Сарапшылар ел экономикасының жыл санап инвесторлар үшін бәсекеге қабілетті және тартымды болып келе жатқанын айтады. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) мәліметіне сәйкес, еліміз таза шетелдік тікелей инвестиция тарту бойынша посткеңестік кеңістікте, Орталық Азияда және теңізге шығатын тікелей жолы жоқ 32 дамушы ел арасында көшбасшы болып саналады. 2019 жылдан бастап елімізге 117 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды деді бізбен сұхбаттасқан Сыртқы істер министрлігіне қарасты Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов.
– Әңгімені елдің инвестициялық әлеуетінен бастасақ. Алдымызда қандай міндет пен мақсат тұр?
– 2029 жылға қарай қосымша кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуды қамтамасыз ету стратегиялық міндеті тұр. Еліміздің тоғыз жолдың торабында орналасқанын ескерсек, бұл – біз үшін ұтымды мүмкіндік. Әлемдік сауда бағыттарын қарайтын болсақ Еуропа мен Қытай сауда қарым-қатынасында тиімді логистикалық бағыт болу мүмкіндігін толығымен пайдалану керек. Президент тапсырмасын орындау нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты маңызды сауда жолдарының біріне айналып жатыр. Осы тиімді географиялық орналасуымыз инвесторлар қызығушылығын арттырып келеді. Екіншіден, минералды шикізат ресурстары, оның ішінде, әлемде депозитариясы аз қалған материалдар қоры елімізде жеткілікті. Қазір әлемде технологиялық прогресстің өршуіне байланысты табиғи сирек қазбаларға деген сұраныс ерекше артып келеді. Осы мүмкіндіктерімізге орай инвесторлар бүгінде Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі. Егер біздің елде өндіріс ашып, тауар шығарса онда біздегі шикізат оларға арзан әрі жеткілікті мөлшерде беріледі. Бұл да ұтымды тұсымыз. Үшіншіден, қолайлы инвестициялық ахуал бар. Заңнамада көзделген салық, кедендік төлем жағынан, сондай-ақ жер телімі, визалық сүйемелдеу сияқты преференциялар беріледі. Инвестор қазақ еліне табан тірегеннен-ақ, оларға қажетті сервистік қызмет көрсетіледі. Бұл қызметті «Kazakh invest» ҰК» АҚ жүзеге асырады. «Бір терезе» қағидаты аясында инвесторларға түрлі деңгейде кездесулер ұйымдастыру, жобаларын сүйемелдеу, барлық артықшылық пен мүмкіндікті түсіндіру, құқықтық жағынан қолдау көрсету қызметтері ұсынылады. Инвестициядан кейінгі кезеңде тиісті мониторинг жүргізіліп, бұл әрбір инвестор және жобамен дәлме-дәл, барлық кезеңде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар туындаған проблеманы жылдам шешу үшін Инвестициялық штаб та тиімді жұмыс атқарып жатыр. Мысалы, жуырда әлемдік деңгейдегі танымал «PepsiCo» компаниясының 160 млн доллар тұратын инвестициялық жобасы нәтижелі басталып, 2026 жылы алғашқы өнімін шығармақ.
– Отандық және шетелдік инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды тарқата айтып беріңізші?
