Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы халықтың қолдауына ие болып, қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Ауыл-аймақпен бірге курортты өңірдің сұлу табиғат аясы да тіршіліктің шаң-тозаңынан арылып, сұлудай сыланған бұла күйін қайта тапқандай.
Көгілдір Көкшенің үзіліп түскен моншақтай құнарлы, кескіні келісті өңірі «Көкшетау» ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің аумағында. Акция аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мұқият тазаланып, бастапқы балғын күйіне көшкендей.
– Бағалы бастама өте орынды, – дейді табиғи паркінің бас директоры Ербол Сағдиев. – Елдің қолдауына ие болып отырған бұл іс жүйелі әрі тұрақты атқарылуы керек. Ұлттық парк облыс орталығындағы №17 мектеп-гимназиясымен стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта мектеп-гимназияға экологиялық-ағарту әрекеттерін өткізу, тарихи-мәдени мұра нысандарымен бірге табиғи ескерткіштердің төл тарихымен таныстыру бағытында кешенді жұмыс өткізілмек.
Осы меморандум шеңберінде мектеп-гимназияның оқушылары үшін қызықты экскурсиялар, туристік шерулер өткізу жоспарланған. Мектеп орманшылығының жұмысына, ғылыми конференция мен семинарларға қатысуға қолдау жасалып, бұл жұмыс үш жыл бойы жүргізілетін болады.
Бір ғана білім ошағында емес, жалпы жұртшылық арасында осындай жұмыс қолға алынбақ. Ұлттық табиғи парктің мамандары оқушылар мен табиғат тақырыбындағы тағылымды әңгімелер өткізіп, әртүрлі викторина ұйымдастырмақ. Осылайша, экология мәселесі желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына сіңірілсе, төл табиғатымыздың ай нұрлы ару сипаты кемшіліксіз болары анық.
Ұлттық парк қызметкерлері тағылымдық мәні мол бейнефильмдерді көрсете отырып, парк аумағындағы табиғи ескерткіштердің тарихымен таныстырмақ. Осы тақырыпты қаузайтын әрқилы әдебиеттерді де үлестіруді жоспарлап отыр. Жас толқынға ұсынатын ақпарат та аз емес екен. Мәселен, «Құстар күні» акциясын өткізу барысында туған өлкеде сирек кездесетін құстардың түрлері туралы әсерлі әңгіме айтылады. Елді мекендерде құс ұяларын орнату жұмыстары қолға алынады. Алғашқы бетте 300-ге жуық ұя орнатылыпты. Табиғат жанашырлары бұл іске белсене қатысқан. Қатысушылар саны 200-ге жуық.
Сәуір айында парк аумағында «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы ұйымдастырылған. Негізгі мақсаты – орман байлығын еселеу әрі сақтау. Парктің Арықбалық филиалының «Қарауыл төбе» орманшылығының аумағында мектеп оқушыларымен, аудан тұрғындарымен бірлесе отырып, кәдімгі қарағай көшеттері отырғызылды. Зеренді ауылдық округінің аумағында төрт мың дана қарағай көшеттері орналастырылды. Бұл іске Зеренді ауылдық округіне қарасты елді мекендердің тұрғындары білек сыбана кірісті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Айыртау филиалына қарасты дендропарк аумағында арша көшеттері егілсе, аудан мектептерінің жер телімдеріне кәдімгі қарағай көшеттері отырғызылды. Іс-шараға ауылдық округ қызметкерлері, мектеп оқушылары, интернат тәрбиеленушілері белсене қатысты. Дендропарк аумағында сенбілік ұйымдастырылды. Шалқар филиалы кеңсесінің аумағында, Ақан сері атындағы орманшылықта көшеттер егілді.
Ендігі бірауыз толтырып айтатын іс-шара – «Таза жағалау» акциясы. Акция шеңберінде Зеренді, Имантау және Шалқар көлдерінің жағалаулары мұнтаздай етіп тазаланып, қоқыстан арылды. Айыртау филиалының аумағындағы Құмдыкөл мен Ақбас көлдерінің жағалаулары жинастырылып, бітеліп қалған бұлақ көздері ашылды. Ел табиғатқа қамқор пейілмен қарайды екен. Осы бір игілікті шаруаға 328 адам қатысып, өздерінің жүрек қалауын білдірді. Осы күні 5,5 тонна қоқыс жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
– Айыртау филиалында мемлекеттік инспекторлар ауданның барлық білім ошақтарында кездесу өткізіп, төл тарихымыздың сұлу бейнесін келер ұрпақтың еншісі ретінде сақтап қалу туралы тағылымды әңгіме жүргізді, – дейді Ербол Болатұлы. – Әсіресе «Табиғат білімпаздары», «Құстар күні» тақырыбындағы ашық сабақтар мен викториналарға қызығушылық көп болды. Жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген жанашырлық бар екен. Біз соған қуандық.
«Таза жағалау» экологиялық акциясына табиғат жанашырлары ынтамен қатысты. 150-ге жуық мұғалім мен оқушы құс ұяларын дайындап, көшет отырғызып, қолғабысын тигізді. Ашық аспан астындағы табиғат мұражайларына экскурсия ұйымдастырды. Осылайша, жас ұрпақтың бойында табиғатты күту, оған жанашырлықпен қарау тәрізді ізгілікті сезім нәрлері сіңірілді.
Зеренді филиалының аумағында «Құстардың пайдасы», «Парктер шеруінің тарихы» тәрізді шаралар ұйымдастырылды. «Әр құстың өз ұясы және жем астауы» тақырыбында бірнеше шара қолға алынды. Красный Кардон ауылының аумағында оқушылар қолымен жасалған құс ұялары ілінді. Мектеп оқушыларының «Визит» орталығы экскурсиялар ұйымдастырды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында осы ауылдың орта мектеп оқушыларының қатысуымен бұлақ жағалауында сенбілік жасады. Сенбілікке елуге жуық оқушы қатысты. Ең пайдалысы, көзі бітеліп қалған бұлақтар аршылып, таза, мөлдір су шөліркеген даланың шөлін қандыруға асыққандай бұлқынып аға бастады.
– Парк аумағына жыл сайын елу мыңнан аса демалушы келеді, – дейді парктің бас директоры Ербол Сағдиев. – Бір әттеген-айы, осы көркем табиғаттың жомарттығын жақсы көретін адамдардың бәрі бірдей ұқыпты емес. Орман ішінде, көл жағалауларында қоқыс көп қалады. Міне, сондықтан «Таза жағалау» акциясын жиі өткізуге тырысамыз. Шынтуайтында, дұрыс сөндірілмеген бір тал темекінің өзі қауіп төндіреді емес пе? Адамдар табиғатқа тағылық жасамауы керек. Өйткені бұл байлық – біздің ғана пешенемізге жазылған дүние емес, келер ұрпақтың кәдесіне асатын жалпы құндылық.
Өскелең ұрпақтың туған елдің тамаша табиғатына қамқор болып, қолұшын беріп жатқандығы ғажап көрініс. Еліміздің барлық табиғат жанашырларының ынта-ықыласын бір арнада тоғыстырған «Таза Қазақстан» акциясының төл міндеті де осы.
Ақмола облысы