біліп отырған...

Күлдіреуіштер тақ сандармен (3, 5, 7, 9) жасалады. Шаңырақтың үлкен-кішілігіне қарай күлдіреуіш саны артып, не кеміп отырады. Мәселен, үш саны − жас отау үшін (жас отау − жас отбасы), бес саны − қара ха­лық үшін, жеті саны − қаракөктің тұқымы үшін, тоғыз саны − хан тұқымы үшін қасиетті сан болып есептеледі. Үш қанатты қара үй мен төрт қанатты қоңыр үйдің (қоңыр қойдың жүнінен басылған қоңыр үй жас отауға тігіледі) шаңырағы − үш күлдіреуіштен, бес қанатты боз үй мен алты қанатты ақ үйдің шаңырағы − бес күлдіреуіштен, сегіз қанатты ақ ала орда мен он екі қа­натты ақ орданың және он сегіз қанатты ақ шаңқанның шаңырағы − жеті күлдіреуіштен (ақ шаңқан – ақ қойдың жүнінен басылған сүт­тей аппақ үй), хан-сұлтанның 24 қанатты алтын үзігі мен 30 қанатты алтын ордасының шаңырағы − тоғыз күлдіреуіштен тұрады.

Сондай-ақ қазақтың киіз үйіне келген қонақ алаша, басқұр, текемет, сырмақ оюына қарап-ақ, отағасының қай рудың адамы екенін білген. Мәселен, жалайырдың «тарақ», ке­рейдің «ашамай», қоңыраттың «бо­саға», дулаттың «бүтін ай», най­ман­ның «бақан», қаңлының «көсеу», т.б. таңбасы. Қазақтың оюлары сақ, ғұн замандарынан бері әбден қа­лыптасып, жүйеге түскен. Оюлар­ды өзгерту салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, наным-сеніміңді, ырым-тыйымыңды өзгерт­кенмен бірдей.

– Сонда оюдың рәміздік сипаты қандай?

– Ою және өрнек деген – екеуі екі бөлек ұғым. Ою – ойлаудың, өрнек – сәндеудің көрінісі. Бірақ қазіргі күні «ою» мен «өрнек» сөзі бірге айтылып, латынша «орнамент» (ornamentum – әсемдеу, сәндеу) дегенді білдіретін болды. Оюлар ғылымға неолит, қола дәуірінен бері белгілі. Алғашқы оюлар қоғам тап­тық құрылысқа бөліне бастағанда тасқа бедерленіп, кейіннен киізге, текеметке, кілемге өрнектелген. Адамдар жазу қолданылмаған кезде табиғаттың құбылыстары мен тылсым сырларын, қоршаған орта көріністерін, өз тыныс-тіршіліктерін, рухани, мәдени, т.б. құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа оюларды өрнектеу арқылы түсіндіре отырып, ұтымды жеткізе білген. Бүгінгі Ресейдің Камчатка (Қамшы ат) түбегінде Этельмен (Ителмен) деген халық бар, түр келбеті, қол өнері қазаққа өте ұқсас. Сол ителмен елінің әйелдері өз тарихын алжапқышқа әріпсіз оюмен өрнектеп, кейінгі буынға аманат етіп қалдырып отырады екен. Оны «Бүдүлүхчеге» (шежіре) дейді. Бү­дүлүхчегеден қызы анасының, тіпті әжесінің қай уақытта қайда көш­кенін, өмірлерінде қандай оқиға болғанын біле алған. Мүмкін, біздің арғы әжелеріміздің оюлап сырған сырмақтарында қазақтың төл тарихы жасырынып жатқан шығар. Алайда қазіргі оюлар өңделіп, түпкі мақсатынан айырылған.

– Қазіргі қазақ геральди­ка­сының жай-күйі туралы не айтар едіңіз?

– Қазақ геральдикасы тақырыбы әлі толық зерттелмегендіктен, геральдика туралы мәліметтер мен зерт­теу әдістері еуропалық және ре­сейлік ғалымдардың еңбектерінен алынып келеді. Дегенмен ауыз толтырып айтарлық нәтижелеріміз де жоқ емес. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Кон­сти­туциялық заңына сәйкес Мәдениет және ақпарат министрлігі – геральдика саласының дамуына, мемлекеттік рәміздердің пайдалануы мен насихатталуына, әскери рәміздер мен әскери белгілердің бекітілуіне, өңірлік рәміздерді, ве­домстволық және оларға теңес­тірілген өзге де наградалардың нор­мативтік құқықтық деңгейде бекі­тілуіне жауапты орган саналады.

2011 жылы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия құрылды. Комиссия мемлекеттік рә­міздер, ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар ге­ральдикасы мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ Мемлекеттік ту, Елтаңба, Гимнді орналастыру, ауыс­тыру ережелерінің бұзылмауын, орнатылған мемлекеттік рәміздердің техникалық және басқа да талаптарға сай келуін қадағалайды. Комиссияға облыстардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік рәміздерді пайдалану стандарттарын сақтауы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері ұсынылады. Облыс әкімдерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жөніндегі баяндамала­ры, сонымен қатар орын алған кем­шіліктерді жою шаралары туралы есептері тыңдалады.

2021 жылы сол кездегі Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің Геральдикалық зерттеулер орталығы «Қазақ геральдикасы» кітап-альбомын жарыққа шығарса, 2022 жылы Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қолдауымен «Қазақ геральдикасы» фото-альбомын көпшілікке ұсынды. Бұл екі жинақ та геральдика тарихын көне дәуірлерден тартып, орта ғасырлық ке­зеңдерден өткізіп, кешегі хандық, патшалық, ресейлік, алаш, кеңес ке­зеңіне ұластырып, бүгінгі қазақ гераль­дикасына жалғастыра білуімен құнды.

– Әңгімеңізге рахмет.