• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 17 Маусым, 2024

Оралдағы оқыс жағдай

66 рет
көрсетілді

Құрбан айттың алғашқы күні Орал қаласындағы «Ел ырысы» базарында газ баллоны жарылып, 10 адам зардап шекті. Жарылыс құрбандыққа сойылған мал­дың бас-сирағын үйту үшін пайдаланылған газ бал­лонынан шыққан.

Оқыс оқиға туралы хабар жедел жәрдем операторына 16 маусым күні таңертеңгі сағат 09.49-да түскен екен. Дәрігерлерден құралған 5 бригада оқиға орнына 5 минуттың ішінде жетіп үлгерген.

«Зардап шеккендер – бар­лығы 10 адам, олардың 2-еуі – кәмелетке толмаған ер бала, ере­сек­тердің жас шамасы 27–67 ара­лығында» деп хабарла­ды Батыс Қазақстан облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының баспасөз қызметі.

Бір тәуліктен кейінгі жағдай мынадай: қазіргі уақытта 3 ересек адам реанимацияда, 4-еуі политравма бөлімшесінде және екі жасөспірім көпбейінді облыстық балалар ауруханасында қажетті ем алып жатыр. Жасөспірімнің біреуі – жансақтау бөлімінде, біреуі политравма бөлімшесінде екен.

Науқастардың халін денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев, бас­шының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова, ДСБ бас штаттан тыс травматологі Серік Қа­рекенов және қалалық көп­бейінді аурухана директоры Арман Мырзахметов арнайы барып көрді. Тиісті мамандардың қатысуымен консилиум өт­кізіл­ген. Сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының Апат­тар медицинасы орталығы реа­ниматологтерімен және ком­бустиологтерімен бірлесіп телемедицина жүргізілген. Қазір келісілген емдеу тактикасымен ем-шара жүргізіліп жатыр екен.

Батыс Қазақстан облысында кейінгі күндері күн райы өте ыстық, 40 градусқа жақындап тұр. Төтенше жағдайлар депар­таменті жоғары өрт қаупі қа­терін күн сайын хабарлайды. Үш күнге созылатын құрбан айт кезінде қауіпсіздікті сақтау туралы ҚМДБ-ның Батыс Қа­зақстан облысындағы өкіл имамы Самат Әлібаев та үндеу жа­сады. Қазір халық көп жинала­тын қоғамдық орындарда, құр­бан айтқа шалынып жатқан қасапханаларда қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

 

Батыс Қазақстан облысы