Қайрат Жұмабек есімді есіл ер елдің есінде әлі. Көліктегі 130 баланы аман сақтап, мерт болған қаһарман! Батырдың көзсіз ерлігі естіген жанның көңілінен кетпейді, жүрегінен өшпейді. Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында «Қайраттың қайта жанған жұлдызы» атты қысқаметражды фильмнің тұсауы кесіліп, рухына тағзым жасалды.
Қаһарман Қайраттың ел-жұртты қайран қалдырған сол бір ерлігіне тағы бір көз жүгіртіп көрелік. 2008 жылдың 20 мамыры. Қарағанды қалалық жол полициясы батальонының инспекторлары, полиция аға сержанты Қайрат Жұмабеков пен старшина Дмитрий Пугачқа Қарағандыдан Астана қаласына бағытталған автобустағы мектеп оқушыларын аман-есен апарып келу туралы тапсырма беріледі. Қос инспектордың бағыттауымен үш автобус Елордаға аман-есен жетеді. Қарағандыға қайтар жолда полиция көлігінің тізгінінде Қайрат Жұмабеков болады. Оларға қарама-қарсы жол бойымен келе жатқан тас тиелген жүк көлігі өзімен қатарлас жүйткіген жеңіл автокөлікпен жарысып, абайсызда жолдың қарсы бағытына шығып кеткенін байқамай қалады. Қас пен көздің арасында қарсы жолаққа шығып кеткенін сезінген жүк көлігі, жолда келе жатқан патруль көлігі мен автобустарды көріп оңға қарай бұрылады. Жүк көлігінің арақашықтығы тым жақын болғандықтан, жеңіл көлікке соқтығысады. Дәл осы жол апаты кезінде Қайрат Жұмабековтің алдында екі таңдау тұрды. Біріншісі – қарсы келе жатқан көліктен сытылып шығып, өздерін сақтау немесе соққыға өзін тосып, автобусты аман алып қалу. Бірақ ол арды таңдады. Автобустағы балалардың амандығын ойлады. Өзінің үйінде де кішкентай құлыншақтарының күтіп отырғанын білсе де, батыр өз мойнына жүктелген тастай тапсырманы сезініп, кесапатқа қарсы тұрды. Сол жерде ажал құшты. Ал қасындағы серігі ауыр жарақатпен аурухана жеткізілді.
Міне, содан бергіде 16 жыл зырғып өте шықты. Батырдың есімін ұлықтауға автобустағы оқушылар, отбасы мен туған-туыстары жиналды. Алғашқы сөзді батырдың қасында болған жолсерігі Дмитрий Пугач алып, сол бір ауыр сәтті есіне түсірді.
– Барлығы қас-қағым сәтте болды. «Астана – Қарағанды» тасжолында жүк көлігі алдында келе жатқан жеңіл көлікті басып озып, біз жетегімізге алып келе жатқан автобустарға қарай қарсы бағытқа шықты. Қайрат тез арада шешім қабылдап, жүк көлігі автобусқа соғылмау үшін өзіміз мінген қызметтік автокөлікпен тосқауыл қойды. Одан кейінгісі есімде жоқ. Мен жансақтау бөліміне түсіп, ол жерде төрт күн жаттым. Ол өзінің қызметіне адал беріліп, тапсырманы антына сәйкес соңына дейін орындады. Егер олай жасамағанда автобустағы балалар қаза табатын еді, – дейді Дмитрий Пугач.
Еске алу кешіне Қайрат Жұмабековтің жары Назгүл, ұлы Ғалым мен қызы Диляра Астанадан арнайы келіп қатысты. Ғалым Қайратұлы да әке жолын жалғап, Ішкі істер органында қызмет етіп жүр. Ол Астана қалалық полиция департаментіне қарасты Есіл аудандық полиция басқармасында жедел уәкіл лауазымында.
– Әкем ер азаматқа сай іс істеді. Өзім кішкентай кезімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Анам қарсы болса да, әкемнің ізін жалғағым келді. Батырдың ұлы екенімді мақтан етемін. Отбасымызбен әкемізді еске алу кешіне келіп, көзімізге еріксіз жас алдық. Әкем өз өмірін қиып, құтқарып қалған 130 оқушы өсіп-өніп, үлкен азаматтар болыпты. Тіпті көбі отбасылы екен. Солар бастамашы болып, әріптестеріміз қолдап, мінекей, әкемнің есімі жаңғырып жатыр. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Ғалым Қайратұлы.
Автобустың ішінде болған оқушылардың бірі – 27 жастағы Әсемгүл Абатова. Екі баланың анасы. Отбасымен Саран қаласында тұрады. Бүгінде «Қазтелерадиода» инженер қызметінде. 2008 жылы Әсемгүлдің жасы 11-де болған екен.
– Астананың көрікті жерлерін көріп, өзімді бақытты сезініп келе жаттым. Жолда ұйықтап кетіппін. Автобус кілт тоқтағанда алдыңғы орындыққа басымды соқтым. Бәріміз аң-таң болып қалдық. Сыртқа шыққанымда аударылып жатқан полицей көлігін көрдім. Бұл қайғылы жағдайдан кейін біз өмірді бағалай бастадық. Жол-көлік оқиғасынан кейін әр жылдың 20 мамырында анам шелпек пісіріп, әкем құран оқиды. 16 жыл өтсе де, біз Қайрат ағаның ерлігін ұмытпаймыз. Мен әлі күнге дейін оның отбасымен араласамын, – дейді Әсемгүл Абатова.
Абылайхан Құлымбетов те құтқарып қалған полицей Қайрат Жұмабековтің есімін аса қадірлейді. Ол Қарағанды қаласының беделді нефролог дәрігері. Бір ұл тәрбиелеп отыр.
– Сол қайғылы жол-көлік оқиғасы әлі күнге дейін есімде. Қайрат Жұмабековтің есімі менің жүрегімде. Мектеп оқып жүргенде мен де Қайрат аға сияқты еліме қызмет атқарып, еліме қол ұшымды созғым келді. Сондықтан, дәрігер мамандығын таңдадым. Өзіне алғыс айта алмаймыз. Сол себепті, отбасына ризашылығымызды жеткізуге арнайы келдік осында, – дейді Абылайхан Құлымбетов.
Игілікті іс-шараның соңында Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Қайрат Жұмабековтің ерлігі жайында түсірілген бейнефильм барлық мектепте көрсетілетінін, сол арқылы батырдың қайсарлығын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру қажеттігін атап өтті.
Қарағанды облысы