2021-2030 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес Есіл бассейнінде 402 балық шаруашылығы ұйымдастырылуға тиіс. Ал былтыр 2 369 тонна тауарлы балық өсіру көзделсе, бұл жоспар 115,5 пайызға орындалған.
Алдымен балық өсіру мүмкіндігі туралы жан-жақты айта кетуіміз керек. Көкшетаудан Қорғалжынға дейінгі кең көсілген далада су айдындары көп болғанымен, балық өсіру мүмкіндігі шектеулі. Себеп, дені далалық көл. Оқырманға түсінікті болуы үшін далалық көлдің әдетте тайыз болатынын айта кеткен жөн. Қысы қатты жылдары көл табанына дейін қатып қалып, бар балық қырғынға ұшырауы әбден мүмкін. 1959 жылы жарияланған «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын ғылыми еңбекте Көкшетау облысында үлкенді-кішілі 1 515 көл болғаны жазылған. Кейін әкімшілік-аумақтық өзгерістен соң қосылған Қорғалжын өңіріндегі күміс көлдерді есептесеңіз, көл саны әлдеқайда өсе түсер еді.
Бұрынғы Көкшетау аумағындағы көлдердің 1 320-ы – тұщы көл. Көл қадіріне жетпегендіктен көптеген су айдыны жылдар өте келе жер бетінен жоғалып кеткен. Тайыз көлдер былтырғыдай қуаңшылық, аптап ыстық жылдары табанына дейін кеуіп қалатын болып жүр. Оның үстіне, жағалауды басқан қамыс, қоға шіріп, көлдер қорысқа айналуда. Қорыс көлде балық түгіл бақа жүзбейді. Екінші топтағы таулы-қыратты аумақтағы көлдердің біршамасы терең әрі суы мол. Мұндай көлдердің қатарына Әулиекөл, Айнакөл, Зеренді, Шалқар, Имантау тәрізді көлдер жатады.
Өңірде балық шаруашылығын өркендету үшін су айдындары өз иелерін тауып, жалға беріле бастады. Көл иесіз жатқаннан қожайыны табылып, күтілгені әбден дұрыс.
– Су айдындарын ұзақ жылға табиғатты пайдаланушыларға бекітіп беру өте тиімді, – дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев. – Көл иесіз қалмайды, балық бағып, еңбегін сіңіріп, сол еңбектің зейнетін көремін деп алға ұмтылған кәсіпкерлердің арқасында суық қолдың сұғынан қорғалады. Келісімшартқа сай көл маңын тазалап, күтеді. Табиғат пайдаланушылар өз істеріне зор жауапкершілікпен қарап, жемісті жұмыс істеген кезде игілігін ел көретін болады. Осы арада бір мысал келтіре кетейін. Табиғат пайдаланушы Ерлан Мұқанов облыс орталығына жақын жердегі су айдынында балық өсіріп, қала тұрғындарына қызмет көрсетпек. Ақ айдынның жағасына келіп, белгіленген тәртіп бойынша балық аулап, игілігін көрген жұрт тек алғысын ғана айтары анық.
Табиғат пайдаланушыларға мемлекет тарапынан айта қаларлықтай көмек-қолдау көрсетіліп жатыр. Осының арқасында өсірілген балық көлемі де арта түскен. Жыл басынан бері 524 тонна тауарлы балық өсірілген. Бұл – жалпы көлемнің 19 пайызы. Есіл бассейнінен өткен жылдың сәйкес мерзімінен бастап, осы жылдың 1 шілдесіне дейін 1 326,78 тонна балық аулауға лимит бөлінсе, іс жүзінде 1 280 тонна балық ауланып, жоспар 93 пайызға орындалды.
Өткен жылы көлдерге дернәсіл жіберу жұмысы да біршама тыңғылықты атқарылды. Мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік сатып алу тәртібімен Есіл бассейнінің су көздеріне 35 миллион 500 мың ақ балық, 1 миллион 820 мың тұқы, 13 миллион 139 мың дана пелядь балығының дернәсілі жіберілген. Одан өзге 29 720 дана күміс тұқы, 25 892 дана ақ амур дернәсілдері де тоғытылды. Осылайша, Көкшенің күміс көлдері балыққа байып жатыр. Бұл мақсатқа 38 миллион 198 мың теңге қаражат жұмсалған. Табиғат пайдаланушылар 159 миллион 441,804 мың дана әртүрлі балық дернәсілін әкелген. Инспекция өз тарапынан табиғат пайдаланушыларға қолданыстағы заң шеңберінде көмек-қолдауын көрсетеді. Құжаттарды дұрыс толтыруға көмектесіп, бекітілген келісімшарт бойынша шаруаны қай бағытта өрістету керегін айтып, бірлесе істеген істің берекесін арттырып келеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, басты қиындықтың бірі – көл тайыздығы. Өткен қыста көлдегі балықты аман сақтау үшін 56 706 мұз ойығы жасалған. Бұл шаруаға 507 адам қатысып, 7 296 техника жұмылдырылған. 2023 жылы 85 заңды және жеке тұлға әртүрлі сауал бойынша мәселе көтерген болатын. Олардың да сын-ескертпелері назарға алынды. 65 рет облыстың елді мекендерінде көшпелі кеңес өтіп, шаруаға қатысты мәселелер талқыланған.
Табиғат пайдаланушыларға қадағалау күшті. Айталық, өткен жылы міндеттемесін орындамаған жеке кәсіпкерлермен және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктермен келісімшарт үзілген.
Бұл тараптағы түйінді мәселенің бірі – дернәсіл. Сонау 1969 жылы Көкшетау қаласындағы балық зауытының еншілес кәсіпорны ретінде салынған, Зеренді көлінің жағасындағы тұқымбақтың жағдайы туралы көптен айтылып келеді. Алғашқы жылдары ақсақа тұқымдас балықтардың 80 миллионға жуық, тұқы балықтарының 20 миллионға таяу дернәсілін шығаруға мүмкіндігі болған. Сол кезде Арқаның жүздеген көлін дернәсілмен қамтамасыз етіп, дәуірлеп тұрды. 1994-2002 жылдары тұқымбақтың шаруасы қожырай бастады. Дернәсіл өсіріп, көлдерді балықтандыру мәселесі сын көтермеуге айналды. Тұқымбақтағы аса қажетті, қымбат құрал-жабдықтар талан-таражға ұшырады. 2002 жылы тұқымбақ «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің балансына берілді. 2014 жылдан бастап облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құзырында. Қазір Көкшетау төңірегіндегі су айдындарына тауарлы балық дернәсілдері Ресейден жеткізіліп жатыр.
– Тұқы тұқымдас балықтар да қажет, – дейді табиғатты пайдаланушы кәсіпкер Ерлан Мұқанов. – Негізі тауарлы балық шаруашылығын мейлінше дамытқан жөн. Әсіресе ақсақа тұқымдас балық қымбат. Осы орайда, іргедегі Ресейден дернәсілдерді жеткізудің бірқатар машақаты да бар. Тағы бір түсініксізі – Ресей тұқымбақтарында дернәсілдердің бағасы біздегіден әлдеқайда арзан. Осы арадағы баға саясаты түсініксіз.
Қазір «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ұжымы көлдерді балықтандырып, игілікті молайту бағытында ыждаһатты жұмыс істеп жатыр.
Ақмола облысы