• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Құқық 28 Маусым, 2024

Қылмысты сыни ойлау ашады

129 рет
көрсетілді

Криминалист – қылмыстық құрамы бар оқиға орынына басқадан бұрын жететін зерттеуші. Осы мамандардың кәсіби әрекеті, қырағылығы – күрмеулі қылмыстың түйінін тарқатудың алғышарты. Криминалистиканың қыр-сырын білмекке құмартушылар көп. 2008 жылдан бері құқық қорғау қызметінде, 2013 жылдан криминалистикада еңбек етіп жүрген Астана қаласы Есіл аудандық полиция бөлімнің майоры Ринат Мұқышев саланың сан қырын саралады.

Жұмыс күні басталысымен Астана қала­сы Есіл аудандық по­­ли­­ция департаментінің кри­ми­на­листика бөлімшесіне түр­лі дәрежедегі қылмысқа күдікті ­33 азамат жеткізілді. Түнгі ке­зек­шіліктен шыққан кримина­лист Р.Мұқышев әуелі кешегі күнді қорытындылады. Ендігі мақсат – қылмысты кім, қашан, тәуліктің қай мезетінде, қалай жасаға­нын анықтау. Қат-қабат шиеленіс­кен қылмысты ашудың ерте-кеші жоқ.

– Жайсыз жағдайға тап болған азаматтар оқиға туралы құзырлы органға қаншалықты тез хабарласа, оның сырын ашуға соншалықты жылдам көмектеседі. Мұндайда іле-шала оқиға орнына барып, қажетті аумақты қызылала лентамен белгілейміз. Бұл қылмыскердің аяқ-қол іздері бөгдемен араласып кетпеуі үшін қажет. Қоршалған орынға өзіміз де арнайы аяққап, қолғаппен кіреміз. Әр айғақты дәл сол сәтте суретке түсіріп, тіркейміз. Қазір технология дамыған заманда көп жер бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Аулалардағы, ғимаратқа кіре берістегі, үй-жайлардағы камераларды жіті тексеру нәтижесінде, күдікті тез қолға түсіп жатады. Сондықтан күрделі қылмыстың өзі тәулік ішінде айқындалады. Ал бейнебақылау құрылғысы жоқ жерлерден айғақтарды табуға тырысамыз. Сондай-ақ аяқ, қол ізі, алақан иісі алынады, – дейді Ринат Серікұлы.

Кримина­листер үшін қыл­мыскердің жымысқы әрекетін қолғап, бетперде киіп жүзеге асырғаны да кедергі емес.

– Әккі қыл­мыскерлер жеке басын жасы­ратын атрибуттарға жүгініп жатады. Оқи­ға осылай өр­біген жағдайда мамандардың да зерттеу тәсілдері өзгереді. Аяқ киім ізі ар­қылы адам­ның салмағы, бойы қанша екенін табаны тиген жердің ерекшелігіне қа­рай болжанады. Қыл­мыс орнынан табылған бар­лық аяқ киім іздері сараптамаға алынып, оның иелері куә ретінде тартылады. Мәсе­лен, үй тоналса, ол бір аптадан кейін хабар­ланса, сол уақыт аралығында үйге келген­дердің аяқ киім ізі алынып, салыстырылады. Белгілі адамдардың аяқ киімінен басқалары күдіктінің ізі ретінде қаралады. Аяқ киімнің іздері көп болуы қорқыныш тудырмайды, оның иелері анықталған сайын күдіктіге жетер жол қысқара түседі. Саусақ іздері де солай зерттеледі. Оқиға орнындағы із бен күдіктінің саусақ іздерінің сәйкестігін папилон аппараты анықтап береді, – деді криминалист.

Маманның айтуынша, оқиға болған үйдің көршілері келтірген дәйектер де көп ретте қылмыскерді ұстауға септеседі. Олардың сипаттауымен күдіктінің фото-роботы жасалады. Ал күдіктінің сұлбасы бейнебақылау камерасына іліккен жағдайда «Визирь» бағдарламасы күдіктінің бейнесін айқынырақ етуге қауқарлы.

Күдікті ұстаған әр затта ала­қан иісі қалады. Қолға түскен адамның исі оқиға орнынан алынған испен салыстырылады. Оның 100 пайыздық сәй­кес келуін одорологиялық, яғни иісті анықтайтын зертхана тексереді. Одорологиялық тәсіл, жоғалған адамды табу үшін де көп қолданылады. Бұл іске иісшіл иттер де тартылады. Мәселен, қылмыс жасалған орында күдіктіге тиесілі киім табылса, ол кинологиялық итке иіскетеді. Күдікті алысқа ұзап кетпесе, үйретілген иттерге қылмыскерді табу қиынға соқпайды.

«Қылмыс жасалған орындарда қол іздері аз болса криминалист фантазиясын іске қо­су керек. Күдіктінің орнында бол­ғанда не істер едім деп, сыни ойға берілемін. Оның әрекеттерін қайталап көріп, саусақ іздері қайда қалуы мүмкін екенін болжап, сол жерден саусақ ізін аламын. Осындай іс нәтижесінде бірнеше қылмысты аштық. Мәселен, асүйдегі тартпаны бәрі тұтқасынан ұстап жауып жатпайды. Тұтқаның жанынан итере салатындар бар. Ал дәл сол жерден саусақ ізі табылып қалады», деді криминалист.

Криминалистика – күрделі сала. Қызы­ғушылықпен бірге тәжірибені шыңдап оты­ру ма­ңызды. Бұл қызметте 10 жылдық тәжіри­­бесі бар Ринат Мұқышев  әріптестеріне «кеңе­сіп пішкен тон келте болмайтынын» тілге ­тиек етті.

«Криминалист болу үшін жоғары қы­зығушылық керек. Қызықсаң, қылмысты ашу, сол бағытта жұмыс істеу қиын емес. Біздің жұмыста бір оқиға күн сайын қай­таланбайды. Күнде алдымызға жаңа жұмбақ түседі. Құпияны ашуға ынтығып, қы­зығып тұрсаң бәрі оңай. Әрдайым әріптестің пікі­рін білу, оқиғаны талқылау, таразылау жұ­мысты жеңілдетеді. Ал кісі өлімі сынды ауыр қылмысты зерттеуге психологиялық тұрғыда дайындалып барамыз. Айналаның бәрі қан-жоса болса да салқын­қандылық сақтаймыз. Осы тұста, мына жайтқа назар аударғым келеді. Қылмыскерлер сілекей, қан, т.б. тамған орынды арнайы сұйықтық не сумен жуып тастап, із қалдырмағансиды. Алайда еден­дегі қан ДНҚ-сы мүлде өшпейді. Біз арнайы ұнтақтар арқылы қанды еден бетіне шығарамыз. Тәжірибемде киім-кешекті, айғақты жуып, белгісіз орынға лақтырып жіберсе де су өткізетін құбырдан ізді алып, сол арқылы қылмысты ашқан сәт болды», деді Ринат Серікұлы.

Асылында, Қылмыстық ко­дек­­сінде криминалиске істен бас тартуға мүмкіндік берілген. Алайда Ринат Серікұлы мен оның айналасындағы мамандар бұл ­же­ңіл­­дік­­­ке жүгінбейді. Олар үшін ­әр іс – адам тағдыры.