Кейінгі жылдарда маусым айында-ақ аспан айналып жерге түскендей аптап ыстық аңқамызды кептіріп жіберетін еді. Осы көктемдегі жауын-шашын, су-сөл ауа райына оң әсерін тигізді. Биыл даламыз сулы да нулы. Жердің көктеуі үзеңгі қағып тұр. Сояу өскен шөптен шөккен түйе көрінбейтіндей.
Тоқсан пайыз толып тұр
Көктемде қойма суға толмаса, күзде қамба дәнге толмайды. Су – ең бірінші ауызсуға, екінші егістікке қатысты мәселе екені екі бастан түсінікті жайт. «Алтын-күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» демекші, қазір судың бағасы алтының мен мұнайыңнан бағалы болмаса, арзан дүние емес. Ондай бағалы қордың сейфі – еліміздегі су қоймалары. Бөгендер, тоғандар және өзен, көлдер де сол қатарда. Биыл қоймамыз құтқа толы. Жалпы орташа есеппен еліміздегі су қоймалары тоқсан пайыз толып тұр деуге болады.
Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігінің маусым айының соңындағы дерегіне сүйенсек, Батыс Қазақстан облысындағы төрт ірі су қоймасы 91%, Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 97,4%, Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы 99,6%, Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 88,5%, Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы орташа деңгейі 92,6%, Абай облысында Шүлбі су қоймасы 91%, Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 99%, Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 88,6% толып тұр. Олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Су қоймаларына жиналған су ауылшаруашылығына жіберіледі.
Аралдың арнасы көтерілді
Естеріңізде болса, биыл көктемде ел ішінде «Тасқын судан Каспий теңізінің арнасы көтеріліпті» деген әңгіме тараған еді. Әйткенмен өңірдегі су шаруашылығы мамандары мұны жоққа шығарып, дақпырт екенін айтқан. Дей тұрғанмен бұл бір жағынан «тартылған теңіздің арнасы толса екен» деген тілектестіктен туған лепес тәрізді. Өйткені расында кейінгі жылдарда климаттық өзгерістердің салдарынан теңіздеріміз тартылып, су жағадан қашып бара жатыр еді. Бұл тек еліміздің ғана емес, ғаламдық проблема екені анық. Осы ретте, күні кеше Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми сайтында «Солтүстік Аралдың су көлемі ұлғайды: теңізге 1,1 млрд текше метр су келді» деген ақпаратты көзіміз шалып, көңіліміз өскені еді.
«2024 жылдың басынан Солтүстік Арал теңізіне 1,1 млрд текше метр су келді. Осылайша, бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 21,4 млрд текше метрге жетті. Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан кіретін Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағыны секундына кемінде 30 текше метр болады және 997 млн текше метр су жіберіледі деп келісті. Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр еді», дейді құзырлы орынның баспасөз қызметі.
Бұған дейін Солтүстік Аралды оңтүстіктен бөліп тұрған Көкарал бөгетінің құрылысы аяқталуына байланысты су деңгейінің көтерілуіне септігі тиген көрінеді.
«Бөгет пайдалануға берілгеннен бүгінгі күнге дейін Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне 46,6 млрд текше метр су келді. Ал кейінгі жеті жылда теңізге 13,3 млрд текше метр су құйылды. Су деңгейі түсіп кеткен Солтүстік Аралдың жағдайы 2024 жылдың басынан қайта түзеле бастады. Бүгінде су деңгейі 21,4 млрд текше метрге жетті», деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Сырдың суы сыр бермейді
Аралдың ахуалын айтқанда, Сырдарияға соқпай өте алмаймыз. Өйткені біздегі су мәселесінің бір ұшы үнемі көршілес елдермен байланысты. Мәселен, Сырдария өзенінің ағыны 75%-ы – Қырғызстанда,
20%-ы – Өзбекстанда, тек 5%-ы ғана еліміздің тарапынан қалыптасады екен.
