• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 11 Маусым, 2024

Импортқа тәуелділікті азайту – басым бағыт

116 рет
көрсетілді

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Үкімет жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында агроөнеркәсіп кешенінің барлық секторында тиісті даму жобалары іске асырылуда.

Жоғары сападағы сүт өндірі­сін ұлғайту және импортқа тәуел­ділікті төмендету үшін мемлекет сүт-тауарлы фермаларын іске қосуды белсенді түрде қолдап, ынталандырады.

Жалпы, кейінгі үш жылда олардың саны 446-ға дейін өсті. Тек өткен жылдың өзінде сүтті және етті бағыттағы ірі қара малдың саны 2021 жылмен салыстырғанда 5,2%-ға өсіп, 7,4 млн басқа, оның ішінде сиырдың саны 13,4%-ға артып, 4,2 млн басқа дейін көбейді. Өз кезегінде мұның бәрі сүт өндірісінің артуына (2023 жылы +4,9%) әкелді.

Былтыр сүт өндірушілерге арналған мемлекеттік субсидия көлемі 2021 жылмен салыс­тырғанда 1,5 есеге – 23 млрд теңге­ден 35 млрд теңгеге дейін өсті. Мұнда 10 бағыт қарастырылған: асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу, асыл тұқымды бұқа­ларды табынға жіберу, сүт өнді­ру құнын арзандату, жемшөп шы­ғын­дарын азайту және басқалар.

Сүтті бағыттағы ІҚМ өсіру­ге арналған нысандарды салу, кеңейту және сүт-тауарлы фермаларына арналған жабдықтарды (сауу аппараттары, сүтті салқын­датқыштар, т. б.) сатып алу кезінде фермерлердің инвес­тициялық салымдары да 25% мөлшерінде субсидияланады.

Бұдан бөлек, мемлекет мал басын, техника мен технологиялық құрал-жабдықтарды сатып алу үшін фермерлердің несиелік және лизингтік мөлшерлемелерін 6% деңгейіне дейін жеткізе отырып субсидиялайды.

Қазіргі уақытта мал шаруашы­лығын, ең алдымен, сүтті мал шаруа­шылығын дамытуда негіз­гі тежегіш фактор — жемшөп базасының жеткіліксіздігі. Жалпы, республика бойынша мал азығын өндіру көлемі зоотехникалық норма бойынша талап етілгеннен 2 есе аз. Егіс алқаптарындағы жемшөп дақылдарының үлесі ғылым ұсынған 30%-ға қарағанда аз, шамамен 13,4%-ды құрайды.

Сондықтан Қазақстандағы сүт өндірісінің негізгі бөлігі мау­сым­дық сипатқа ие, яғни өн­діріс жаз­ғы мезгілде жайылым­дық жер­дің шөбін пайдалана отырып жүзеге асырылады. Бұл мау­сым­аралық кезеңде қай­та өңдеу кә­сіп­орындары үшін шикізат тап­шылығына әкеледі. Сүт өндірісінің тұрақтылығына тек мықты жемшөп базасымен қамтамасыз етілген және сүтті сиырларды жыл бойы қорада ұстайтын сүт-тауарлы фермаларында ғана қол жеткізіледі.

2023 жылы 2020 жылмен салыс­тырғанда республикада жемшөп дақылдарының алқабы 100 мың гектарға немесе 3,1-ден 3,2 млн гектарға ұлғайды. Олардан алынатын жалпы өнім 2020 жылғы 4,6 млн тоннадан 2022 жылы 4,9 млн тоннаға дейін өсті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жемшөп өндіру көлемінің белгілі бір ұлғаюына қол жеткізілді. Бүгінгі күні ірі азықпен қамтамасыз ету – 80% (2020 жылы – 5%), шырынды жем – 60% (2020 жылы – 50%), кон­центрацияланған жем 50%-ды (2020 жылы – 48%) құрайды.

Саланың қажеттілігін то­лық қамтамасыз ету үшін Үкі­мет 2023-2025 жылдарға арнал­ған жемшөп өндірісін дамыту жөніндегі жол картасын іске асыруда. Ол 2025 жылға қарай жемшөп дақылдарының егіс алқабын 3,3 млн гектарға дейін жеткізуді көздейді. Өткен жылдың өзінде 2020 жылмен салыс­тырғанда республикада жемшөп дақылдарының көлемі 100 мың гектарға немесе 3,1 млн гектардан 3,2 млн гектарға ұлғайды.

