• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Маусым, 2024

Өндірісте өсім бар

88 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысының қайта құрылғанына екі жылдан астам уақыт болды. Әйгілі Хантәңірі мен асқақ Алатаудың етегін алып жатқан, Қарадала төсін дүбірге бөлеп, Іленің бойын құт­ты қоныс еткен, түгін тартса майы шығатын өңірдің ауыл шаруа­шылығын қарқынды дамытумен қатар ірі өндіріс ошағына айналдыру бүгінгі күннің басты міндеті екенін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өтті.

Өз алдына құрылған облыстың осы уақыт ара­лығындағы экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіші еселеп артып, елдің рухани өмірі де оң өзгеріске ие болды.

Жуырда өңірге келген Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы тап­сырмаларының орындалу барысы мен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар бары­сымен танысқан болатын.

«Мемлекет басшысының облысқа ісса­пары барысында өңірді болашақта ең ірі өндірістік, инновациялық, туристік және спорт­тық орталыққа айналдыру жөнін­де міндеттер қойылды. Бұл бағыттағы қадам­дарымыз айқын, белгіленген жоспарларымызды нақты жүзеге асыруға көштік.

Бірлескен жұмыстың нәтижесінде облыс­тың одан әрі дамуына ықпал еткен бірқатар шара қабылданды. Мәселен, өткен жылы облыс бюджетінің түсімдері 795,5 млрд теңгеге жетті», дейді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар инвесторлармен жүргі­зілген белсенді жұмыстың арқасында облыс экономикасына жалпы көлемі 705,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 2022 жылға қарағанда былтырғы көрсеткіш 10,7 пайызға ұлғайған.

Нәтижесінде, облыстың әлеуметтік-эконо­микалық дамуында оң динамика сақталды. Мәселен, өткен жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2,4 пайыз өсіммен 4,9 трлн теңгеге жетті немесе республика бойынша 5-орынға тұрақтады. Жалпы өңірлік өнім жылына орташа 800 млрд теңгеге артып отыр.

«Өнеркәсіп облыс экономикасының локомотиві болып табылады және жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін құрайды. Оның ішінде өңдеу саласы 90,4 пайызға артып, республикада 1-орында болсақ, ал өн­дірілетін өнім көлемі 1,6 трлн теңгені құрап, 7-орынды иеленеміз. Салада 44 жаңа кәсіп­орын пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұрған 12 кәсіпорын кеңейтілді, қосымша 1684 жұмыс орны құрылды», дейді өңір басшысы.

Облысқа 5 ірі трансұлттық компания тартылып, жобаларын іске асыруды бастап кетті. Тарқатып айтсақ, картоп чипсиін өндіретін «PepsiCo», темекі бұйымдарын шығаратын «KT&G», «A» классты қоймалар бойынша «OZON»-мен бірлескен «Focus Logistics», «Строитель 98» және «Rungis International» сауда-логистикалық хабы.

Сондай-ақ отандық «Алтын таға» компаниясы құны 120 млн доллар болатын құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс кешенін салуды бастады.

Құны 100 млн долларды құрайтын елі­міз­дегі ең ірі жылу оқшаулағыш ма­териал­дар зауытын іске қосып жатқан ресейлік «ТехноНИКОЛЬ» компаниясы, сондай-ақ 290 млн доллар инвестиция көлемімен «Жетісу вольфрамы» вольфрамды терең өңдейтін зауыт құрылысы аяқталуға таяу.

Маятниктік көші-қонды төмендету және облыс тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін кешенді өсу нүктелері ретінде жалпы ауданы 2 119,3 гектар болатын «Береке», «Қайрат», «Шелек», «Қазбек Бек», «Тас­қа­расу», «Сұңқар» және «Жібек жолы» деп аталатын 7 индустриялық аймақ­тың құ­рылуы  өңір экономикасының өркен­деуіне оң серпін беріп отыр. Мұнда экспортқа бағдарланған өндірістер орналастырылатын болады.

«Бүгінде «Береке» және «Қайрат» индус­триялық аймақтары тиісті инфрақұ­рылыммен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, біз «Қайрат» индустриялық аймағының инфрақұрылымын жүргізуді мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігімен жүзеге асырдық. Қазіргі уақытта осы тәжірибені басқа өңірлер де қолданып жатыр. Осы екі аймақта бүгінде 149,5 млрд теңгеге 5 жоба іске асырылуда. Олар: жеміс-көкөніс өнімдерін мұз­дату бойынша «Fruit Art» сублимация за­уыты, шойын өнімдерін өндіретін «SAFA Industrial», болат сымдар шығаратын «QazMetProduct», жылу оқшаулағыш материал­дарын өндіретін «ТехноНиколь» және тау-кен техникасына арналған сауыт өнд­іретін «Sunlong» зауыттары. Сондай-ақ 15 жобаның құрылысы жүріп жатыр», дейді Марат Елеусізұлы.

