Қазақтың белгілі ақыны Бақыт Кенжеев 74 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өмірінің соңғы жылдарын АҚШ-та өткізген Бақыт Кенжеев оқырмандарының ықыласына бөленген ақындық талантымен танымал болған.
«Бақыт Кенжеевтің тегеурінді поэзиясын жоғары әдебиетті сүйетіндер жанына жақын тартты. Бақыт Шүкіроллаұлы әлем әдебиетінің классигіне айналды. Ақынның шығармалары әлемнің көптеген тіліне, соның ішінде қазақ тіліне де аударылды», деп жазды Балаева өз жазбасында.
Мәдениет және ақпарат министрі Кенжеевтің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Ақын 1950 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бақыт Кенжеев - 20-дан астам поэзиялық және прозалық кітаптардың авторы.
Айта кетейік, ол Қазақстаннан 1982 жылы кетіп, әуелі Канадаға қоныс аударып, 2006 жылы Нью-Йоркке қоныстанған еді.