• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт 20 Қаңтар, 2017

Алматы Универсиаданы өткізуге дайын

8252 рет
көрсетілді

Универсиада шараларын өткізуге байланысты Алматыда бірқатар учаскелерде жеке көлік қозғалысына шектеулер қойылады. Ал қоғамдық көлік белгіленген кесте бойынша жүреді.

Алау эстафетасы

Жексенбі күні, 29 қаңтарда Алау эстафетасы мына бағыттар бойынша өтеді деп жоспарланған:

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Тимирязев көшесі – Манас көшесі – Абай даң­ғылы – Сейфуллин даңғылы – Го­голь көшесі – Сейфуллин даңғылы – Тө­ле би кө­шесі – Достық даңғылы – Абай даң­ғы­лы – Байтұрсынов көшесі – Сәтбаев кө­ше­сі – Достық даңғылы – Республика алаңы.

Бұл бағыттар бойынша көлік қозға­лы­сы сағат 10.00-ден 14.00-ге дейін шек­те­ле­тін болады.

Алау эстафетасы көшелердің басым бөлігімен өтетіндіктен автобус бағыт­тары өзгермейді. Автобустар Алау эста­фетасы өтетін бірқатар жерлерде тоқта­тылады. Осылайша, жоғарыда аталған учаскелерде әр бағыт бойынша көліктер орташа 5-10 минут қана кідіреді.

Ашылу және жабылу салтанаттары

Универсиада ашылатын 29 қаңтар мен ойындар аяқталатын 8 ақпан күндері «Алматы Арена» стадионына көрермендер мен қонақтарды жеткізуге ерекше мән беріледі. Арнайы бағыттар бойынша біржақты жолақысы 100 теңгені құрайды:

Орталық стадион – «Алматы Арена» Астана алаңы (ҚБТУ) – «Алматы Арена»

Жарыс күндерінде

Жарыстар өтетін күндері көрер­мен­дерді спорт нысандарына тасымалдау үш нүкте арқылы атқарылады:

– Орталық стадион;

– «Саяхат» автобекеті;

– Алматы-1 темір жол вокзалы.

Бұлардан өзге, көрермендерді жарыстар өтетін жерлерге бұрыннан қатынап жүрген 555 автобус жеткізетін болады:

1. Орталық стадионға дейін – 17 бағыт, 282 автобус;

2. Шаңғы трамплині кешеніне дейін –  3 бағыт, 88 автобус;

3. «Алматы Аренаға» дейін – 4 бағыт, 55 автобус;

4. «Халық Аренаға» дейін – 5 бағыт, 112 автобус;

5. «Медеу» мұз айдынына дейін –  2 бағыт, 18 автобус.

Қажет болғанда бағыттар күшейтіледі.

Универсиада әкімшілігі айтып өт­кен­дей, ойындарға қатысушыларға (спортшы­лар, төре­шілер, техникалық делегаттар жә­не бас­қалары) 519 көлік бірлігі қызмет көр­се­теді.

«Біз негізгі және баламалы бағыттарды жаса­дық, қозғалыс хронометражы есеп­телді, полиция көлігінің еріп жүруі жос­пар­ланған. Басты мақсат – қалалықтардың күнделікті өміріне еш кедергі келтірмей, Универсиаданың тиімді және жайлы логис­тикасын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Универсиада әкімшілігі.

Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына, кімде-кім Универсиада өтіп жатқан кезде жеке көлігін пайдаланғысы келсе, онда  FISU-дің талаптарына және дүниежүзілік тәжірибеге сай түрлі шаралар өтіп жатқан жердің айналасында 500 метрлік қауіпсіздік аймағының барын есте сақтаулары тиіс. Сондықтан жеке көлік иелері сауық-сауда кешендері маңындағы тұрақтарға көліктерін қалдырып, әрі қарай қоғамдық көлікпен спорт нысандарына бара алады.