– Бұл – мультипликативтік әсер беретін сала. Өйткені инвесторлар белгілі бір жобаға қаржы құю арқылы аралас салаларда жұмыс орнын ашуға мұрындық болады. Шетелдік инвестиция үшін дамушы елдер ғана емес, дамыған мемлекеттер де сайысқа түсіп жатыр. Қазір инвесторлар үшін күрес заманында өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін негізгі қолдаудың бірі – инвесторлық келісімшарт. Бұл бағыттағы жұмыстарға Инвестиция комитеті жетекшілік етеді. Кейінгі 5 жылда 347 инвестициялық келісімшарт жасалды, қаржы көлемі 3 трлн теңгені құрады. Келісімшарт аясында инвестициялық жобаны іске асыратын заңды тұлғаларға инвестициялық преференциялар (кедендік баждан 5 жылға дейін босату, шикізат және (немесе) материалдар импортына қосылған құн салығынан 5 жылға босату, мемлекеттік заттай грант, 8 және 10 жылға арналған салықтар бойынша артықшылықтар) беріледі. Мәселен, кәсіпорын Қазақстанда өндірілмейтін қондырғыны әкелсе, ол тиісінше баж салығынан босатылады. Бұдан бөлек кәсіпорын өнімді шығару үшін елде өндірілмейтін шикізат пен материалдардың кейбір түрі тіркелген актив пайдалануға берілген жағдайда 5 жылға дейінгі мерзімде кедендік салықтан босатылады. Бұл мүмкіндік те кәсіпорынның аяққа тұрып кетуіне үлкен жағдай туғызады.
– Олардың келісімшарт бойынша жұмысын қаншалықты адал атқарып жатқаны бақылана ма?
– Инвесторлық келісімшартқа қол қойылғаннан бастап инвестор әр жыл сайын 2 рет ақпарат беріп отыруы шарт. Оның ішінде, жобаға қанша қаражат құйғаны, оны қай деңгейде игергені туралы тұрақты түрде тиісті ақпарат алып отырамыз. Егер олар бастапқы уәдесін орындамай, жерді бос ұстап отыратын болса, алғашында хабарландыру жібереміз, одан кейін барлық ереже шеңберінде инвестициялық келісімшарт бұзылады. Инвестор бастапқы жоспар бойынша кәсіпорын жұмысын алға жылжытып, белгіленген мерзім ішінде қажетті жұмыстарды аяқтап, кәсіпорын талапқа сай салынған жағдайда ғана инвестордың міндеттемесі толық орындалды деп растаймыз.
Жақында инвесторлардың қызметін бақылап отыру және олардың жобаларын сүйемелдеу мақсатында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. Онда инвестициялық жобалар пулына кіретін 32 трлн теңгеден асатын 704 инвестициялық жоба енгізілді.
– Бізге қай елдер көп инвестиция құяды? Олар жобаға кіріспес бұрын қандай мәселелерге мән береді?
– Көшті Нидерланд мемлекеті бастап тұр. Олар 34 млрд доллар салды. Одан кейін тізімді АҚШ, Швейцария, Ресей, Қытай жалғайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, аталған мемлекеттер көп жағдайда тау-кен саласына қаржы құюға ықыласты. Себебі әлемдік экономика өскен сайын шикізатқа сұраныс артып келеді. Сонымен бірге, қаржы, сауда-саттық және өңдеу өнеркәсібін ілгерілетуге де қызығушылық бар. Инвесторлар бірінші кезекте капиталдың сақталуына, заң үстемдігіне, ашық әрі қолайлы бизнес ортаға кепілдік беретін мемлекеттерді таңдайды. Қазір шетелдік инвесторды көптеп тарту мақсатында Қазақстанның шетелдік мекемелерінің инвестициялармен жұмыс істеу тәсілдерін толық қайта қарадық. Осы ретте шетелдегі елшіліктеріміз үшін елдік инвестициялық бағдарламалар әзірленді. Оның аясында біз нақты күтетін инвестиция көлемін, сол мемлекеттегі қандай шетелдік компаниялармен нақтылы жұмыс істеу керек екенін және қандай салаларды қамту қажеттігін белгілейміз. Жақын арада облыстарда инвестицияға тапсырыс ретінде өңірлік бағдарламалар әзірленеді. Яғни әр өңірдің ерекшелігі ескеріледі – инфрақұрылымның болуы, бос жер телімдері және басқа да мәліметтерден тұратын өңірлік инвестициялық бағдарламалар негізінде біздің елшіліктер шетелден инвесторларды іздейді.
– Бұған дейін елде ерекше инвесторлық виза енгізілгені хабарланған еді? Ол қандай мүмкіндіктер береді?
