Биылғы түлектердің бірі Ислам Әбдірахманов БАӘ, АҚШ, Англия, Польша, Малайзия, Швейцария мемлекеттерінің университетінен шақырту алды.
Түркістан «Білім-инновация» лицейінің оқушысы бұл жетістікке бірден жетпеген. 7-сыныпқа қадам басқалы, ол өзін түрлі бағыттарда сынға салып, бірнеше жетістікке қол жеткізген.
«Жоғары сыныптарда интеллектуалды жарыстарға қызыға бастадым. Олардың ішінде шахматқа ерекше назарым ауды. Нәтижесінде, облыстық деңгейде өткен түрлі байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. Ал 8-сыныпта ІТ саласын меңгере бастадым. Республикалық деңгейде өткен «Hackathon» атты сайыстан алтын медальды жеңіп алдым. Осы іс-шарадан алған тәжірибем «Қазақстан білім олимпиадасынан» бірінші орын алуыма себепкер болды», дейді зерек жігіт.
Бұл жетістіктер мен ізденістер 11-сыныпқа келгенде өз нәтижесін берді.
Жоғары оқу орнына түсуді мақсат тұтқан ол ең әуелі ағылшын тілінен IELTS емтиханын тапсырады. Содан соң талапкер мамандығына қатысты әлемнің үздік деген университеттерінің емтиханынан өтіп, құжаттарын ұсынады. Нәтижесінде, Исламның электронды поштасына 40-тан астам жоғары оқу орнынан шақырту келеді. «Қазір АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында орналасқан «North American University (NAU)» оқу орнын таңдап отырмын. Бизнес-финанс мамандығын меңгерсем деймін», дейді ол.
Шетелде білім алып, кейін Отанына үлкен тәжірибемен, білім азығымен оралып, пайда әкелуге жетелейтін бұл мүмкіндік Исламның бес жылдық еңбек пен ізгі ниетінің жемісі сыңайлы. Шетелдік шақыртулардан рекорд орнатқан жас жеткіншекке біз де ақ жол тілейміз!