Мәжілісте журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысы жарияланып, арнаулы аталымдардың жеңімпаздары марапатталды. Биыл жеті номинация бойынша 17 адам үздік деп танылып, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан сыйлық алды.
Алдымен Палата спикері «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары мен барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Кейінгі жылдары журналистердің қызметін, сөз бостандығын қамтамасыз ету жолында көп шаруа атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының негізгі өзегі де сол. Соның бірден-бір көрінісі – осы Мәжіліс алаңы. Бүгінгі таңда БАҚ – ақпаратты халыққа жеткізудің ең маңызды, объективті және жедел арнасы. Ал журналистер қауымын депутаттардың елді дамыту жолындағы нағыз одақтастары деуге болады», деді Палата спикері.
Ерлан Қошанов Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген «Масс-медиа туралы» жаңа заңды депутаттар журналистермен бірге жазғанын және олардың көптеген ұсыныс-пікірін ескергенін атап өтті. Жаңа заң бұқаралық ақпарат құралдарының мүдделерін қорғайды және отандық медиа саласын жетілдіруге мол мүмкіндік береді. Оның жұмысына журналистер арасынан шыққан ең белсенді депутаттар қатысты. Олар әрқашан өз әріптестерімен байланыста және Мәжілістің ашықтығы үшін көп жұмыс істейді.
Cалтанатты жиында «Үздік баспа жарияланымы үшін» аталымымен «Түркістан» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Юридическая газета» басылымының тілшісі Линара Сактаганова марапатталды.
«Үздік телевизиялық сюжет үшін» аталымында «Хабар» телеарнасының тілшісі Алина Бржанова, «Almaty» телерадиокомпаниясының журналисі Өмір Әнуарбек, «Еуразия» бірінші арнасы» телеарнасының тілшісі Жанел Қайнетден үздік деп танылды.
«Үздік бейне-сурет материалы үшін» аталымы «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің фототілшісі Виктор Федюнинге, «МИР» телеарнасының телеоператоры Марат Кураков табысталды.
«Үздік интернет және радио материалы үшін» аталымын «Baq.Kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Гүлжан Раманқұлова, «NS» радиосынан Ербол Бегімбетов, «BES.media» желілік басылымының журналисі Дамир Байманов алды.
«Арнайы репортаж» аталымы бойынша «24.kz» телеарнасы «Мәжіліс live» бағдарламасының жүргізушісі Анна Шолгина, «Abai.live» Youtube арнасының жүргізуші-редакторы Абай Тіленшиев, «Zakon.kz» сайтының тілшісі Андрей Губенко марапатталды.
«Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымында «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Apta» бағдарламасының жетекшісі Жайна Жаксылықова мен «Время» газетінің бас редакторы Лев Тараков жеңіске жетті.
Сондай-ақ «Парламент сөзі» арнайы сыйлығы аталымы «Tengrinews.kz» желілік басылымы мен «Jibek joly» телеарнасының ұжымына табыс етілді.