Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары «Фармацевтика саласының жағдайы мен даму перспективалары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізу аясында Қарағанды фармацевтика кешеніне барды, деп жазады Egemen.kz.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп шараның мақсаты – «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС қызметімен танысу, фармацевтика саласының жай-күйі мен даму келешегіне талдау жүргізу және өзекті мәселелерді талқылау екенін атап өтті.
Депутаттарға Қазақстандағы фармацевтика нарығында 80-нен астам отандық өндірушінің бар екені, оның жартысынан азы дәрілік заттар өндірумен айналысатыны айтылды. Жалпы, отандық фармацевтика саласындағы кәсіпкерлер 900-ге жуық дәрілік заттар мен мыңнан астам медициналық бұйым шығаратыны белгілі болды.
«Бұл кездесудің негізгі міндеті – халықты қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етудегі өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ отандық фармацевтика саласының ағымдағы жай-күйімен және өндіріс барысымен танысу еді. Бүгінгі талқылаудың нәтижесі алдағы дөңгелек үстелге дайындық кезінде ескерілетін болады, бұл халықты сапалы медициналық препараттармен және бұйымдармен қамтамасыз етуде неғұрлым тиімді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді», деді сенатор Нұртөре Жүсіп.