«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы аясында елорда мектептерінде «Экокүн» экологиялық фестивалі өтті.
Мазмұнды іс-шара барысында оқушылар экология тақырыбына арналған тапсырмаларды орындады. Мәселен, қаладағы №72 мектеп-лицейде Алматы ауданындағы 6 мектептің 5-6-сынып оқушылары өзара бақ сынасты. «Экология және жасыл әлем» тақырыбында өткен экослет екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқушылар экологиялық бағыттағы білімдерін шыңдаса, екінші кезең туристік бағыттағы тапсырмаларға арналды.
«Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қалалық Білім басқармасының ұйымдастыруымен елордадағы барлық мектепте бір уақытта экофестиваль ұйымдастырылды. Мұндай жиын балалардың экологиялық дүниетанымына және шығармашылығына жақсы әсер етеді. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау туралы көзқарасы қалыптасады. Жарыс түрінде өткізілген іс-шарада үздік нәтиже көрсеткен мектеп оқушыларына диплом табысталып, тәтті сыйлықтар берілді», деді Астана әкімдігі Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы директорының міндетін атқарушы Аслан Кенжеғалиев.
№72 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Көпбаеваның айтуынша, аталған білім ордасында экологиялық бағытта түрлі іс-шаралар жиі өтеді екен.
«Біздің мектебіміздің оқушылары қалдықтарды сұрыптау, мектеп аумағын көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысады. Жыл сайын сәуір-мамыр айларында экологиялық айлық өткіземіз. Әр аптаның тақырыптық атауын бекітеміз. Мысалы, «Тазару» апталығында оқушылармен бірге мектеп пен тұрғын үйлердің аулаларын тазартамыз. Бұдан бөлек, «Отбасымен бірге ағаш ек» атты апталық бар. Онда оқушылар өз отбасымен бірге мектеп ауласына ағаш отырғызады. Ал бүгінгі фестивальға мектеп жанындағы лагерьге келіп жүрген балалар қатысты. Бізде биыл спорттық лагерге 100-ге жуық, ал профильді лагерьге 315 бала қатысып жатыр. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларына арналған «Балдырған» лагерінің бірінші кезеңінде 357 бала бар. Сондай-ақ балалар футбол және волейболдан тегін үйірмелерге қатысады», деді ол.