• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Маусым, 2024

Елдіктің ерен үлгісі

69 рет
көрсетілді

Қайырымдылықты бұлжымас қағидаға айналдырған Анаргүл Мушканова тағдырдың тәлкегімен алысып келе жатқан жан. Өз басы өмірдің өкпек желіне тоңып жүрсе де, жан жылуымен өзгені жылытқысы келеді.

Көктемгі су тасқыны кезінде елдіктің ерен үлгісі үміт отын лау­лата түсті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынмен кү­рес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын мара­пат­тау рәсі­мінде сөз сөйледі. Онда «Бұл – құтқарушылар мен ұш­қыш­тар­­дың қажырлы еңбегінің нәти­же­сі. Әбіш Кекілбаев: «Елін сүй­ген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқы­ның тағдырынан тыс қалу», деп айт­қан. Ұлттық еріктілер же­лісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті зат­тарды жет­кізуге атсалысты. Қазақ­стан халқы Ассамблеясының «Жү­рек­тен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді», деді Президент.

Көкшетаулық Анаргүл Муш­канова – «Lider.kz» мейірімді жү­рек» еріктілер ұйымының мү­шесі. Салтанатты жиынға қадам басқанда бұрын-соңды мұн­дай мәртебелі кездесуге қаты­сып көрмегендіктен бе екен, құт­ты өң мен түстің арасында жүр­гендей болды. Көз алдынан өт­кен өмір соқпағы, қызылды-жа­сыл­ды дүниедегі қуанышы мен қиындығы, мұқтаж жандарға қол­ұшын созған сәттері көлбеп өте бастады. 

Кір жуып, кіндік кескен то­пырағы – Омбы. Ес білгелі әкесі­нің қазақ даласы, жанынан арын биік қойған Алаш баласы туралы көп-көп керім әңгімені естіп өскен. Қазақтың даласы қан­дай кең болса, пейілі де сон­шалықты дер еді қайран да қай­ран әке. Бәлкім аманат іспетті әке ақылы сол кезден сүйегіне сің­ген шығар. Омбы аграрлық уни­верситетінде оқып жүргенде кеш­кілік жұмыс істеді. Тапқан азын-аулақ ақшасын жұмсап, қара­жаттан қысылған студенттерге кө­мектесіп тұратын. Алқаусыз жан қалауы. Түлкіқұрсақ жүрген құр­быларының мәз-мейрам болып қуан­ғанын көрудің өзі бір мерей.

Спортпен үзбей, шындап айналысты. Армрестлингтен Омбы қаласында өткен жарыста бірінші орынға ие болды. Құрбыларына тіршілікте темірдей төзімді болуы үшін саламатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысу керек деген пікірін жиі айтатын. Аграрлық университеттен кейін Омбының іргесіндегі «Степное» кеңшарына зоотехник болып орна­ласты, ғылыми жұмыспен айна­лысты. Әріптестерімен бірге ірі қара малды будандастыру ар­қы­лы өнімділігі жоғары етті тұ­қым шығарды. Арада жылдар өт­кен соң, Раздольное селосында клуб меңгерушісі болып жұмыс іс­теді. Жас балаларды спортқа тәрбиеледі.

2006 жылы Көкшеге қоныс ­аударды. Қуанышы қойнына сый­маған. Ата-бабасының то­пы­ра­ғы. Облыс орталығындағы Абай Мырзахметов атындағы уни­вер­­ситеттің заң факультетін тәмамдады. Көкшетаулық кәсіп­кер Асқар Хасеновтің шаруа­­шы­лығында екі жыл мал дәрігері болып жұмыс істеді. Кейін сайрап жатқан тағдыры жолында кесе-көлденең түскен қиындық бас көтертпеген. Шыдап бақты. Ту­мысынан төзімді еді, қиындыққа мойымайтын. Ұлағаты мол ұшқан ұяның тәлімі. 2008 жылы уақытша болса да паналайтын баспана таба алмады, оның үстіне жарық дүниеге кішкентай қызы келген. Тұрақты жұмыс болса жоқ, қос дипломы болғанымен, жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмады. Тұратын жері болмай, бейім­деу орталығында үш күн қонып шықты. Осы жерде тағдырдың тәлкегіне түскен қаншама адаммен танысты. Тіршіліктің қара дауылы ұйтқи соғып, өзін де бір қиырға шығарып тастаса да, үнемі өзгеге қамқор болып жүретін әдемі әдетінен жаңылған жоқ. Жеті кезбенің ет жақын туыстарын тауып, тілдесіп, ағайынға қамқорлық жасау адамгершілік екендігін жетелеріне жеткізе айтып, табыстырған. Жетеуі де ағайынның алқауымен ел қа­тарына қосылып кетті. Бір кезде жаза басқан жалғыз қадамның ке­сірінен бас көтертпес бұралаң жолға түскен әлгі жетеудің иін­дері бүтінделіп, қарындары то­йып, қуанғандарын көргенде кө­ңілі бүрлеген. Осы жерде Ғазез ақсақалмен танысты. Жетпісті алқымдап қалған адам екен. Әуелі орталықта жатқанына қа­рағанда жанашыры жоқ шы­ғар деп ойлаған. Сөйтсе, бар екен. Іле телефондарын тауып хабар­ласқан. Немере інісі келіп ақса­қал­ды алып кетті. Оған дейін Анар­гүл ақсақалды мұнтаздай етіп киін­діріп, жуындырып, са­қал-мұр­тын бастырып, дайын­­­дап қой­ған. Тағдырдың адамды ­­­аяуды білмес таяғы арқасына бат­­қан ­ақ­сақал осы бір сәтте көңілі ­­бо­сап, кемсеңдеп сөйлей де алмай ­қал­ды. Толықси толғанып отырып, ақ­көңіл Анаргүлге ақ батасын берген.

