Жаһандану заманында ең мықты инвестиция – білімге құйылған қаражат. Әсіресе, ата-аналар балаларының болашағына алаңдамас үшін қазірден-ақ олардың жоғары әрі сапалы білім алуына баса назар аударғаны абзал. Бұл тұрғыдан алғанда «Отбасы банк» АҚ «AQYL» депозитін ашу арқылы тиімді тетіктер ұсынып отыр. Меценаттар да игі іске үлес қосудан шет қалмады.
Түлектерге – тамаша тарту
Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Преснов жалпы орта білім беру мектебінің биылғы түлегі Ақмарал Сәрсенбекова – «Үздік аттестат» иегері. 11 жыл бойы мектеп қабырғасында үздік оқыған ол таяуда Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті тапсырды. Қалауы – физика пәнінің мұғалімі атану. Жоғары білімді Астана қаласында алуды армандайды. Бұл арманның орындалуына «Отбасы банк» АҚ пен жергілікті кәсіпкер Екпін Әбиев оң ықпал етіп отыр.
«11 жылдық уақыттың жемісі – «Үздік аттестат» иегері атануым. Ерекше үлгідегі құжат табысталған салтанатты шара барысында Екпін Әбиев ағамыздың атынан 100 мың теңгелік сертификатқа да ие болдым. Бұл сома толығымен «Отбасы банкінде» ашылған «AQYL» депозитіне аударылады. Мұндай тосын сый қуанышымды одан әрі еселей түсті. Енді жоғары білім алуымның негізгі қазығы бар. «AQYL» депозиті мемлекеттік грант бұйырмаған жағдайда оқу ақысын төлеуіме көп көмек болары сөзсіз. Университетте тегін оқу мүмкіндігін алсам, шотыма одан әрі қаражат жинап, оны магистратура немесе шетелдік оқу орнында білім алу үшін пайдаланамын деген ой бар», дейді түлек.
Түлектерді қолдау мақсатында осындай сертификаттар табыстау дәстүрі жыл санап жалғасып келе жатқаны көңіл қуантады. Биыл Жамбыл ауданындағы мектептерді 164 оқушы аяқтаса, Екпін Әбиев оның ішіндегі 8 үздік оқушыға «Отбасы банкінің» 100 мың теңгелік сыйлық сертификаттарын сыйлады. Олардың қатарында екі «Алтын белгі» және алты «Үздік аттестат» иегері бар. Кәсіпкер 2018 жылдан бері барлығы 63 баланың атына «Отбасы банкіндегі» арнайы шоттарына 6 млн теңгеден астам қаржы құйды.
«Қазіргі жас ұрпақ кеңестік кезеңде бір көрген қиындықты көрмесін деген ниетпен бастапқыда «Отбасы банкінде» тұрғын үй жинақ шотын ашып, балалардың атына қаржы аудара бастадым. Биыл «Отбасы банк» тағы бір жақсы жинақ – «AQYL» депозитін қолға алды. Түлектерге осындай депозит ашып, оған 100 мың теңге аударуды жөн санадым. Олардың басты «қаруы» - сапалы білім. Сол білімді алуда «AQYL» депозитінің әсері тиіп жатса, қуанамын», дейді ол.
Кәсіпкердің сертификаттарды табыстауы асып-тасығаннан емес, ұрпақтың қамын ойлағаннан болуы керек.
«Біріншіден, бұл істің тәрбиелік мәні бар деп есептеймін. Үздік оқушыларға мұндай сертификаттардың беріліп жатқанын көрген өзге оқушылар оларға қарап бой түзеп, озат болуға талпынады. Екіншіден, мектеп бітірген шәкірттерге аз да болсын көмек. Үшіншіден, сол арқылы басқа кәсіпкерлерге қолдан келгенше жастарға көмек көрсетейік деген ой тастау. Ел ағалары жұмылып, балаларға тірек болсақ, нұр үстіне нұр емес пе?! Оны орындауда «Отбасы банк» көп көмек көрсетіп отыр. «AQYL» депозиті аясында банктен 12% (ЖТСМ 12,9%-дан 13,1%-ға дейін), жыл соңында мемлекет тарапынан тағы 5% қосылады. Осындай мүмкіндік ата-аналарды аз-аздан ақша жинауға итермелейді», - дейді меценат.
Шот ашу жас талғамайды
Осы орайда талай түлектің жоғары білімді еш алаңсыз алуына жағдай жасап отырған «AQYL» депозиті туралы атап өткен жөн. Бұған дейін азаматтардың баспаналы болуы үшін қызмет көрсетіп келген «Отбасы банк» биылдан бастап балалардың білім алуына да көмектесуді қолға алды.
Мұндай шот ашу жас талғамайды. Оның айғағы – ақтаулық нәресте. Бірнеше апталық нәрестенің қазірдің өзінде «AQYL» депозиті бар. Жинақ шоттың ең кішкентай иесі мектеп тәмамдаған кезде оның есебінде қомақты сома жиналары сөзсіз. Таяуда ғана «Отбасы банк» арқылы пәтер алған жас отбасы осылайша сәбиінің келешегін де ойластырып отыр.
Ал Жаңаөзен қаласының 60 жастағы тұрғыны үш жасар немересінің қамын жасауға кірісті. «AQYL» депозитінің ең үлкен жастағы салымшысы үйдің кенжесі өскен кезде шоттағы қаржы оның жақсы білім алуына көмектеседі деген сенімде.
