Ішкі істер министрлігі әскерінің институты Петропавл қаласында 1996 жылы ашылған. Стратегиялық өңірде орналасқан бұл оқу орнының еліміз үшін маңызы ерекше.
Курсант формасын киген кілең ұзын бойлы, жалынды жас жігіттер көшелерде патрульдік қызмет атқарып жүргені белдеріне қамшы іліп, әлем-жәлем киініп жүргендердің мысын басып, тыныштық пен тәртіп орнай бастады. Содан бері курсанттар солтүстіктің барлық төтенше істеріне де белсене қатыстырылып, көмек қолын созып келеді. Биылғы тасқын кезінде де олар алдыңғы шептен табылып, жүздеген адамды құтқаруға қатысты.
Қазір бұл оқу орыны Ұлттық ұлан академиясы деп аталады. Облыс орталығында өткізілетін барлық мәдени іс-шараның, патриоттық істердің бел ортасынан академияның курсанттары табылып, белсене қатысып жатады. Сондықтан облыстың мәдениет, ішкі саясат, білім беру басқармалары, қала тұрғындары курсанттарға үнемі ризашылығын білдіреді. Кейде қыстың қысқа күнінде қараңғы көшелермен қорқа соғып жаяу келе жатсаң қалың қара тон киіп, кезекшілікте жүрген үш курсант алдыңнан шыға келгенде кәдімгідей қуанып қаласың. Кейбір айғай-шу шығарып, бұзақылық көрсетіп жатқан әумесерлердің қолын бұрап, полицияның көлігіне апара жатқандарын да көріп риза боласың.
Бүгінгі таңда академияны полковник Артур Тоқышев басқарады. Мұнда құқық қорғау саласының 8 мамандығы бойынша офицерлер даярланады. Оқу орнының 28 жылдық тарихындағы қол жеткен табыстары өте мол. Оқу ордасын бітірген төрт мыңнан артық түлек еліміздің әр түкпірінде халықтың тыныштығы мен бостандығын сақтауға зор үлес қосып келеді. Мәдениет, спорт салаларындағы табыстары да аз емес.
Оқу орны өздерінің алғашқы түлектерін 2000 жылы ұшырды. Ал биыл 190 адамнан тұратын 24-түлектерін Қазақстанның барлық өңірі мен қаласына шығарып салып отыр. Азаматтардың диплом алу салтанатына Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Еркін Ботақанов, республиканың түкпір-түкпірінен келген ата-аналар мен туыстары қатысты. Қонақтардың арасында Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің өкілдері де болды. Өйткені биыл диплом алған офицерлердің 10-ы үкіметаралық келісім бойынша сол елден келіп, оқығандар еді.
Жалынды жастардың бүгінгі қуаныштары ерекше сезіледі. Мінберге көтерілген Ішкі істер министрі сөзін алдымен балаларын Отанымыздың адал азаматы қылып тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтудан бастады. «Еліміздің ішкі тәртібін бақылауға ұлдарын аттандырған, оның қиындығы мен тәуекелін еңсеруге тәрбиелеген ата-аналарға мың алғыс айтамын. Міне, бүгін еліміздің ішкі істер әскерінің офицерлік корпусы жаңа лейтенанттармен толығып отыр. Академиядан алған терең білімдеріңді, кәсіби және әскери дайындықтарыңды еліміздің құқылық және тәртіп қуатын арттыруға жұмсайды деп сенемін», деді ол.
Жас офицерлерді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те құттықтады. Өңір басшысы сөзін курсанттардың биылғы су тасқыны кезіндегі ерлігіне ризашылығын білдіруден бастады. «Сарбаздар үйлерді қалпына келтіруге және зардап шеккендерге үйлеріне тез оралуына өз үлестерін қосты. Осының арқасында көптеген адамның өмірін сақтап қалдық. Солтүстікқазақстандықтардың атынан сіздерге алғысымды айтамын. Ер азамат осындай қиын сәттерде шыңдалады. Сіздер нағыз ерлік танытып, абыройлы еңбек еттіңіздер. Ерім дейтін ел аман болып, елім дейтін сарбаздар көп болсын», деді әкім құттықтау сөзінде.
Дипломдарды салтанатты жағдайда тапсыру рәсімі академияны үздік бітірген Абылайхан Айтуаров, Жалғас Жеңіс, Тимур Ағыбаев, Диас Әбіләкімов – төртеуіне Президент Қ.Тоқаевтың атынан Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Ержан Сәденовтің тапсыруымен басталды.
Академияның жас түлектерінің бірі Ғалымжан Кенесарыны әңгімеге тартқанымызда, ол өзінің қуанышты екенін жеткізді. «Бүгін арманым орындалып, иығыма лейтенант погонын тағып тұрмын. Төрт жыл бойы осы сәтті аңсаған едім. Қызылжар өңірі менің есімде әрқашан сақталады. Осы қалаға бала болып келіп, терең білім мен өмірлік тәжірибе алып, жігіт болып аттанып бара жатырмын», деді Ғалымжан.
«Мұндағы оқу оңай болған жоқ. Төрт жыл бойы казармада, қатаң тәртіпте болдық. Тәртіп болмаса нәтиже де болмайды, сондықтан ұстаздарымыз біздің босаңсуымызға ерік берген жоқ. Соның арқасында міне, диплом алып, маман атанып тұрмыз. Ұстаздарыма алғыс білдіремін», деді тағы бір түлек Темірхан Пернебек.
Баласының диплом алу рәсіміне Алматы облысынан арнайы келген Ақжарқын Айсаева да өзінің қатты қуанып тұрғанын білдірді. «Төрт жыл бойы оқыған білімін балам енді елдің қызметіне адал жұмсасын деп тілеймін. Отанымыздағы тыныштықты осы азаматтар қорғамаса кім қорғайды. Баламның сондай дәрежеге жеткеніне көзіме жас алып, қуанып тұрмын», деді ана. Сөйтіп, еліміздің ішкі істер әскері жаңа офицерлермен толықты.
ПЕТРОПАВЛ