Қазақстанда колледждерге түсу үшін құжаттарды қабылдау басталды. 25 маусым мен 1 шілде аралығында талапкерлер оқу орындарына қағаз түрінде құжаттарды тікелей тапсыра алады. 1 шілдеден бастап қабылдау egov.kz порталы арқылы жалғасады, онда үміткерлер төрт колледжге құжат тапсырып, төрт мамандыққа дейін таңдай алады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Көптеген мамандықтар үшін колледжге қабылдау GPA негізінде жүргізіледі. Автоматтандырылған ақпараттық жүйе үміткерлердің рейтингін міндетті және бейіндік пәндер бойынша орташа конкурстық балға сәйкес жүргізеді.
Педагогикалық мамандықтар үшін, сондай-ақ өнер және мәдениет саласындағы мамандықтар үшін шығармашылық немесе арнайы емтихандар қарастырылған. Медициналық мамандықтар үшін үміткерлер психометриялық тестілеуден өтіп, конкурсқа қатысуға рұқсат алуы керек.
Жеңілдікпен оқуға халықтың әлеуметтік осал топтарының, оның ішінде I және II топтағы мүгедек балалар, көпбалалы және толық емес отбасылардағы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ ауыл жастарынан шыққан талапкерлер оқуға түсе алады. Ол үшін тиісті растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Қабылдау үшін қажетті құжаттар:
- кандидаттың ата-анасының біреуінің немесе заңды өкілдерінің электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысанындағы өтініші;- білімі туралы құжаттың электрондық көшірмесі;- № 075-У нысанындағы медициналық анықтамалардың электрондық көшірмелері.
Өлшемі 3х4 см цифрлық фотосурет пен өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден «Электрондық үкімет» арқылы алады.