• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 08 Маусым, 2024

Тест талабы да шыңдайды

235 рет
көрсетілді

Ойыл, Жем және Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендегенімен, оның зардабы әлі толық жойылған жоқ. Тасқын судың салдарынан кейбір білім ордалары сабақты онлайн режімде өткізуге мәжбүр болды.

Атырау облыстық білім бас­қармасы мектепке дейінгі және орта білім беру бөлімінің бас маманы Дина Стамғалидың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің шешіміме сәйкес Махамбет ауданында барлық мектептің, Жылыой ауданындағы 4 білім ордасының оқушылары аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. Алайда 11-сынып оқушылары ҰБТ тапсырудан босатылған жоқ. Ал 9-сыныпты бітіргеннен кейін оқуын колледжде жалғастыруға ниетті оқушылар қабылдау емтиханын тапсыруы керек.

Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы оқу жылын 204 мектеп­тің 149 187 оқушы­сы аяқтады. Оның ішінде 9-сыныптың 12 700 оқушысы бар. Білім орда­ларын­дағы 11-сыныпты 6 мыңға жуық түлек біті­реді. Білім ордасымен қоштаса­тын­дар­дың арасында 125 түлек «Алтын бел­гі», ал 329 оқушы «Үздік аттестат» алуға үмітті.

Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлжансара Таңатарованың мәліметінше, мұнда жалпы білім беретін 20 орта мектеп бар. Мектептің дені Тасқын судан зардап шеккен Құлсары қаласында орналасқан.

«Биыл аудандағы білім ордаларын ­684 түлек бітіреді. Ал 9-сыныпты бітіре­тін 1606 оқушы бар. Бұл оқушылар­дың 30 па­йызы оқуын колледждерде жал­ғастыруға ұйғарым жасады. Мектеп бі­ті­ретін түлектердің басым бөлігі ҰБТ тап­сыруға шешім қабылдап отыр. Қазір 617 түлек ҰБТ тапсыру үшін өтініш берді. Бір түлек денсаулығына байланысты Аты­рау облыстық білім басқармасы бас­шы­сы­ның бұйрығымен мемлекеттік емтиханнан босатылды», дейді Гүлжансара Таңатарова.

Білім басқармасының бас­па­сөз қызметі мәлім еткендей, 5252 түлек ҰБТ тапсыруға өті­ніш беріп отыр. Атырау және Құлсары қаласында ҰБТ пункт­тері бар. Тасқын судан зардап шеккен облыстардың бірінде тұрғанымен, атыраулық түлектер өзге өңірлердегі қатарластары секілді баршаға ортақ тәртіппен ҰБТ тапсырады.

Бұл орайда мұнайлы өңір түлектері­не алабөтен жеңілдік жасалып отырған жоқ. Дегенмен Ғылым және жоғары білім министрлігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Х.Досмұхамедов атындағы Атырау универси­те­тінде Қазақстан жоғары оқу орын­дарының ауқымды көрме­сін өткізді. Мақсат – Атырау облысының жастарына бөлінген нысаналы білім гранттары туралы ақпарат беру. Көрмеге ал­ғашқы күні ақпарат алуға 2 мыңға жуық талапкер келді.

«Атырау облысының талап­керлері үшін 1200 білім гранты бөлінді. Биыл мамандықтар­дың саны артып, білім гранттары 9 бағытты қамтып отыр. Атырау өңі­рінің түлектері үшін ма­ман­дық таңдаудың мүмкіндігі көбейді. Бұл көрмеде білікті маман­дар талапкерлерге мамандықты сәт­ті таңдаудың жолын көрсетіп, нарықтағы сұраныс­қа ие салалар туралы кеңес берді. Жо­ғары оқу орындары туралы то­лыққан­ды мәлімет ұсынды», деді министр­дің кеңесшісі Руслан Емелбаев. Оның ­айтуынша, министрлік батыстағы, сондай-ақ халық тығыз қоныстанған, жаңадан құрыл­ған өңірлердің талапкерлеріне 5 мың грант бөліп отыр. Осыған байланыс­ты Атыраудағы көрме аясында «Грант түрлері және талапкердің жол картасы» тақырыбындағы кәсіби бағдар беру ­семинары өтті.

 

Атырау облысы