– Иә, ел аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын шетелдік компаниялардың басшылары мен олардың отбасы үшін «А5» санатындағы инвесторлық виза беру тетігі табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл визалар 5 жылға беріледі. Экономикаға 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендер үшін «А6» инвесторлық визасының жаңа санаттарын енгізуге қатысты жұмыстар аяқталып келеді. Аталған санат шетелдіктерге елде 10 жылға дейін тұру құқығын береді.
– Әлемде сауда-экономикалық үдерістер жылдам өзгеріп жатады. Бұл тұрғыда заңнамалық талаптарды да қолайлы ету сұранысы туады. Осы іспен айналысатын инвестициялық штаб қызметі қалай жүріп жатыр?
– Өткен жылдың соңында Президент Жарлығымен Инвестициялық штабтың жұмысы күшейтілді. Оны Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр басқарады. Ал мен штабта хатшылық қызмет атқарамын. Инвестициялық штаб құрамына маңызды салалық министрліктер басшыларының орынбасарлары, Бас прокуратура және басқа да құқық қорғау органдардың орынбасарлары және өңір әкімдерінің орынбасарлары кіреді. Инвестициялық штаб отырыстарының күн тәртібінде әрбір инвестордың көтерген мәселесі мен олардың жобаларды іске асырудағы кедергілер бірінші кезекте қаралып, оны тиімді шешу мақсатында мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеледі. Атап айтсақ, Инвестициялық штаб шығарған шешімдер бұған дейін ұсыным ретінде қаралып келсе, Президент пәрменінен кейін орындалуы міндетті санатқа көшті. Кейбір заңдар ескіріп жатады. Егер заң инвесторларға кедергі келтірсе, Инвестициялық штаб шешім қабылдап, мемлекеттік орган орындайды. Кейінірек сол заңнамаға өзгеріс жасалып, әрекет заңдастырылады. Осылайша, кейде бір жылға дейін созылып қабылданатын шешімдер Инвестициялық штаб арқасында жылдам қабылданып, нәтижесінде инвестициялық жобалар уақытында өнім шығаруға көше бастайды.
– Таяуда Корея Президенті Юн Сок Ёль мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Осы сапар аясында қандай ұтымды инвестициялық келісімдер жасалды?
– Корея Президентінің сапары аясында екі ел арасындағы инвестиция бойынша бизнес форум өтті. Сол жерде құны 430 млн доллар болатын 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Жобалар энергетика, металлургия, автомобиль өнеркәсібі, IT және көлік инфрақұрылымы салаларын қамтиды.
Әсіресе автокөлік өнеркәсібі саласына салынған инвестицияның жалпы көлемі – шамамен 200 миллион доллар. Алматыда «Hyundai» көліктерін құрастыру жобасы жолға қойылып, Қостанайда «KIA» зауыты іске қосылмақ. Айта кету керек, «Kia» тарихта алғаш рет бірлескен кәсіпорынға тікелей инвестиция салып, Корея Республикасынан тыс жерде зауыт салып жатыр. Автомобиль өнеркәсібінен бөлек, «Samsung», «LG», «Lotte», «Posco», «Doosan» сияқты ірі корпорациялар, жалпы бізде оңтүстіккореялық капиталдың қатысуымен 700-ден астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Екіжақты келісімдер елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін.
Жалпы, ол елден келетін тікелей инвестицияның жалпы ағыны шамамен 9,6 млрд долларды құрады. Ұлттық инвестициялық цифрлық платформада байқағанымыз, жыл басынан есептегенде Оңтүстік Корея ТОП ондықтан ТОП бестікке көтерілді.
Сөз соңында Қазақстан үшін әр инвестор маңызды екенін еске салғым келеді. Біздің елге инвестиция құюға қолайлы жағдайлар жасалған және бұл үрдіс жалғасады. Өз тарапымыздан елімізге инвестицияның көптеп тартылуына, сол арқылы ел экономикасын дамытуға бар күш жігерімізді саламыз.
Әңгімелескен –
Дана Мырзақадір,
«Egemen Qazaqstan»