Білімге бағытталған жинақтау жүйесі көпбалалы отбасылардың тарапынан да сұранысқа ие болып жатыр. Мәселен, таяуда тараздық ерлі-зайыптылар рекорд орнатты. Үш қыз және бес ұл тәрбиелеп отырған отбасы олардың әрқайсысына білім депозитін ашты.
Жыл басынан бері ашылған депозиттерді талдасақ, балаларының қамын Алматы, Шымкент қалалары және Маңғыстау облысының ата-аналары көбірек ойлайтын сыңайлы. Олай дейтініміз, дәл осы өңірлерде депозиттер жиі ашылады.
«Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бүгінгі таңда «AQYL» депозитіндегі ең көп сома 2,4 млн теңгені құрайды.
«Енді біз отандастарымызға тұрғын үйге ғана емес, білім алуға қаражат үнемдеуге көмектесеміз. Мамыр-маусым айларында бұл жаңа өнімге деген сұраныс артты. Төрт айдың ішінде 17 мың, яғни күн сайын 150-ге жуық депозит ашылады. Демек, ата-аналар балаларының болашағына саналы түрде қарайды», дейді Ләззат Ибрагимова.
«AQYL» артықшылықтары
Білім беру депозиті басқаларға қарағанда әлдеқайда ұтымды. «AQYL» депозитін 3 немесе 5 жылға ашуға болады. Депозит кемінде үш жылға ашылса, жылдық пайыздық мөлшерлеме 12%-ға (ЖТСМ 12,9%-дан 13,1%-ға дейін), бес жылдық депозит мөлшерлемесі 9,5% (ЖТСМ 9,5%-дан 10,1%-ға дейін) тең болады. Оған қоса, мемлекет тарапынан қосымша сыйақы беріледі. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы және табысы төмен отбасылар балаларына ашылған депозиттерге жоғарыда аталған мөлшерлемеден бөлек мемлекет тарапынан 7%, салымшылардың барлық санатына 5% сыйақы есептеледі. Осылайша, банк қосқан сыйақы ай сайын капиталдандырылады. Бұл банк пайызы депозит сомасына қосылатындығын және келесі айда осы ақшаға жаңадан сыйақы есептелетінін білдіреді.
Депозиттің мерзімін, пайыздық мөлшерлемесі мен капиталдандырылуын ескерер болсақ, мұның барлығы жиынтық түрде қаражатты тиімді түрде еселей түседі. Оған мына мысал дәлел: үш жыл бойы ай сайын 20 мың теңгеден салсаңыз, өз салымдарыңызды есептемегенде «AQYL» депозитіндегі жинақтар шамамен 250 мың теңгені құрайды. Егер 10 жыл бойы ай сайын 20 мың теңгеден салсаңыз, өз салымдарыңызды есептемегенде депозиттегі қаражат шамамен 4 млн теңгеге жетеді. Кейін бұл қаражатпен отандық немесе шетелдік университетте оқу ақысын төлеуге болады.
Мұндай соманы жинау үшін қайтпек керек? Ол үшін Баспана маркет порталындағы (otbasybank.kz) оң жақ бұрышында орналасқан жеке кабинетте, банк бөлімшелерінде, банктің кеңес берушілері көмегімен, банк сайтында бейнеқоңырау қызметіне тапсырыс беру немесе «Otbasy bank lite» мобильді қосымшасы арқылы шот ашсаңыз жеткілікті. Байқағандарыңыздай, банк шот ашудың сан алуан түрін ұсынады. Ашқан кезде міндетті түрде бастапқы жарна салу керек. Ол 3 айлық есептік көрсеткішке, яғни 11 076 теңгеге тең. Ал одан кейін шотты қай уақытта, қандай сомаға толтыру қажет екенін салымшының өзі белгілейді. Атап өтер жайт, «Отбасы банкінде» ашылған «AQYL» депозитін Ұлттық қордан алған жинақтармен толтыруға болады. Биыл 18 жасқа толған балалар оны enpf-otbasy.kz платформасы арқылы аудара алады.
Мұндайда кейбір ата-аналардың көкейінде «Балам грантқа оқуға түссе жылдар бойы жинаған ақшам «жанып» кетпей ме?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Алайда алаңдаудың еш қажеті жоқ. Балаңыздың жолы болып, қалаған мамандығы бойынша жоғары білімді тегін алатын мүмкіндігі туса, жинақтау депозитін жауып, мемлекеттік сыйақымен бірге жинақ ақшаның бүкіл сомасын алуға болады. Сондай-ақ, шотты басқа балаға қайта ресімдеуге немесе магистратураға түсу мақсатында жинақтауды жалғастыруға болады. Демек, өзге де тиімді жолдары бар.
Сол сияқты «AQYL» депозиті мемлекет пен үшінші тұлғалардың өндіріп алуларынан қорғалған, яғни бұл шотты бұғаттау немесе одан қаражат алу мүмкін емес. Оған қоса, қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорында сақтандырылған. Осындай басым тұстарды ескере отырып, ата-аналар қазірден бастап-ақ балаларының болашағы үшін тірнектеп қаржы жинай берсе, артық болмас. Ол үшін аталған депозит өте оңтайлы жағдай жасап отыр.