• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 15 Маусым, 2024

Демалыс пен еңбек үйлессе...

119 рет
көрсетілді

Аспан айналып жерге түсердей аптап ыстыққа қарамастан өңір тұрғындары жұма күні жұмылып, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бірыңғай сенбілікке шықты. Облыс аумағын түгел қамтыған ауқымды экологиялық іс-шараға жергілікті атқарушы билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар, студенттер, ерікті жастар, қарапайым тұрғындар қатысты. Бұл күні тазалықты ту еткен 30-ға жуық экоакция, флешмоб, челлендж, сенбілік іс-шаралары өтті.

Мемлекет басшысы ­бас­тап берген жал­­пы ұлттық экоак­ция­ аясын­дағы «Жасыл аймақ» кү­ні­не орай, Ұзынкөл ауданына қа­­расты Ершов аулының орта­лық саябағына 250 емен көшеті отырғызылды. Шалғай ауылда өт­­кен экологиялық іс-шара жер­гілікті шаруашылықтың басшысы Сәбит Ағайдаровтың қаржылай қолдау көрсетуімен өткенін де а­йта кеткен жөн.

«Бізде ауыл тұрғындарының жағдайын жасап, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы жұмыспен қамтамасыз ету мәсе­лесін шешіп беріп жатқан жер­гілікті шаруашылық басшылары, кәсіпкерлер бар. Мысалы, бүгінгі саябаққа көшет отырғызу акция­сы негізінен «Ершов-2» ЖШС көмегімен атқарылып жатыр. Бұл саябақтың бүгінгідей абат ке­йіпке енуіне жоғарыда аталған се­­ріктестік пен «Ержанов А.Ж.», «Надежда» шаруа қожалық­тары, Ұзынкөл орман шаруашылы­ғының жұмысшылары көп ең­бек ­сіңір­­ді. Сондай-ақ саябақ­қа үнемі ­кү­тім жасап, қоқыстан тазартып ­оты­ратын бюджеттік мекемелердің де еңбегі зор. Осы­ның нәтижесінде кейінгі 7 жыл ішінде саябаққа төсемтас төсе­ліп, түрлі демалыс алаң­ы, жүгіру жолағы, көзтартар газон пайда болды. Ал мұндағы балалар алаң­қайын бюджеттің қаржысына салдық», дейді ауыл­дық округ әкімі Мария Гоян.

Ауыл әкімінің айтуынша, биыл Ершовта балаларға арнал­ған тағы бір ойын алаңын, сондай-ақ коньки тебу кортын салу жоспарда тұр.

Республикалық экологиялық акцияға сәуірден бері белсенді атсалысып жатқан рудныйлық­тар Тобыл өзенінің жағасында «Спорттық экожорық» деп аталатын тимбилдинг өткізді. Іс-шара­ға жастардың еңбек жасақтары, колледж студенттері, қалалық төтенше жағдай басқармасы мен жастар ресурстық орталығының өкілдері – барлығы ұзын-ырғасы 60-тан астам адам қатысты.

Тимбилдинг өзен жағасын қоқыстан, тұрмыстық қалдықтар­дан тазартудан басталды. Одан әрі қалалық төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері түрлі макет пен арнайы құ­рал-жабдықтарды пайдалана отырып, көпшілікке суда жү­зу, өрт қауіпсіздігін сақтау ере­же­лерін түсіндіріп, тренинг ұйым­дастырды. Сонымен қатар төтенше жағдай­лар кезінде зардап шеккендерге ал­ғашқы медициналық көмек көр­сетудің жөн-жосы­ғын көрсетті. Ал Рудный әлеумет­тік-гуманитарлық колледжінің студенттері көңілді музыкалық жаттығу, спорт жа­рыстары мен квест өткізді.

Экожорықтың соңында үз­дік командалар мен ең көп қо­қыс жинаған топ марапатталды. «Спорт­тық экожорық – қала тұр­ғын­­дарының экологиялық жауап­кершілігін арттыруға, көпші­­лік­тің табиғатқа жанашырлық­пен қарауын қалыптастыруға ба­ғыт­талған. Ал спорттық іс-шаралар, квест, тренингтер тазалық акция­сына қатысқан топтарды өзара жа­қындастырып, көптеген осын­дай ­игі іске атса­лы­суға құл­шын­ды­ра­ды», дейді ұйымдастырушылар.

