Астана қаласының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінде Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалия Балтабайдың «Тұлғалар – ғажап жандар» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты іс-шараға елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты.
Радио журналистика саласында ұзақ жыл қызмет еткен Ғалия Құсайынқызы көпшілікке «Әрбір үйге радио қажет», «Тығдырларды біріктірген – Қазақстан», «Ұлтын ұлықтаған асыл ана», «Өмір шыңы» еңбектерімен таныс. Ал биыл жарыққа шыққан «Тұлғалар – ғажап жандар» кітабы – журналистикадағы ізденіс іздерінен туған мазмұнды туынды. Мұнда ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан қайраткер азаматтардың кісілік келбеті, дегдар болмысы хақында баяндалады. «Тұлғалық тұғырға кімдер лайық?» деген сұрағымызға автор былай деп жауап берген еді:
«Тұлға деп өмірдің барлық қиындығы мен жақсылығын көрген, ақ пен қараны ажырата алатын, өзінің әр іс-әрекеттеріне жауап беретін, өзі жеке шешім қабылдайтын, алдына қойған мақсаттарына жететін адам деп түсінемін. Тұлға басқа адамдарға ұқсамайды. Олардың өмірге деген көзқарасы ерекше. Ондай жандар көптің бірі емес. Оның дербес пікірі бар. Ол – басқаның жетегінде жүрмейді, керісінше соңынан көпшілікті ерте білетін адам. Өйткені оның бойында көшбасшылық қасиет бар. Осындай жандар қазіргі қоғамға керек. Сол себепті ілгерідегі және өзім көрген, мойындаған тұлғалардың ғибратты ғұмырын қағазға түсіруді мақсат еттім», деді Ғ. Балтабай.
Автор кітабында белгілі Иса Байзақов, Фариза Оңғарсынова, «қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев сынды тұлғалардың өмірі мен шығармашылығынан бастап көпшілікке беймәлім алғашқы театр актрисасының бірі Шәрбану Байзақова, алғашқы қазақ журналист қыздарының бірі Ләзиза Серғазинаның тағылымды тағдырын сөз етеді.
Мазмұнды кеште мемлекет және қоғам қайраткері Рысты Жұмабекова, Алматы аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Марат Мұстафин, ардагер-ұстаз Еркін Дәуешұлы, басқа да азаматтар ақжарма тілектерін айтып, кітап авторына зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі.