• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Туризм 29 Маусым, 2024

Тау туризмі дамып келеді

226 рет
көрсетілді

Тәңіртаудың таңдай қақтырар тамаша табиғаты отандық туризмнің қайнар көзіне айналып, шекаралы аймақта заманауи демалыс нысандарының кең қанат жайып, жұмысын жандандыруына зор ықпал етуде. Жаз маусымы басталғалы қаланың аптап ыстығы мен құлақ тұндырар шуынан бой тасалап, таулы өңірге ағылатын демалушылар қатары жылдан жылға көбейіп, туристік нысандардың танымалдылығын арттыруда. Соның нәтижесінде өңірде туризм саласы қарқынды дамып келеді.

Алматы облысының Райымбек ауданын бетке алған туристердің «Шоғансай», «Хантәңірі» мен «Ақ көл» деп аталатын атақты демалыс орындарын көрмегендері кемде-кем. Мұндағы қарағайлы шатқалдар мен көз жауын алатын мың түрлі өсімдіктер адам жанын рахат сезімге бөлері сөзсіз. Сондықтан ауданның кәсіпкерлері алыс-жақыннан келетін туристерге қазақы қонақжайлылық пен сұранысқа сай сервистік қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға ұмтылуда. Көкпен таласқан қара­ғайлы таулардың арасында тігілген ақбоз үйлерде сары қымыз сапырып, ыстық бауырсақ ұсынудан бас­талатын қызмет түрлері түрленіп, табан тіреген туристер табиғаттың көркем көрінісін қызықтаумен қатар, ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, әдет-ғұрпымызды та­нуы­на мүкіндік жасалған. Бұл қадам отандық туризмді ілгерілетуге мол мүмкіндік беруде.

«Шоғансай» экотуризм ор­та­л­ығы туристік әлеуетін арт­тыруға 300 млн теңге көлемінде инвестиция салып отыр. Кәсіптің алға жылжуының арқасында 20-ға таяу ауыл тұрғындары тұрақ­ты жұмыспен қамтылып, аудан бюджетіне 1 млн теңгеге жуық салық құйылды. Бұл ауы­­лы­мыз­дың әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуына оң серпін беріп, кәсіпкерліктің кеңеюіне ықпал етуде», дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Роман Қойлыбаев.

Өңірде 30 жылдан астам уақыт үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан экоорталықтың жетекшісі Сәрсенхан Берікбаева туып-өскен өлкесінің тау-тасы мен қарағай-шыршасын, саф ауа, мөлдір суын туризм көзіне айналдыруда табандылық танытып келеді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары осы жерге келіп, үй тігіп, кішігірім шаруашылықпен ай­налыстық. 2007 жылдан бастап, жерді жалға алып, 2 қазақ үй тігіп, кісі күтіп, табыс табудың не­гізі қалана бастады. Одан кейінгі 7 жылдықта жарық тартылып, ағаштан қонақүй салы­нып, тамақтану орны жасалып, біртіндеп дами бастаған туристік орталығымызға келушілер қатары жыл өткен сайын көбейіп, бұл саладағы тәжірибемізді шыңдай түсті. Отандық туризмді дамытуға Мемлекет басшысы да баса назар аударып, жергілікті биліктің қол­дау білдіруінің арқасында ісі­міз ілгерілеп, жырақта болсақ та бәсе­келестікте бәсіміз жоғары болуына бар күш-жігерімізді, біліктілігімізді жұмылдырудамыз. Нәтижесінде, биылғы жылы бір мезетте 90 адамды қабылдауға қауқарлы заманауи үлгідегі қонақүй тұрғызып, пай­далануға берілді. Таулы аймаққа кел­ген туристер енді жайлы да жарық бөлмелерге орналасып, алаң­сыз тынығуына болады», дейді кәсіпкер Сәрсенхан апа.

Айтқанындай-ақ Алматы қа­ла­сынан 360 шақырым қа­шық­тықтағы тау қойнауында орналасқан «Шоғансай – Әлішер» жауапкершілігі шектеулі с­ерік­тестігінің экотуризмге ар­налған демалыс орны биыл жа­ңаша сипатқа ие болуымен ерекшеленеді. Онда жайлы қонақүйлер бой кө­теріп, жаз маусымына арнал­ған қазақ үйлер тігіліп, кең де жарық тамақтану орындары жұ­мысын бастаған. Ең бастысы, денсаулығын нығайтуды көздеген демалушыларға «Саумал терапиясы» мен ұлттық тағам түрлері ұсынылады.

Сонымен қатар тау бөкте­ріндегі демалыс орнында заманауи монша мен бассейн барына бірі сенер, бірі сенбесі анық. Ал демалысын қызықты өткізуді діттеген жандарға бильярд, шахмат, нарда ойнауға арналған ойын залдары жасақталған. Бұл өңірге келген туристердің басты арманы – атақты Хантәңірі шыңын көруі үшін атпен және жол талғамайтын көлікпен қарсы беттегі тауға шығып, тамашалауын ұйымдастыруы экоор­талықтың ұтқырлығы болып табылады.

Туристік орталық басшысы Сәрсенхан апаның айтуынша, аталған демалыс орнына еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келетін тұ­рақты демалушылар көп көрінеді.

 

Алматы облысы