Мемлекет басшысының Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін кеңінен тарату жөніндегі бастамасы сүт-тауарлы фермаларын дамытудағы маңызды қадам болды. СТФ салу жөніндегі жобаны іске асыру есебінен сала жетекші орынға шықты. Өңірде республикадағы сүт көлемінің 10%-дан астамы өндіріледі. Оны өндірумен 52 мың бас малы бар 100-ден астам агроқұрылым айналысады, оның 38-і – заманауи сүт кешені.

СҚО-да соңғы 6 жылда мал басының жалпы саны 16 мың сиыр­дан асатын және қуаты 81,8 мың тонна сүт өндіретін 30-дан астам сүт фермасы іске қосылды. Сондай-ақ бұл 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жобаларды іске асыруға 39,5 млрд теңге инвестиция салынды.

СҚО тәжірибесін кеңейту шеңберінде 2023 жылы сенімді агент арқылы АӨК саласындағы жобаларға жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске асырыла бастады. Оның негізгі мақсаты – импортты алмастыру, ішкі нарықты отандық өніммен толтыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру.

Өткен жылы бағдарламаны іске асыруға жалпы өндірістік қуаты жылына шамамен 372 мың тонна сүтті құрайтын 65 сүт-тауарлы фермасын несиелеу үшін 100 млрд теңге бөлінді. Шарттарға сәйкес 5 млрд теңгеге дейінгі жеңілдетілген несие 10 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2,5%-бен беріледі.

Бүгінгі таңда Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі ет шаруа­шы­лығы, жылыжай кешен­дерін, жеміс сақтау қойма­ларын, ба­лық өсіру шаруашылықтарын, балық өңдеу кәсіпорындарын, құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторларды салу және т.б. жобаларды қаржы­лан­дыру мүмкіндігі болуы үшін бағдарламаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Жалпы, 2024 жылы Бағдарла­маны жүзеге асыруда 80-ге жуық жобаны іске қосу үшін 100 млрд теңге қарастырылған.

Халықаралық ынтымақтас­тық та бір орында тұрған жоқ. Осы­­лайша, 2024 жылы ФАО (БҰҰ Азық-түлік және ауыл шар­уа­шылығы ұйы­мы) Қазақстанда сүт­ті мал шаруа­шылығын дамы­ту жөніндегі ұзақ­мерзімді сала­лық бағдарламаны әзірлеуге техни­калық қолдауды мақұлдады. Бұл ФАО-ның Техникалық ын­ты­мақ­тастық бағдарламасы шең­берінде іске асырылатын болады.

Сондай-ақ қазақстандық-гер­мандық KFM сүт жобасын атап өткен жөн. Мемлекет бас­шы­сы­ның 2019 жылғы жел­тоқсанда Бер­линге ресми сапары барысын­да аталған жобаны іске асыру тура­лы бірлескен мәлімдемеге қол қо­йыл­ған болатын. Оның аясында Гер­манияның Федералды азық-түлік және ауыл шаруашы­лығы ми­нистрлігі Қазақстанның фер­мер­леріне сүт-тауарлы фермаларын дамыту бойынша білім мен дағды­ларды меңгеруде қолдау көрсетеді.

4 жылға жуық уақыт ішінде Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыс­тары­ның шаруалары тиісті кон­салтингтік қызметтер алды. Қазіргі уақытта жоба жұмысы Алматы облысында «Байсерке-Агро» ОҒӨО базасында кеңесші­лер даярлау және сүт саласы ма­ман­дарының біліктілігін арттыру бойынша шоғырланған.

Ішкі нарықты сапалы отан­дық азық-түлік өнімдерімен толықтыру – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Қазірдің өзінде оң нәтижелер бар, сондықтан жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу маңызды. Даму бағдарламаларын одан әрі іске асыру Қазақстанға өндіріс деңгейін едәуір арттыру­ға және көптеген тауар түрі бо­йынша өз қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.