Төрткүл дүниені тұмшалап, қаһарын шаша келген жаман тұмаудың жайылған кезінде алты бекеттің арасында жүгіріп, кезекшілік атқарды. Ымырт үйірілгеннен бастап бозарып таң атқанша көз ілмейтін. Ешкім қолынан жетектеп әкеліп мін­деттеген емес, өз еркімен. Хал­қына септігім тисін деген пер­зенттік пейіл. Таңертең бекет­те­гі кезек­шілігі біткен соң, жұмы­сына жү­гіретін. Әріптестері қажы­май­тын қайратына таңғалушы еді.

Биылғы көктем жалпақ жұртқа сынақ болды. Облыс орталығын қақ жарып өтетін қылдай Қылшақ­ты өзені жа­ға­лауды бұзып, тұрғын үй­лер­ді басып қалды. Қаумалаған қара өртке қанатымен су шашатын қарлығаш іспетті Анаргүл Ержанқызы тәулік бойы ты­ным таппай, қарғын сумен алысқан азаматтарға дәм дайындады. Міне, осы кезде ел бірлігі, жал­пақ жұрттың тұтастығын өз кө­зімен көрген. Қандай абзал азаматтар десеңізші. Көктемнің қара суығында белуардан су кешіп жүрсе де мойымаған, та­би­ғаттың тосын мінезіне төтеп бер­ген халқының махаббатына тәнті болған. Былайғы жұртқа да дән разы. Қазан-ошақтың басында жүргенде қала халқы дүмеп келді дейсіз. Топан суды тоқыратуға талпынып жатқан құтқарушыларға қуат болсын деп дәм-тұзын әкеліп жатыр. Кәсіпкерлер ғана емес, жай адамдар да. Міне, сол кезде бірлігі бар елдің тірлігі тәуір болатынын ұққан.

«Елдің осы бір ыстық ықыласы, кең пейілі менің жанымды жадыратып жіберді, – дейді Анаргүл Мушканова. – Жамбылдан елу шақты құтқарушы келген. Біз­дің ақ дастарқанымыздан дәм тат­қан сол азаматтар әлі күнге дейін хабарласып, алғысын айтып жатады. Біз де қиын уақытта қол­ұшын берген атпал азаматтардың ерлікке бергісіз еңбегін ұмыта алмаймыз. Шын ерліктің, шынайы елдіктің белгісі осы емес пе?

Өзгеге жан шуағын төккісі келіп тұратын Анаргүлдің өз басында да шуақты күндер туа бас­тады. Марат есімді азаматпен танысқан. Автобус жүргізушісі екен. Алғашқы жары өмірден озыпты. Мүмкіндігі шектеулі бір қызы бар. Әуелі қызын баурына басқан. Жап-жас баланың болмысын көріп, бауыры езілгендей. Кейін шаңырақ көтеріп, бар тұрмысын заңдастырып, түтін түтетіп отыр. Қазір облыс ор­та­лығындағы қан орталығында еден жуушы болып еңбек етеді. Несі бар, адал кәсіп.

Тілдесе отырып байқағаным, кейіпкерімнің жанарынан шуақ төгіліп тұрады екен. Қоғам­ды ізгілендіретін де осындай кең­пейіл, елжанды адамдардың жү­ре­гінің жылуы мен жанарының жар­қын сәулесі ғой.

 

Көкшетау