• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 20 Маусым, 2024

«Неміс машинасын» кім тежей алады?

42 рет
көрсетілді

Германияда футбол тойы түңлігін желпіп жатыр. Еуропа чемпионатының тартысқа толы матчтары төрткүл дүние дидарын өзіне әлдеқашан бұрып әкеткен.

А тобында 2-турды бастаған азулы Германия құрамасы Мажарстан футболшыларын 2:0 есебімен еңсеріп, плей-офф кезеңіне өтуге күні бұрын қамданып қойды. 22-минутта Мажарстан құрамасының қақпасы алдындағы абыр-сабырда Жа­мал Мусиаланың ұрымтал тұстан ші­рене тепкен добын мажарлық футбол­шылар тойтара алған жоқ. Германия құрамасын алға шығарған Мусиала Еуропа чемпионатындағы екінші голын еншісіне жазды. Бірінші турда Германия құрамасы Шотландия футболшыларын 5:1 есебімен жеңгенде Мусиала да бір гол соққан болатын. Жамал – Штутгартта туып, жеткіншек шағында Англияға қоныс аударып, «Челсидің» академиясында шың­­даудан өткен саңлақ. Тіпті Англияның жасөспірімдер жастар құрамасында да ойнады. 17 жасында Германия ұлттық құрамасының жейдесін киді. 21 жастағы талантты футболшы Алмания жеріндегі аламанда талайдың таңдайын қақтыратынын тағы бір байқатты.

Тартысты матчтағы екінші голды Германия құрамасының капитаны, Гельзенкирхеннің түрігі Илкай Гүндаған еншісіне жазды. 67-минутта Максимилиан Миттельштадттың берген пасын Гүндаған мүлт жіберген жоқ. Мадиярлар барын салып шабуылды өрістеткенімен, мүмкіндікті оңтайлы пайдалана алмады.

Бұл топтағы кезекті тартыс Шот­ландия мен Швейцария құрамалары арасында өрбіп, тең тарқасты. Матч алдында Шотландия құрамасының бас бапкері Стив Кларк қалайда жеңіске жетіп, шотланд халқын қуантамыз деп ірі сөйлеген еді. 13-минутта Мактоминэйдің соққысы Швейцария құрамасының ойын­шысы Фабиан Шердің аяғына тиіп автогол тіркелді. Десе де шотландықтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 26-минутта Шотландия құрамасының қорғаушысы Энтони Рэллстонның қаңғалақтап жүріп қиыс тепкен пасын Жердан Шакири ұтымды пайдаланып, таразы басын теңестірді.

Бұл топта Германиядан сырт Швей­цария құрамасы да плей-офф кезеңіне сынық сүйем жақын тұр.

В тобының 2-тур ойынын Хорватия мен Албания құрамалары өткізді. Матч­тың 11-минутында қорғаушы Эльсейд Хюсайдың аспандатып берген пасын жартылай қорғаушы Казим Лаци голға ұластырып, Албания құрамасын алға шығарған. Албандар басымдықты 72-минутқа дейін ұстап тұрғанымен, 73-ми­нутта Андрей Крамарич таразы басын теңестіріп кетті. Осы голдан кейін албандардың сағын сынып, тауы ша­ғылғандай әсер қалдырды. Алаңға 2-таймда шыққан Лука Сучичтің (76-минут­та) тепкен добы албан футбол­шысының (Клаус Гясуля) аяғына тиіп автогол тір­келді. Екінші таймның негізгі уақытына бас қазы 6 минут қосқан. Автогол соққан айыбын жуған Клаус Гясуля 94-минутта Албания құрамасын кезекті жеңілістен құтқарды, есеп: 2:2.