Былтыр ауыл шаруашылығын дамытуға 62,3 млрд теңге қаражат бағытталғанын, оның ішінде 30,4 млрд теңге субсидия екенін айта келе, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өткен жылы өңірге республикалық бюджеттен 8,3 млрд теңге бөлініп, бағдарламаға облыстың барлық 133 ауылдық округі қатыс­қанын алға тартты. Биылғы бағдар­лама аясында 14,1 млрд теңгеге 1837 шағын несие беру жоспарланды.

Мал шаруашылығы өнімдерінің орташа өсімі 2,8 пайызды құрап, 289 мың тонна ет, 559 мың тонна сүт, 570 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 280,2 млн АҚШ долларын құрады, ол алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,2 пайызға ұлғайған. Нәтижесінде ауыл шаруа­шылы­ғының жалпы өнімі 817,6 млрд теңгені құрап, еңбек өнімділігі 3,9 млн теңгеге жетті.

Экономиканың негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлік саласы да кең өріс алған. Кә­сіпкерлікті қолдауға 29,0 млрд теңге бағыт­талып, 1552 жоба қаржы­ландырылды. Нәти­жесінде, шағын және орта бизнес субъектісі 15,5 пайызға көбейіп, 134,6 мыңға жетті. Бұл салада осы күні 250 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар 3,6 трлн теңгеге өнім шығарған, өсім – 11,7 пайыз, ал салықтық түсімдер 276,4 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 46,0 пайызға жетіп, Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі 3-орында.

Алматы облысы – еліміздегі маңызды турис­тік өлкелердің бірі. Көгілдір Көлсай көлдері мен әлемге әйгілі Шарын шатқалына, Қапшағай суқоймасы мен басқа да табиғаты тамаша туристік нысандарға келген демалушылар саны шамамен 1,5 миллион адамды құраған. Оларға көрсетілген қызмет көлемі 8,9 млрд теңгеге жетіп, бұрынғы жылдармен салыстырғанда 35 пайызға артқаны байқалады. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, өткен жылы «Шарын» және «Іле-Алатау» парктерінде 3 визит-орталық ашылып, «Көлсай көлдерінде» таулы соқпақтар мен маршруттар абаттан­дырылды. Сондай-ақ Қапшағай суқой­масының жағалауында жеке инвестиция есебінен «Golden beach Kapshagai»,«Makao Luxury Village», «Ақ Жайық», тағы да басқа кешендер іске қосылды. Аталған салаға өткен жылы 60 млрд теңге инвестиция салынды.

Осы орайда айтар болсақ, туристендіру картасына жататын 33 аумақтың 9-ы Ал­маты облысында орналасқан. Оларды дамыту маркетингтік іс-шаралары ұйым­дастырылуда. Олар – елімізде алғаш рет өткізілген «Әуе шарлары» фестивалі, «Tengri ultra» Ұлы дала марафоны, Іле-Бал­қаш регатасы, басқа да спорттық-мәдени іс-шаралар. Туристік аймақ­тарда инфрақұрылым сапасын арттыру мақсатында алғаш рет облыстың 15 туристік нысан мен ұлттық парктер абаттандырылды. Негізгі туристік маршруттар бойында жүзге жуық туристік навигациялық жүйе орнатылған.

Өңір халқының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін инфрақұрылымды дамыту маңызды міндет екенін айтқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мұндағы мақсаттардың бірі – халықты тұрғын үймен, сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстар тиегін ағытты. Өткен жылы өңірде 864 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, қолданысқа берілген.

Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бо­йын­ша 4,9 пайыз үлеспен республикада 6-орынға ие облыста былтыр 214 отбасы жеке тұрғын үймен қамтылса, оның ішінде 191-і – көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал тобынан. Тұрғындарды таза ауызсумен қамту деңгейі 93,2 пайыз немесе 358 елді мекенді құрайды.

Былтырғы жылдың қорытындысында облыстың газдандыру деңгейі 51,4 пайызға жетіп, қазіргі таңда 151 елді мекенде тұратын 1,1 млн адам көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.

Аймақтың автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге өткен жылы 46 млрд теңге бөлініп, игерілген. Алайда халықтың шымбайына батқан жолдар жоқ емес. Күні бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген немесе сапасы сын көтермейтін күрежолдардың жайы қарапайым халықтың жанайқайына айналып отырғанын жасыруға болмас.

Жалпы, ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға «Ауыл – ел бесігі» жобасы сеп­­тігін тигізуде. Өткен жылы 49 елді мекенде 10,9 млрд. теңгеге 63 жоба іске асырылды. Нә­тижесінде, 4 дене шынықтыру-сауық­ты­ру кешені, 1 мәдениет үйі салынып, пай­далануға берілді.

Экономиканың нақты секторындағы оң серпін әлеуметтік саланы дамытуға мүм­кіндік берді. Халықтың табысын артты­рудың өңірлік бағдарламасы аясында былтыр 68,4 мың жұмыс орны құрылған.

Қорыта келе, мемлекеттік қолдаудың барлық шара жүзеге асырылып жатқан өңірде тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі түр­леніп, ауылдар гүлденіп келеді десек, асы­ра айтқандық емес.

 

Алматы облысы