Көкшетау қаласының көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылары шаттыққа бөленген күн болды бұл. 63 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді.
Пәтерлі болғандардың 43-і көпбалалы отбасы болса, 20-сы – осы бір сәтті сарғайып тосқан жетім балалар. Қолдарына жаңа да жарық, сәулетті пәтерлердің кілтін ұстап тұрып, исі мұсылман үшін қасиетті Құрбан айт мерекесінде жақсылыққа қарық болғандарын жақсы ырымға баласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бірыңғай тұрғын үй саясатын жақсарту бойынша тапсырма берген еді. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдап, өңірлерде облыс басшылығы дайын пәтерлерді сатып алып, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген топтарына бере бастады.
– Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жекеменшік құрылыс компанияларынан дайын пәтерлерді сатып алып, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берудеміз. Бұл ізгі жоба халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен өмір сүру сапасын жақсартуға арналған, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов өз сөзінде. – Жыл соңына дейін осы бағдарлама бойынша 841 отбасы жайлы пәтерлерге ие болады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша 500 пәтер берілсе, қалғандары облыстың қалалары мен аудандарында беріледі. Кейінгі бес жылда мұнша пәтер берілмеген екен. Бір айта кетерлігі, бұл күні жоспар бойынша Қосшы қаласы мен Зеренді, Бурабай аудандарында да жоғарыда аталғандай топтарға 201 пәтер тапсырылды.
Баспаналы болғандардың қуаныштарында шек жоқ деуге болады. Көңілдері көтеріңкі. Кеуделерін кернеген сезімдерін жасыра алмай, көз жасына да ерік беріп жүр.
– Мемлекет басшысы мен жергілікті атқарушы органдарға ақ алғысымызды жеткізгіміз келеді, – дейді жеті баланың анасы Анна Буркова. – Біз өзіміз тірнектеп қаражат жинап мұндай үйді ала алмас едік.
Өңір басшысы журналистермен тілдескен кезінде пәтерлердің сапасы мен жайлылығына айрықша мән берілетінін айтып өтті. Тек жаңа пәтерлер ғана сатып алынады екен. Бірінші кезекте Көкшетау қаласының тұрғындарына 129 пәтер беру көзделген. Бүгін 36 отбасы баспаналы болса, келесі аптада тағыда 38 пәтер берілмек. Бұл мақсатқа бюджеттен 16 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Кейін пәтерлі болған отбасылар қолданыстағы заң аясында тиісті сомасын төлеп, жекешелендіре алады. Жыл соңына дейін облыста жалға берілетін және несиелік баспана бағдарламалары аясында 1 500-ге жуық отбасы пәтерлі болмақ.
Жаңа үйлерде барлық жағдай қарастырылған. Ауласында балалардың ойын алаңдары бар.
– Пәтер кезегіне тұрғаныма он жылдан асты. Мен үш мыңыншы болып тұр едім. Ол кезде балаларым кішкентай еді, – дейді Гүлнәр Қожахметова есімді жалғызбасты, көпбалалы ана. – Күйеуім де өмірден өтіп кетті. Бүгін осындай жақсылықтың болғанына сенер-сенбесімді білмей тұрған жайым бар.
Дана халық «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп тегін айтпаса керек. Баспаналы болған отбасылар өз шаңырақтарында шаттықтың нұры себезгілеп тұратынына сенімді.
Көкшетау