• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Маусым, 2024

Адам капиталы және бәсекеге қабілеттілік

123 рет
көрсетілді

Мемлекеттік қызметші күніне орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің адам ресурстарын дамыту жөніндегі уәкілетті органдар басшыларының үшінші кездесуі өтті.

Басқосудың басты мақсаты – ұйымға қатысушы елдердің мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды басқару саласында тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді талқылау.

Іс-шараға агенттік төрағасы Дархан Жазықбай, Түркі мемле­кет­тері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, Түркия Республикасы Президенті жанын­дағы Адами ресурстарды бас­қару кеңсесінің президенті Салим Атай, Өзбекстан Республикасы­ның Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігінің директорының бірінші орынбасары Амиртемирхон Мусаев, Әзербайжан Республика­сы­ның Мемлекеттік емтихан орта­лы­ғының директорлар кеңесі төр­ағасының орынбасары Бахрам Ха­лилов, Әзербайжан Республи­ка­сының Президенті жанын­дағы Мем­лекеттік басқару акаде­мия­сының ректоры Урхан Алакбаров, Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының проректоры Урмат Аманбаев, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аппарат басшылары қатысты.

МҚІА төрағасы Дархан Жазық­бай жаһандану және жедел техно­ло­гиялық үдеріс жағдайында ұлт­тық және халықаралық деңгейдегі бәсе­кеге қабілеттіліктің негізі – адам ка­п­италына ерекше көңіл бө­лу­дің маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде елдеріміз сая­си, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгей­ге көтеруі қажет деп айтқан болатын. Сондықтан біз үшін Түркі әлемінің экономикалық, мә­де­ни және әлеуметтік сала­лар­дағы үйлесімге ұмтылысын ескере отырып, мемлекеттік қызметтегі HR саласында да ұтымды шаралар қабылдаудың маңызы ерекше. Біздің мақсатымыз бір – ол мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқарудың күшті әрі үйлесімді жүйесін құру, – деді Дархан Жазықбай.

Бүгінде Қазақстанда мемлекет­т­ік қызметті жаңғыртуда HR құрал­дарын қолдануға басымды­лық беріліп, талантты жастар­ды және жеке сектордан кәсі­би мамандарды тарт­удың жаңа тетіктері енгізі­ліп келеді. Біліктілігі мен салалық тәжі­­рибесіне сәйкес кәсіби мамандар мен дарынды басқарушыларды жекелеген жоғары лауазымдарға, ал жоғары оқу орындарының грантпен бітірген үздік түлектерін аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурссыз таға­йындау, «келісімшарттық қыз­метші» ретінде салалық мамандарды нақты жобаларды іске асыруға тарту мүмкіндіктері берілген.

Цифрлық трансформация аясында «e-Qyzmet» жүйесінде іске қо­сылған мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы Қазақстан азаматтарына конкурстарға онлайн түрде қатысуға жол ашты. Цифрлық іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында агенттікпен жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселесі зерделеніп жатыр.

Жиынға қатысушылар Қазақ­станның мемлекеттік қызмет­ті жетіл­діру бағытындағы қадам­дарын оң бағалап, өзгерістер дәуірін­де адами капиталды дамы­туға қатысты өзекті ойлары мен озық тәжірибелерін ортаға салды. Әзер­байжанда тестілеу құрал­дарын кеңінен қолдану, Қырғыз­станда мемлекеттік қызметші­лердің цифрлық сауатын арттыру, Түркияда үздіксіз оқыту жүйелерін ілгерілету, Өзбекстанда бағалау тетіктерін жаңарту жұмысы алға қойылғандығы жөнінде айтылды.

Кездесу соңында қатысушылар бүгінгідей басқосудың мемле­кет­тік қызметтегі адами ресурстарды басқару бойынша тәжірибе алмасудағы, үздік шешімдерді әзірлеудегі маңызын ерекше атап, одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін білдірді.