Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті жақында Сырым аудандық кітапханасына 100 кітап сыйға тартты. Бұл жөнінде департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Биылғы көктемде Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды кітап оқуға шақырып, өнер-білімнің қажеттілігін ерекше атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының бастамасын қолдау мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» әлеуметтік акциясын жариялады. Бастама көптеген мемлекеттік ұйымның тарапынан қолдау тапты. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті.
Жақында департамент басшысы, полиция полковнигі Арман Оразалиев жазушы Мұқадес Есламғалиұлы атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана қорына 100 кітап тарту етті. Бұған дейін де 335 мың кітап қоры бар руханият ошағы түрлі жанрдағы жинақтармен байи түсті.
Бүгін біз «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты әлеуметтік акцияға өз үлесімізді қосып отырмыз. «Алаш» тарихымен тікелей байланысты бұл елді мекен – тарихи тұлғалар шоғыры шыққан қасиетті де тағылымды топырақ. Бүгін кітапхана қорына тапсырылып отырған бұл кітаптар өз оқырманын табатынына сенімдіміз. Жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау жолындағы жұмыстарыңыз жемісті болсын», деді Арман Молдиярұлы.
Кітапханада өткен кездесуге арнайы келген Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов та аудан тұрғындары атынан департамент бастығына ризашылығын білдіріп, Алғысхат тарту етті. Іс-шараға қатысқандар саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне гүл шоғын қойды. Жақында жаңа ғимаратта жаңарып ашылған аудандық мұражай жәдігерлерімен танысты.
Батыс Қазақстан облысы