Биыл Құрбан айтқа ертерек қамданғанымыз дұрыс деп шештік. Бастысы – көңілден шығатын, талапқа сай, міні жоқ мал табу.
Айт мерекесі қарсаңында Көкшетаудың мал базарына малсақ қауым әкелуін әкеледі. Бірақ қарбалас. Бағасы да ептеп қымбаттайды. Жұмсайтын адам табу бір машақат. Қалаға жақын жердегі түп нағашымыз Көбен ақсақалдың шаңырағына ат басын тіредік. Өзі бір бауырмал кісі. Қашан келсең де, қауқылдап қарсы алады. Есік алдында жүр екен. Мал-жанның амандығын сұрастық. Бірден ішке оздық. Апайымыздың қою шайын ішіп отырып, Құрбан айтқа мал іздеп шыққан жөнімізді айттық.
«Е, мал табылады ғой, – деді Көбен ақсақал, – бес-алты ісегім жарты жылдан бері жемде тұр. Ендігі қабырғасы жабылған шығар».
Дастарқан басында түп нағашымыздың жамағайыны, өткен жылы облыс орталығындағы университетті бітірген жас жігіт отырған. Әңгіме болсын деді ме, Құрбан айттың мәнін сұрады. Дәл осы сауалды күтіп отырғандай Көбен ақсақал көсіле сөйлеп кетті.
«Көнекөздердің айтуына қарағанда, құрбан шалу пенденің алдына қойған асқаралы мақсатына жету үшін тұла бойындағы күш-жігерін, тірнектеп жинаған байлығын, денсаулығын құрбан етуге әзір екенін білдіретін жай болса керек. Оның үстіне көршің аш отырғанда қарны тоқ болған адам мұсылман емес дейтін тәмсіл бар. Негізі Құрбан айт мерекесі кезінде әлеуметтік теңсіздіктің белгілері жойылады. Дәулетті адамдар босағасына біткен ырыстың жұқанасымен бөлісуге тырысады. Бағзы заманда үйір-үйір малдың құрбандыққа жұмсалғаны туралы деректер бар ғой. Ол біздің халықтың жомарттығын, бауырмалдығын көрсетсе керек. Міне, сондықтан бұл күндері байдың да, кедейдің де дастарқаны тоқ болмақ. Осы уақытқа дейінгі ағайын арасындағы түсініспеушіліктен туындаған көңіл кірбіңі мерекенің шуағымен шайылып, тазармақшы.
Жамағайыны ғана емес, бәріміз тұшына тыңдадық. Несін айтасыз, жаны жомарт түп нағашымның үйінен ат мініп, атан жетектегендей олжалы оралдық. Құрбанға шалар мал табылды әрі мерекенің мәнін жас толқынның санасына сіңірді. Ең бастысы да сол. Ақыл таразысына салсаңыз, аз дүние емес қой.
Көкшетау