Көлік-транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту және көлік дәліздерін кеңейту мақсатында магистральдық желілерді жаппай модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аясында 2027 жылға дейін 1,3 мың км жаңа теміржол салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінгі таңда тиімді транзиттік трансқұрлықтық дәліздер мен бағыттар желісі құрылған. Еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның 5-еуі теміржол және 8-і автомобиль дәліздері.
Жүк тасымалына деген сұраныстың артуын қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылымдағы кедергілерді жою бойынша шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар жаңа жеткізу бағыттары белсенді зерттеліп, жүк тасымалын жылдамдату үшін ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін цифрлық шешімдерді енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бағыты бойынша тасымалдаудың оң динамикасы байқалады. Сонымен бірге, «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізінің әлеуетін ашу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
«Аталған бағытты дамыту үшін Ақтауда өткен бірінші көлік-сауда-экспорт форумының аясында Иран, Түрікменстан және Ресеймен жол картасына қол қойылды. Ол құжатты іске асыру 2030 жылға қарай дәліздің өткізу қабілетін 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Мақсат Қалиақпаров.
Вице-министрдің айтуынша қазіргі уақытта «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолдарын, Алматы айналма темір жолын, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол желілерін салу жұмыстары басталды.
Аталған жобаларды іске асыру Достық стансасының өткізу қабілетін жылына 35 млн тоннаға дейін арттыруға, Алматы стансасы арқылы жүк өткізу уақытын қысқартуға, Сарыағаш стансасын босатуға және Қытай бағытына қосымша 20 млн тоннаға дейін жүк өткізу қуаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Тасымалдардың үздіксіздігін және магистральдық теміржолдардың қуаттылығын арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның 2800 шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды.
«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде теміржол тасымалы бойынша экспорт 130 млн тоннаға дейін жеткізіледі, ал импорт пен транзит көлемі 60% және 65%-ға дейін сәйкесінше артады», деді көлік вице-министрі.