• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сенат 22 Қараша, 2024

Мүгедек балаларды кешенді қолдауды көздейтін жаңа заң жобасы әзірленеді

87 рет
көрсетілді

Бүгін Сенатта мүгедектігі бар балаларды кешенді қолдауды көздейтін жаңа заң жобасын әзірлеу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлардың, сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өткен жұмыс тобының алғашқы отырысында құжат мүгедектігі бар балаларға неғұрлым тиімді әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдауға қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылды.

«Бір топ Сенат депутаттары мүгедектігі бар балаларға жаңа мүмкіндік ашатын заң әзірлеуге кірісті. Бұл әлеуметтік және медициналық-педагогикалық көмекті жақсарту мәселелерін ғана емес, сонымен қатар оларды өмірдің барлық кезеңінде қоғамға кіріктіруге жағдай жасауды қамтитын кешенді құжат», деді сенатор Амангелді Толамисов.

Мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау туралы қолданыстағы заң 2002 жылы қабылданған болатын. Оған осы кезге дейін 70-тен астам түзету енгізілді.

Парламентшілердің айтуынша, құжат қазіргі заманғы ахуал мен халықаралық стандартқа сәйкес келмейді. Жұмыс тобының отырысына қатысушылар қолданыстағы заңға ұғымдарды нақтылаумен қоса, 18 баптың 16-сына мемлекеттік және жеке ұйымдар арасындағы іс-қимылдарды ерте анықтау және үйлестіру тетігін жақсарту туралы өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.