Жаңа оқу жылында техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 60 мың орынға ұлғаяды. Осылайша, мемлекеттік тапсырыспен қабылданатын білім алушылардың саны 145 мыңға жетеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, мемлекеттік білім беру тапсырысы келесі техникалық мамандықтар бойынша көбейеді: геология, машина жасау, энергетика, ІТ, металлургия, көлік және тағы басқалар.
– 772 техникалық және кәсіби білім беру ұйымында бүгінгі таңда 542 мың студент білім алады. Олардың 60 пайызы жұмысшы мамандықтарына дайындалып жатыр. Қазіргі таңда ТжКБб бойынша мемлекеттік тапсырыспен қамту 80 пайызға жетті. Ал 2025 жылы жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100 пайыз тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамту жоспарланып отыр, – деді департамент директоры Әсет Мұханбетов.
Кәсіпорындардың өтінімдерімен 10 мың абитуриент қабылданады. Қазіргі таңда 518 кәсіпорын 410 колледжді шефтік қамқорлыққа алған.