Рудныйдағы еңбекші жастар жасақтары маусымның үшінен бастап қаланы абаттандыру жұ­мысын атқарып жатыр. Қаланы қара күзге дейін таза ұстап тұруға бекінген бұл жасақтың құрамын­да 150 жас сарбаз, 15 командир ең­бек етіп жүр.

Дәл осы күні шекара түбінде жатқан Қарабалық ауданының волонтерлері мен жастардың еңбек жасақтары бірлесіп, «Жас­тар таза Қазақстан үшін» деп аталатын флешмоб өткізді. Белсенді жастардың басын қосқан іс-ша­ра­ға 50-ге жуық белсенді жас қа­тыс­ты.

«Аталған іс-шараның басты мақсаты – суқоймаларының айна­ласындағы санитарлық тазалық­ты сақтау, жастардың қоғамдық бел­сенділігін арттыру, көпшілік­тің табиғатқа жанашырлығын дамы­ту. Акция аясында Тоғы­зақ өзені­нің бойындағы ұзындығы 4 шақы­рым болатын жағалау қо­қыс­тан тазартылды. Сондай-ақ осы өзен­­де тұрған бөгеттің айналасы рет­те­ліп, ауыл тұрғындары жиі ба­рып ­демалатын жағажай қоқыстан ­тазартылды», дейді ауыл­дың бел­сен­ді тұрғыны Ирина Алтынникова.

Қостанай қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында пайда болып, бү­гінде дәстүрлі іс-шараның біріне айналған «Таза ойындар» жас­тар экологиялық акциясы өтті. Ойынға «Neco» экологиялық қо­ры мен Қостанай облысының жас­тар ресурстық орталығы мұрын­дық болды.

«Мұндай көңілді, жастарды еліктіретін іс-шараның бас­ты мақ­саты – экологиялық акциялар­ға үзбей қатысып жүрген жас­тар қатарын көбейту. Мәселен, бүгінгі акция балаларға өте қатты ұнады. Келешекте «Таза ойындар» кәдімгі спорт жарыстары сияқты қоғамға пайдасы мол дәстүрлі іс-шаралардың қатарына қосылады. Өйткені жастардың бұл ойынға деген ынтасы зор», дейді облыстық МРК басшысы Абай Дүйсеков.

«Таза ойындар» акциясына «Жа­сыл ел» жастар еңбек жа­сақ­­тары­ның мүшелері, ЖРО өкіл­­дері мен еріктілері, Жастар ассам­блеясының жергілікті во­лонтерлері қатысты.

Сонымен қатар Арқалық қала­сы мен Амангелді, Жангелдин, Сарыкөл, Денисов, Федоров аудан­дарында да тұрғындардың эко­логиялық мәдениетін арттыру­ға арналған түрлі мазмұндағы, әр сипаттағы іс-шаралар ұйым­дас­тырылды. Мәселен, Арқалықта – «Таза Арқалық» флешмобы, Сарыкөлде  –  «Қо­қыс­сыз Са­ры­­көл», Денисов ауданында спорт нысандарының айналасын абат­тандыруға арналған іс-шара, Федоров ауданында «Ең таза бала­лар алаңы» акциясы өтті.

«Ауыл тұрғындары бірлесіп бір күн бойы балалардың ойын алаңдарын тазаладық. Алаңдағы ойын нысандарын жаңалап, бояп, сынған орындықтарды бүтінде­дік, қоқыс жәшіктерін орнаттық. Ба­лалар арасында экология­лық тақы­рыпта сайыстар мен вик­то­риналар ұйымдастырылып, ойын алаңдарында тазалық пен тәртіпті сақтаудың маңызды екені туралы әңгімелер өткізілді», дейді Федоров аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мұстафа Ахметчин.

Биыл өңірде елді мекендер­ді абат­тандыруға 11 миллиард тең­ге­ден астам қаржы бөлінген. 130 мыңнан астам көшет отыр­ғызу жоспарланған. Бүгінге де­йін соның 51,4 мыңнан астамы отыр­ғызылды. Көшелер 90 пайызға жа­рықтандырылып, 108 ауылға 129 ша­қырым қоршау орнатылады.

Сәуір айынан бері үзілмей келе жатқан тазарту жұмыс­тары­на ішінде мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдар, шаруа қожалықтары, жастар, во­лонтер­лік және үкіметтік емес ұйым­дар, мәслихат депутаттары, ПИК, МИБ өкілдері бар – барлығы 249,6 мың адам қатысып, 106 рұқсат етілмеген қоқыс алаңы жойылды, 300-ге жуық саябақ абаттандырылып, 127,0 мың тонна қоқыс шығарылды.

 

Қостанай облысы