• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Санкция 18 Маусым, 2024

Қор биржасындағы жағдай: Қазақстанның қаржы секторына қалай әсер етеді?

132 рет
көрсетілді

Апта ортасында АҚШ Қаржы министрлігінің шетел­дік ак­тивтерді бақылау басқармасы («OFAC») «Мәс­кеу­­ биржасына» (мұнда Қазақстан қор биржасы­ның 13 па­йыз пакеті бар) санкция салынғанын хабарлады. Сол күні түс ауа Ұлыбритания да «Мәскеу биржасына» қарсы санкция енгізгенін жария етті. Британ үкіметінің сайтында жарияланған құжатқа сәйкес санкцияларға Санкт-Петербург биржасы, Ұлттық клиринг орталығы (NCC) және Ұлттық есеп айырысу депозитарийі (NSD) де кірді.

«Мәскеу биржасының» хабарлауынша, валюта және бағалы металдар нарығында, сондай-ақ қор және ақша нарығында доллар мен еуро валюталық жұбы алынып тас­талып, сауда басқа барлық құралмен жүзеге асырылады. Сөйтіп, Мәскеудің доллар және еуромен есеп айырысуды ресми тоқтатудан өзге амалы қалмады.

Қатаң шектеуден соң, «Мәс­кеу биржасында» рубль индексі 3100 тармақтан тө­мен түсті, оның акциялары да құлдырап кетті. «Ресей Жи­нақ банкі» – 4%, ВТБ 4,7% жоғалтты. Сарапшылар пайы­мынша, РФ Орталық банкіне бұдан былай доллар мен еуро­ның шынайы нарықтық ба­ғамын бекіту қиынға соға­ды. Мұның соңы кеңес кезін­дегідей Ресейде шетелдік валю­таның қос бағамының пай­да болуына  әкелуі бек мүм­кін. Алғашқы бағамын цифр­лық платформалар ақ­па­раты негізінде Орталық банк бекітеді. Екінші бағамды на­рық қалыптастырады. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, салынған санкцияның бізге әсері осы тұстан қаттырақ бі­лінуі мүмкін. Кеңес ода­ғын­да 1 доллар 60 тиын-ко­пей­каға тең деген ресми ба­ғам бекітілгені белгілі. Ал «қара нарықта» доллар үшін бұдан сегіз еседей қымбат құн 5–6 рубль сұралатын. Демек РФ қазынасында қорда­ланып қалған шетелдік валю­талардың қомақты бөлігінің қара нарықта сатылуына РФ қаржылық институттары ресми түрде жол беруі әбден мүмкін. Әзірге бір доллар үшін 88 рубль деп белгіленген бағамның өзге платформада қандай болатыны туралы картаны РФ әлі ашқан жоқ.

Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, Ресеймен 7 мың шақырымға созылатын ортақ шекарасы және ЕАЭО-да ортақ келісімдері бар Қазақстан бұл мәселені қалай шешеді деген мәселе Ұлттық банк пен Үкімет үшін №1 проблема болуға тиіс. Себебі ресейлік банктер алғашқы күні-ақ ет қызумен төл бағамын орнатып, бір валюта үшін 110–120 рубль белгілеп тастады. Бірақ көп ұзамай оған түзету енгізілді.

Қазір көрші елдің ақпарат кеңістігі бір-бірін жоққа шы­ғаратын ақпараттардан белі қайысып, оған біздің ақпарат құралдары да үн қосып тұр. Біз­дегі ақпарат «Мәскеу биржасының» «КАSE»-дегі үле­сіне қарап алаңдаса, тәуел­сіз сарапшылар Ұлттық банк ұс­танымына қарап іштен тынады.

