Қарағандылықтар облыстық полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Қуаныш Медеубаевты әуелі ақын ретінде таниды, одан кейін барып погон таққан полицей ретінде біледі.
Олай болатын да жөні бар. Қуаныш Абдоллаұлының алғашқы өлең жинағы университетте жүріп жарыққа шығады. «Жан-Арым» атауымен. Профессор Нұрлан Дулатбековтің тікелей қолдауымен. Сөйтіп, Қарағандыдағы әдеби ортаға осылай қадам басады.
Арагідік «Орталық Қазақстан», «Балқантау» газеттеріне қоғамдағы өзекті тақырыптарға өткір тоқталып, өзінің ой-толғауларын жазып тұрды. Жаны жазуды жақсы көргендіктен, журналист болғысы келген арманы басқаша орындалады. 2014 жылы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне жұмысқа қабылданады. Сонда жүріп полиция қызметкерлерінің қызығы мен шыжығын, құқық қорғау органындағы жылт еткен жаңалықтарды өңірдегі газет беттерінде көрсете білді. Облыстық «Saryarqa» телеарнасындағы «Заң және заман» бағдарламасы арқылы да халыққа органдағы өмірдің қыр-сырын жеткізіп жүрді.
Баспасөз саласындағы жұмыстарды ұршықша иіріп, ұтымды ұйымдастыра білген қызметкер 2019 жылы департаменттің идеология мен имиджіне жауапты Тәрбие және кадр жұмысы басқармасына ауысады. Бұл басқармадағы шаруа да Қуаныш Абдоллаұлына аса таңсық емес. Осында жүріп ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор лауазымына дейін жоғарылайды, қазір майор шенінде.
Мұнда қандай қызмет атқарады? Департамент қызметкерлерінің, яғни әр полицейдің патриоттық рухын көтеру мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Мәселен, ерлік көрсеткен қызметкерлердің батылдықтарын насихаттап, үлгі етеді. Ішкі істер органының ардагерлерімен «Ерлік сабақтарын» өткізеді. Яғни жас полицейлерге олардың даңқты жолдарын үлгі етеді. Үнемі театр, кинотеатр секілді басқа да мәдени ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді. Рух көтеретін қойылымға, киноға баруын ұйымдастырады. Былайша айтқанда, әр полицейдің имиджіне жауапты.
«Ақын үшін полицей болу әжептеуір ауыр. Әйтпесе, қарапайым полиция қызметкері болсаң бар күш-жігеріңді аянбай жұмысқа арнайсың. Ақын ретінде өз шығармашылығыңа еркіндік беру мүмкіндігі сәл ауырлау. Десе де басшылық үнемі қолдау көрсетіп, шығармашылығыма еркіндік беріп тұрады. Нәтижесінде, полицияға деген халықтың оң көзқарасын қалыптастыруға бірнеше өлең, патриоттық бағыттағы әндерге сөздер жазылды. Бейнероликтер мен деректі фильмдер түсірілді. Ол, әрине, жалғыз менің еңбегім емес. Департаменттегі «Еңбек және ерлік даңқы» музейінің директоры Айжамал Бекішқызы мен баспасөз қызметі саласындағы әріптес достарымның арқасында», дейді Қуаныш.
Осыдан он жыл бұрын ақын Дәурен Берікқажыұлының қолдауымен «Қара жәшік» атты кітабы жарыққа шығып, оны әдеби орта жылы қабылдады. Ал оқырманнан оң баға алады. Сыршыл өлеңдері испан, түрік, француз, әзербайжан тілдеріне аударылып, қазақ ақындарының ұжымдық антологиясына енген. Испан халқының ғана емес, әлем ақыны атанған Хосте Хорхе Падрон «Әлемдегі 30 елдің ақындарының ішінде полиция қызметінде жүрген ақынды бірінші рет кездестірдім», деген пікір білдіріп, поэзиясына бас бармақпен баға беріпті.
Одан бөлек, Қуаныш Абдоллаұлы бірнеше әнге сөз жазған. «Жасай бер, Қазақстан», «Анашым», «Ару қалқа қыз» секілді әндері елдің аузында кең тараған.
Мұнымен қоса ақын полицей төрт ұл, үш қыздың әкесі. Демек жұбайы Жадыра Серікбекқызының азаматының жағасына кір, көңіліне кірбің түсірмей, қолдауы да үлкен шаруа. Жадыра жанына жақын кәсіппен, яғни тігінмен айналысады. Тапсырыспен перде тігіп, отбасының табысын еселеп отыр. Ақын Қуаныш «Балаларым – көз қуанышым, көңіл нұрым. Жұмыстан шыға соларға асығамын. Жалпы алғанда өлеңде де, өмірде де арманы орындалған жанмын», дейді. Олай болса, біз де Қуаныш үшін қуаныштымыз.
Қарағанды облысы