• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 26 Маусым, 2024

ҰБТ-да тәртіп бұзушылық азайды

85 рет
көрсетілді

Мемлекеттік білім гранттарынан үміттілердің ішінде өңірдегі мектеп, колледж түлектері, сондай-ақ былтыр, оның арғы жылы мектеп тәмамдаған жастар бар. Қостанай, Арқалық қалаларында екі бірыңғай тестілеу орталығы жұмыс істеп тұр.

Ұлттық тестілеу орталығы­ның Қостанай қаласындағы филиал басшысы Нұргелді Хасеновтің айтуынша, биыл талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, соның ең үздік нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және тест тапсыратын орынды өздері таңдады.

«Биыл балалар үш мін­детті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Ма­тематикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейіндік пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. ҰБТ тапсырмаларының саны – 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы­нан» 10 тапсырма, «Математика­лық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойын­ша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды», дейді Нұргелді Хасенов.

ҰТО басшысының айтуынша, тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат. Сонымен қатар ерекше білім беру қа­жеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Ал көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленген.

«Қазір жалпы тестілеу қаң­тарда, наурызда, маусым, шілде, тамыз айла­рында – жалпы жылына бес рет өтеді. Осыған байланысты балалар тест тапсыруға психологиялық тұрғыдан әбден дайын болып келеді. Сондық­тан 5 рет тест тапсырған, ең алды­мен, балалардың өздері үшін жақсы. Қазір балалар мен ата-ананың бойында бұрынғы­дай қорқу, толқу, қобалжу жоқ. Әбден үйреніп алды», дейді Ұлттық тестілеу орталығының басшысы.

Нұргелді Сәлімжанұлы­ның ай­туынша, соңғы жылдары ҰБТ тапсырушылар арасында тәртіп бұзушы­лық көп азайған. Мәселен, Қоста­най қаласындағы ҰТО-да осы уақыт­қа дейін тәртіп бұзу жағдайы екі-ақ рет тіркелген. Бір бала қағазға жазыл­ған дайын жауапты көшірмек бол­ған, екіншісі тестілеу орталығына ұялы телефон алып өтпек болған.

 

Қостанай облысы