Биыл сәуірден бастап Қызылорда облысының «Қазсушар» филиалы өңірдегі дихандарға (суармалы жерлерге) 1,25 млрд текше метр су беріпті. Бұл туралы филиал директоры Роллан Ахметов айтып берді.
«Қазір күріш алқабының 97%-ы сумен қамтылды. Сырдария өзенінің төменгі ағысына Шардара су қоймасынан келетін су көлемінің ұлғаюынан Қызылорда облысында суару кезеңі жоспарға сай өтіп жатыр» дейді ол.
Сондай-ақ ол бүгінде Қызылорда облысының «Қазсушар» филиалы аймақтағы 866 шаруасымен 123,7 мың гектар егіс алқабын суаруға 2,86 млрд текше метр су беру жөнінде келісімшартқа отырғанын айтады.
«Өңірде жалпы ұзындығы 73,4 шақырым болатын 22 арна механикалық әдіспен тазаланып, 19 гидротехникалық құрылыс пен 15 гидробекетке жөндеу-реконструкциялау жұмыстары жүргізілді», дейді Р.Ахметов
Шу мен Талас
Бұл аз десеңіз, тағы бір жағымды жаңалықты айта кетейік. Мәселен, биыл суару маусымында еліміз Қырғыз Республикасынан 560 млн текше метрден астам су алатын болды. Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр, ал Талас өзенімен 380 млн текше метр су жеткізілмек.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов құрамына қос мемлекеттің өкілдері кіретін Шу – Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-отырысында тиісті келісімге қол жеткізді. Келісім барысында тараптар Шу және Талас өзендеріндегі су шаруашылығы нысандарын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының түрлері мен көлемі туралы да мәміле жасасты.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстанның су министрлері елімізге «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 922 млн текше метр су беру жөнінде мәміле жасаған еді.
«Халықаралық ынтымақтастық – біздің министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Суару кезеңіне дайындық барысында еліміздің оңтүстігіндегі шаруаларды судың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге ауқымды жұмыс атқарылды, көрші мемлекеттермен маңызды келіссөздер жүргізілді. Қазір Қырғызстанның су ресурстары министрлігінің басшылығымен маусымның үшінші онкүндігінен бастап Шу және Талас өзендері арқылы су беруді ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазіргі уақытта қырғыз әріптестерімізбен бірлесіп су беру кестесін ұлғайту бағытында түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Нұржан Нұржігітов.
Су шаруашылығы және мелиорация министрі болған белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбаевтан сұрап көрген едік, ол кісі де биылғы су қорының мол жиналғанын байлыққа балайтынын былайша айтты: «Суармалы жер деген бар. Оған әртүрлі керек нәрсе егеміз. Температура бар, жер құнарлы. Ең бастысы, оған кәсіптенген маман қажет. Мысалы, Түркістан өңірінде мақташылар, Қызылордада күрішшілер, Талдықорғанда қант қызылшасы, Жаркентте жүгері егушілер Атырауда балықшылар, Қостанайда астық өсірушілер, Шығыс жақта бұғы өсірушілер сол секілді әр жерде кәсіптенген мамандар бар. Екінші шабындық жер бар. Оны осы қардың суымен суаратын едік. Қазір бұлардың жағдайы қалай, бұрынғы жүйесі сақталып тұр ма дегенді айту қиын. Әйтпесе мұндай мол судың пайда болғанына мен су маманы ретінде қуанамын. Су келген сайын жер көгереді және жер тазарады. Ал елді мекендер мен жолдары су шайып кетсе, ол мамандардың, осыған қатысты мекемелердің бірінші сауатсыздығы, екінші жауапсыздығы. Суда кінә жоқ, ол өз жолымен кетіп барады. Оны басқару, тиімді пайдалану адамға байланысты».
Судың жайын сұрасыңыз – осы. Мол ырыс ысырап болмаса игі. Әзірге ешкімге шелек алып, су сұрайтындай жағдайда емеспіз.