Жетісулық шаруаларға 148,3 млн текше метр су берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жетісу облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Саят Құдайбергенов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде 26 мың гектардан астам егіс алқабы суарылды. Шаруалармен барлығы 770,3 млн текше метр суармалы су беру жөнінде 6140 келісімшарт жасалған.
Сондай-ақ жалпы ұзындығы 106,2 шақырым болатын канал бөлігі механикалық әдіспен тазаланып, 13 гидротехникалық құрылыс пен 9 гидробекет жөнделіп отыр.
Саят Құдайбергеновтің айтуынша облыста жаңа су шаруашылығы нысандарын салу жоспарға алынған. Бұлар – Ескелді ауданындағы Балықты өзеніндегі су қоймасы, Панфилов ауданындағы Қорғас, Үсек және Тышқан өзендеріндегі үш су қоймасы, Алакөл ауданындағы Жаманты су қоймасы, Көксу ауданындағы Быжы өзеніндегі су қоймасы. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.