Елдің ең ірі астықты өңірлерінің бірі – Солтүстік Қазақстан облысына көктемгі егіс жұмысының барысымен танысуға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен келді. Министр сапарын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхаметовпен бірге Ғ.Мүсірепов ауданының астықты алқаптарын көруден бастады.
Мұндағы «Нұрсен Агро», «Полуденский» ЖШС-ларының егіс алқабымен танысқан министр ауа райының қолайсыздығына қарамай егіс жұмыстарының өз уақытында жүргізіліп жатқанын көрді.
«Көктемнің бір күні – жылға азық» дегенді халқымыз бекер айтпаған, әрбір жайлы күнді барынша тиімді пайдаланып қалуға тырысыңыздар. Қазір бүкіл ел Мемлекет басшысымен бірге сіздерге қарап, сіздердің жұмыстарыңыздың сәтті болуын тілеп отыр», деді ол диқандармен кездескенде. Облыс басшысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының кешегі тасқын суына қарсы күресте көп көмек жасағанын еске алып, еңбектеріне жеміс тілейтінін айтты.
«Облыстағы «Зенченко и К», «Ноғайбай» ЖШС сияқты озық шаруашылықтардың қатарында сіздің шаруашылықтарыңыз да өзінің қолдан келген көмегін көрсетті. Барлығы 360 агроқұрылым су апатымен күресте көмегін жасады», деді.
Министр ешкі өсірумен айналысатын Светлана Карабанованың фермасында да болып, ешкі сүтінен бірнеше түрлі өнім алып, нарыққа шығарып отырған іскер әйелдің тәжірибесімен танысты.
«Ешкі сүті – ең таза өнімнің бірі. Оның емдік қасиеті де күшті. Қой бастаған ешкілер шөптің нәрлісін, жемнің дәмдісін алдымен жейді», дейді С.Карабанова.
Облыс әкімдігінде өткен жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есе ұлғайту, қайта өңдеу өнімдерінің үлесін 70%-ға жеткізу мәселелері талқыланды.
«Бұл міндеттерді орындау үшін министрлік жол картасын әзірлеп, көрсеткіштерді белгіледі. Мемлекет егіс науқанын оңтайлы мерзімде ұйымдастыру және оны сәтті аяқтау үшін барлық қажетті шараны қабылдады. Биылғы көктемгі егіс және орақ науқанына алғаш рет 5% жеңілдікпен 400 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді. «Несиелер «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша бөлініп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдары, несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады», деді Айдарбек Сейпілұлы.
Бұрынғы қаржыландыру көлеміне «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша қосымша 400 млрд теңге тарту мүмкіндігі бар екен. Бұл мақсатқа «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша 300 млрд теңге тартылатын көрінеді. Қалған қаражат көздері де табылған. «Кең дала-2» бағдарламасына өтініштер 29 сәуірден бастап қабылданып жатыр. Бүгінде 600-ден астам шаруа қожалығы жалпы сомасы 46,6 млрд теңгеге өтінім қалдырды, бұл 425 мың гектар егіс алқабын несиемен қамтуға мүмкіндік береді», деді министр.
Айтуына қарағанда, жеңілдетілген несиенің қосымша көлемін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы субсидияландыру тетігіне өзгерістер енгізілген. Тарата айтар болсақ, біріншіден, шаруалар енді өсімі 5% ғана болатын жеңілдетілген несиені пайыздық мөлшерлемесін субсидициялайтын қаражатсыз-ақ алуына болады. Демек бұрын шаруа алатын несиесінің өсім пайызын субсидиялайтын болса, енді ондай жүктеме болмайды. Екіншіден, қарызды кепілдендіретін жағдайды жақсарту үшін қарыз сомасының шартын 85%-ға кепілдендіретін тетік қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы