Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мәдени мұраны сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» бағытындағы мемлекеттік тапсырыспен стратегиялық әріптестікті іске асыру бойынша жариялаған конкурста «Қазақстан Жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі қаламгерлерге арналған үш жобаның жеңімпазы атанды.
Бірінші жоба қаламгерлер қатарынан құралған экспедиция негізінде аймақтардың бүгінгі жай-күйін еш бүкпесіз зерделеп, зерттеп, толыққанды айқын картинаны суреттейтін шығармалар жазып, оны басып шығарып, оқырмандарға ұсынатын «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» деп аталады. Сондай-ақ аталған жоба аясында 20 жас ақын-жазушыға мемлекеттік грант тағайындау қарастырылған. Жас қаламгерлер әр аймаққа бөлініп, өңірлердің жаңа әдеби бейнесін қалыптастыратын тың туындылар жазады. Нәтижесінде, қазақ әдебиетіне 20 шығарма қосылатын болады (бір гранттың сомасы 4,2 млн теңге).
Екінші жоба – Жазушылар одағының мәдениет саласындағы 90 жылдық тәжірибесіне сүйеніп, отандық және шетелдік мәдениеттанушылар, философтар, әлеуметтанушылар, киногерлер, театртанушылармен бірлесе отырып, жас қаламгерлер легін қалыптастыруға, әдебиет саласында кенжелеп қалған детектив, фэнтези, комикс жанрларын дамытуға негізделген «Жазушылардың шеберлік мектебі».
Жоба аясында жас қаламгерлер Жазушылар одағында шетелдік және отандық әдебиет майталмандары өткізетін дәрістерге, шеберлік сыныптарына қатысатын болады. Қатысушылардың жолы, тамағы және жатын орны Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан төленеді.
Үшінші жоба – ТМД елдерінің мұрағаттарында Қазақстанның мәдениеті мен әдебиеті бойынша жаңа мұрағаттық материалдарды анықтауға зерттеулер жүргізіп, «Қазақстан жазушылары зерттеу орталығының ТМД елдері мұрағаттарында жұмыс істеуі» жобасы негізінде кітаптар мен жинақтар шығару. Жоба аясында Ақтөбе қаласында халықаралық форум өтеді деп жоспарланып отыр.
Бүгінде министрлік Жазушылар одағымен келісімшартқа отырып, үш жобаға қатысуға өтінімдер қабылдау басталды.