Ресейлік «The Bell» басылымы өзінің телеграм арнасында CEPA зерттеушісі Александр Коляндрға сілте­ме жасап жазғандай, клиент­тердің қор биржасында доллар мен еуроны сату және сатып алу мүмкіндігі шектеліп қалған. Осыған байланысты Ресей Орталық банкі биржадан тыс операциялар бойынша валюта бағамын анықтауға кірісуі мүмкін. Сонымен бірге, Коляндрдың айтуынша, валютаны сақтау үшін алым көтерілуі мүмкін, ал оны Ре­сейден шығару одан да қым­батқа түседі. Демек ендігі жерде долларды нарықтың еркіне салып, сырттан бақы­лап отырудан өзге жол жоқ. Сарапшылар айтып отыр­ғандай, доллар мен еуроны алып-сатудан түскен баға қаржы институттарына ес жиып алуға мүмкіндік береді.

«KASE» бұл шектеудің отандық биржа жұмысы­на ешқандай кері әсері болмайтынын мәлімдеп үлгерді.

«KASE»-де орналастырыл­ған акциялардың 13,1%-ы «MOEX»-ке тиесілі. Ал «OFAC» шығарған №14024 ат­қару бұйрығына сәйкес тұл­ға «SDN» тізімінде болса, ак­цияларының 50%-ы немесе одан артық үлесін «SDN List»-тегі тұлға жеке өзі немесе өзге де санкциядағы тұл­ғалармен бірге тікелей немесе жанама бақылайтын болса, бұғаттау санкцияларын қолдану тәуекелін туындатады. «KASE ондай тұлғалардың қатарына жатпайды және шектеулер Қазақстан қор биржасына және «KASE клиринг» орталығына ешқандай әсер етпейді», делінген мәлім­демеде.

Қаржы нарығын реттеу­ және да­мыту агенттігі (ҚНДРА) «KASE қызметі ту­ра­­лы» мәлім­демесінде 2024 жыл­ғы 1 мау­сымдағы жағ­дай бойынша «Қа­зақстан қор бир­жасының» негізгі акцио­нер­лері отандық инвесторлар екенін, олардың  үлесі 86,9%-ды құрайтынын айтады. Оның 46,9% акция­сы Ұлттық банкке тиесілі. «MOEX» акцияларының үлесі – 13,1%.

ҚНДРА түсіндіруінше, «Мәскеу биржасы» егер «KASE» акцияларының жартысына ие болғанда, оған қарсы санкциялар біздің биржаға да таралатын еді. Себебі бұғаттаушы санкцияларды қолдану өлшемшартының бірі – «SDN» тізіміндегі тұлғаның тікелей немесе жанама түрде, жеке немесе жиынтығында ұйымның 50% не одан да көп акциясына иелік етуі. Бұл өлшемшарт «KASE»-ге қатысты қолданылмайды.

«Осыған байланысты Қазақ­­стан қор биржасы мен «KASE клиринг» орталығы штаттық режімдегі жұмысын жалғастыра береді. Сауда-саттық, клиринг пен есеп айырысулар стандартты регламент бойынша жүргізіледі. «KASE» санкциялық шектеулерді ескеріп, «MOEX»-пен іскерлік қарым-қатынасты жалғастыру мәселесін қарастырады», деп жазылған ресми ақпарда.

Тәуелсіз сарапшылардың сөзінше, біздің елдің мұндай жағдайда «Мәскеу биржасын» акционерлер қатарынан күштеп шығарып тастауға мүм­кіндігі бар. Экономист Ғалым­жан Айтқазин «KASE» хабар­ламасындағы соңғы сөйлем «Мәскеу биржасымен ын­тымақтастықты тоқтату мүм­кіндігіне тікелей нұсқау» бо­лып көрінетінін атап өт­кен. Бірақ ҚНДРА тарат­қан мәліметтерде қандай шешім­нің қабылданары ашып айтылмады. Ал Ұлттық банк төр­­аға­сы Тимур Сүлейменов Қа­зақ­стан қор биржасы Мәс­кеу биржасы жүйесінде жұмы­сын жалғастырып жат­қа­нын хабарлады. Себебі біздің бірқатар жүйе «MOEX» жүйелеріне негізделіпті. Олардың ақысы баяғыда төленгендіктен жұ­мыс жағдайында тұр. Сондық­тан мұнда ешқандай проблема болмайды.

Сондай-ақ санкциялық шек­теуге ілініп қалмаған ресей­ліктер «KASE»-мен жұ­мыс­ты жалғастыра алатынын да айтып өтті.

