Бейсенбі күні «Amanat» партиясының бастамасымен оның өңірлік және аумақтық филиалдары «Road» эстафетасын және «Таза бейсенбі» акциясын жоғары деңгейде ұйымдастырып, іс-шара аясында Астана – Алматы тасжолының басым бөлігі қоқыстан тазартылды. Бұл жұмысқа Алматы облысының еріктілері белсене қатысты.
Нәтижесінде, «Астана – Алматы» тасжолының Жамбыл облысы аумағындағы 224 шақырым учаскеде «Жастар рухының» белсенділері мен волонтерлері жол жиегінен 10 тоннадан астам қоқыс жинады. Сөйтіп, еріктілер тобы Алматы облысының аумағына жетті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бірер күнде бас-аяғы 1 мың шақырымнан астам жол тазартылды.
«Эстафетаны Жамбыл облысынан қабылдап алдық. Қазірдің өзінде екі облыстың шекарасында, яғни Қаншеңгел аулының маңында Жамбыл ауданының 300-ге тарта тұрғыны акцияға қосылды. Қарқынды қимылмен басталған тазалық жұмысын Іле ауданының Ақши аулында жалғастырдық. Онда белсенділер мен волонтерлерден бөлек, жергілікті тұрғындар да жұмыла атсалысты», дейді «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.
Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматы облысында өңірдің барлық елді мекендерін қамти отырып, тиісті жұмыс орындалды.
Атап айтсақ, акцияны өткізудің барлық кезеңінде 19,5 мың тонна қоқыс жиналып, 6,6 мың гектардан астам аумақ тазартылды. Акцияға 450 мыңнан астам адам, 5,8 мың кәсіпорын мен ұйым қатысқан. Акцияның алғашқы аптасында «Таза өлке» бағыты бойынша 11,5 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, оның 4 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Нәтижесінде, 4,7 мың гектардан астам аумақ тазартылды.
Бұл шараға 290 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 400 саяжай алабының тұрғындары белсене қатысқанын атап айтқан жөн. Тазарту жұмыстарына 261 бірлік тиеу және 930 бірлік жүк техникасы тартылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің 975 ауласында қалпына келтіру, бояу және өзге де жұмыстар жүргізілді.
«Киелі мекен» бағыты бойынша өткен акцияның екінші аптасында мәдени мұра объектілерін, ескерткіштер мен оларға іргелес аумақтарды ретке келтіру жұмыстары ұйымдастырылды. Акцияға мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, оқушылар, студенттер, спортшылар мен еріктілерді қосқанда 75 мыңнан астам адам қатысты. 850-ден астам ескерткіш, мұражай мен мәдени ескерткіш абаттандырылып, 7,5 мың тонна қоқыс жиналды.
«Жасыл аймақ» бағыты бойынша өткен үшінші аптасында акцияға 57 мыңнан астам адам қатысып, тазарту жұмыстарына атсалысты. Мамандандырылған техниканың 487 бірлігі жұмылдырылды. 45 мың ағаш, 5,9 мың бұта, 3 мың көшет отырғызылды. Халыққа 10 мыңнан астам көшет сатылды. Жалпы саны 64,7 мың көшет егілді. Облыстың 340 мың оқушысының қатысуымен «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы ұйымдастырылды.
Төртінші апта аясында «Өнегелі ұрпақ» бағыты бойынша жұмыстар атқарылып, оған 4,8 мыңнан астам адам қатысты. 293 көшет отырғызылды, 6 бірлік мамандандырылған және 6 бірлік жүк техникасы тартылды. Жалғыз тұратын ардагерлердің 963 үй маңындағы аумағы жиналды және абаттандырылды. Жиналған қоқыстың жалпы көлемі 49 тоннаны құрады.
«Мөлдір бұлақ» бағыты аясында өткен акцияның бесінші аптасындағы шараға 27 мыңнан астам адам қатысты. 413 өзеннің, көлдің және су айдындарының жағалаулары тазартылды. 424 тонна қоқыс шығарылды. 266 бірлік тиеу және 348 бірлік жүк техникасы жұмылдырылды.
«Таза Қазақстан» акциясы биыл жыл соңына дейін жалғасатын болады. Бұл бағытта әкімнің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Сонымен қатар әр ауданда және Қонаев қаласында осындай жоспарлар жеке бекітіліп, жүзеге асатын болады.
Алматы облысы