• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Білім 19 Маусым, 2024

Бұл – жақсы көрсеткіш

177 рет
көрсетілді

Биылғы оқу жылы қорытындысында Маңғыстау облысы бойынша жоғары балл жинаған оқушылар ата-аналары мен ұстаздарын қуанышқа бөледі. Әзірге өңір бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, ҰБТ-дан 140 балдың 137-сін жинаған түлек – Маңғыстау облысы Шетпе аулындағы Мекерия Атымов атындағы №6 мектептің 11-сынып оқушысы Нұрсәуле Жүсіп.

Кеше ғана республикада­ғы үздік он ауыл мектебінің бірі болып танылған М.Атымов атын­дағы мектептің түлегі Нұрсәуле Жүсіп 2022-2023 оқу жылында «Жарқын болашақ» олимпиадасы мен «Білгірлер сайысы» аталымында және республикалық Ауыл балаларына арналған жал­пы білім беретін пәндер бо­йынша олимпиадасында топ жарды. Сондай-ақ Оқу-ағар­ту министрлігінің «Үздік ауыл мектебінің оқушысы – 2024» атағы мен биылғы оқу жылын­да республикалық жалпы бі­лім беретін пәндер бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінен екінші орын иеленді. Білім додаларынан жүлдесіз орал­маған оқушы үздік жетіс­тіктері нәтижесінде, Атырау қала­сындағы Халел Досмұ­хам­ед­ұлы атын­дағы педагогика­­­лық уни­верситетінің оқу гран­­тын ұтып алды.

Отбасындағы төрт бала­ның үлкені, яғни ата-анасы­ның тұңғышы Нұрсәуле кішкен­та­йынан өнерге, оқуға құмар болып өскен.

– Бес жыл өнер мектебінің домбыра сыныбында оқыдым. Оны үздік аяқтадым. Өлең жаз­ғанды жақсы көремін. Сіңлілерім Жұлдызай мен Ұлдана да өнер мектебінің қолөнер сыныбында оқиды, – дейді Нұрсәуле. Жас түлек қазақ тілі мен әдебиеті пә­ні­нің мұғалімі болуды мақсат етіп отыр.

ҰБТ-да жоғары балл жинап, Маңғыстау мектептерінің мерейін асырған Нұрсәуленің құрдастары аз емес. Соның бірі – Ақтау қаласындағы Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 ли­цейдің оқушысы Жансая Ахме­това. Ол география-математика пәнін таңдап, ҰБТ-дан 136 балл жинады. Жансая математика пәні бойынша республикалық «Алтын түлек» олимпиадасы­ның бірінші орын иегері. Со­нымен бірге Әлихан Бөкейхан атындағы республикалық пәндік олимпиадасының облыстық ке­зе­ңінде жеңімпаз атанды. Ал Түп­қараған ауданы Ақшұқыр аулындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің түлегі Аида Ермұқан информатика-математика пәнін таңдап, 134 балл жинады.

– Негізгі пәндерден тиісті ұпайдың барлығын жинаған түлегімізбен мақтанамыз. Осы тұста Аиданың математи­ка пә­нінен толық балды еншілеуінде математика пәнінің мұғалімі Өсер ағайының еңбегі ерекше еке­нін атап өткім келеді. Жыл ба­сынан бері үнемі байқау сынақ­тарынан 120-дан жоғары балл жинап жүрген білімді түлегімізден келесі мүмкіндікте де жоғары нәтиже күтеміз, – дейді мектеп директоры Қаламқас Тілеубаева.

Құрбыларының жеңісті жо­лын Ақтау қаласында №12 мек­тептің оқушысы Мадина Рама­занова да жалғастырып, өзі таңдаған физика-математика пәні бағыты бойынша 128 балл жинады.

Өңірде ҰБТ әлі жалғасып жатыр. Түлектердің бағы жанып, білім шамшырағы маздай бергей.        

                                        

Маңғыстау облысы