«Ресейден кез келген санк­цияланбаған банк, кез келген қаржылық агент келе алады. Олардың кейбірінің «KASE»-ге кіру мүмкіндігі бар. Бұл белгілі бір дәрежеде қатысушылардың қосымша ағынын қамтамасыз етеді», дейді ҰБ төрағасы. Тимур Сүлейменов журналистермен кездескенде Қазақстан қор биржасының акцияларын Мәскеу биржасынан кері сатып алу туралы шешім қа­был­данса, Ұлттық банк мұны өз қаражаты есебінен жүр­гізетінін ескерткен. Ол сондай-ақ Мәскеу биржасынан акцияларды сатып алумен қатар басқа да нұсқалар қарастырылып жатқанын тағы да нақтылап, санкция ыз­ғарынан жаурап қалған ресей­лік биржаны терезеден болса да кіргізіп алуға дайын екені­мізді әдемілеп тұрып жеткізді.

«Мәскеу биржасы – Ресей қаржы, валюта нарығындағы бас­ты әрі анықтауыш сауда-саттық алаңы. Бұл жерде ірі ойыншылар валютаны сату/сатып алу операцияларын іске асыра отырып, доллар мен еуроның рубльге бағамын анықтайтын нарықтық орта. АҚШ Мәскеу биржасын ауыз­дықтау арқылы қысқа мер­зімде Ресейдің қаржы, валюта секторына кері әсер етсе, ұзақ мерзімде бұл жалпы эко­номикаға өз әсерін береді. «SDN»-дегі пункт бойынша Мәскеу биржасы еншісіндегі 50% және одан жоғары үлесі бар компаниялардың барлығы автоматты түрде осы тізімге кіреді. АҚШ министрлігі жасаған «SDN» тізімге Мәскеу биржасынан бөлек, оған (100%) еншілес Ұлттық клирингтік орталық та кірді. «MOEX» күз­ге дейін «KASE»-нің акционер қатарынан шығады деп ойлаймын. Себебі санкция тізіміне кірген Мәскеу биржасы алдағы уақытта Қазақстан қор биржасына тек проблема алып келеді. Жоғары тәуекелмен отандық қор биржаның дамуына кері әсер етеді», дейді сарапшы Нұрсұлтан Ерболат.

2023 жылдың қорытынды­сы бойынша «KASE» қор бир­жасының қаржылық есеп­тілігіне қарасақ, баланстағы мен­шік капиталы 4,2 млрд тең­гені құрап отыр. Актив көлемі – 3,2 трлн теңгеге жетсе, бір жылдық таза табысы – 18,6 млрд теңге.

«Тәжірибеге сүйенсек, санк­цияға ілінген «MOEX» өз үлесін компанияның «ба­лан­с­­тық құн» бағасы бойынша есептемейді. Бағаны қос тараптың құзырлы органдары келіссөз жүргізу арқы­лы анықтайды деп ойлаймын. Бұл тұста қаржылық көр­сет­кіштен қарағанда, саяси ше­шімдерге басымдық берілуі мүмкін», деп сөзін түйіндеді Н.Ерболат.

Белгілі экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, АҚШ-тың «MOEX»-ке қарсы санкция тек шетел валютасының саудасына әсер етеді, салдары көрші мемлекетке сезілмейді.

«Валюта бағамы Мәскеу биржасында анықталып келді. Бірақ Ресейде валюта бағамын анықтайтын басқа платформалар жетеді. Енді курсты анықтау мәселесі айтарлықтай жылдам шешіледі. Бұрын Мәскеу биржасы арқылы анық­талып келсе, енді бұл мә­селе Ресейдің Орталық банк қабырғасында да ше­ші­луі мүмкін. АҚШ санкция­сы Ресейдегі долларлық опера­цияларға іс жүзінде әсер ет­пейді. Ресейдің сыртқы сауда­сындағы доллардың үлесі – шамамен 15%. Сонымен қатар Ресей ұлттық валюта­лар­мен сауданы белсенді түрде дамытуға тырысып жатыр», деп есептейді сарапшы.

 

АЛМАТЫ