Осы күндері Вена қаласында ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы проблемаларға шолу бойынша жыл сайынғы конференциясының өтіп жатқаны туралы бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.
Бұл маңызды форумның ашылу рәсімінде еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов сөз сөйледі. Оның айтуынша, бүгінде ЕҚЫҰ өңірі бетпе-бет келіп отырған қауіпсіздік саласындағы проблемалардың негізінде сенім дағдарысы жатыр. “Біз өзіміздің басты проблемамызды сенім дағдарысынан көріп отырмыз. Қару-жараққа бақылау режімінің іріп-шіруі, созылмалы дағдарыстардың шешілмеуі, ЕҚЫҰ миссиясының Грузияда қалпына келтірілу үдерісіндегі прогрестің жоқтығы – осы конференция барысында талқыланатын негізгі мәселелер. Және олардың бәрі де сенім дағдарысы айқын көрініс бергенін қуаттайды”, – деді К.Жигалов.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде біз өзіміздің негізгі міндетімізді Ұйымға қатысушы елдердің ұстанымын жақындастыруда және жалпыға ортақ бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі тұрғысынан өзара қабылданатын шешімдерді іздестіруде деп білетінімізді де Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары айтып өтті.
ЕҚЫҰ-ның 1999 жылғы Вена құжатын жаңарту жөніндегі жұмыс басталып, ол ЕҚЫҰ елдерінің сенім деңгейін және өзара ынтымақтастықтың тиімділігін елеулі түрде арттырады деген үміт артылады. Вена құжаты сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларына қатысты болғандықтан, ол Ұйымға мүше мемлекеттерден қарулы күштер мен әскери қызмет туралы ақпарат алмасуды талап етеді.
К.Жигалов ЕҚЫҰ-ның “Корфу үдерісі” деген атпен белгілі болашақ еуропалық қауіпсіздік туралы үнқатысу кооперативтік рухты қалпына келтіру үшін бірегей мүмкіндік болып табылатынына және қазақстандық төрағалық осы үнқатысу мен ЕҚЫҰ қызметінің аясында өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін атап көрсеткеніне тоқталды. Мұндай мүмкіндікті Ресей мен Құрама Штаттар арасында Ядролық қару-жарақты қысқартуға байланысты жаңаша шартпен жұмыс істеу кезінде қол жеткізілген өзара түсіністік қуаттай түседі.
Өтіп жатқан конференция Корфу үдерісіне жәрдемдесетіні сөзсіз, бұл тақырып ЕҚЫҰ-ның сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде талқыланатын болады. Ол шілде айының ортасында Қазақстанның Алматы қаласында өтеді.
Конференцияда Қырғызстандағы дағдарыс туралы айтылғанда жиналғандар онда адамдардың опат болуына байланысты көңіл айтып, “ЕҚЫҰ-ның ахуалды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерін белсенді үйлестіру маңызды” екендігі атап өтілді.
Грузияға байланысты мәселені талқылау барысында К.Жигалов ЕҚЫҰ-ның өңірдегі рөлін қолдау білдіру тобын құру жолымен күшейту керектігін атап өтті. “ЕҚЫҰ-ның Грузияда болуын қалпына келтіру мәселесі сөзсіз маңызды болып табылады”, – деп К.Жигалов.
Жұмыс сессиялары барысында трансұлттық қауіп-қатерлер мен сынақтар, ЕҚЫҰ-ның дағдарыстың ерте бастан алдын алу, жол бермеу және реттеудегі рөлі, дағдарыс жағдайларындағы басқару және қақтығыстан кейінгі қалпына келтіру секілді мәселелерге айрықша назар аударылды. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында Ауғанстанға қатысты тақырыптар да көтерілді.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.
Суретті түсірген Сюзанна ЛОФ.